Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмның қасиеті

Құмның қасиеті



   Жаз жетсе, шағыл құмда шұбырған біздің ауылдың балғындары күн суыған күзде үйге бір-ақ кіретін. Ер балалардың жаздық іш киім мен сырт киімнің қызметін бірдей атқаратын келте балақ қаракөк түсті шортысы түсініксіз ашық реңге айналса, қыздар киген алықызыл көйлектің басқы кейпін топшылаудың өзі қиынға соғатын. Барлық үйдегі кішкентайлардың жейтін астары да бірегей. Бір кесім май жағылған нан. Айырмасы – кейбірінің бетіне ұнтақ қант себілсе, кейбіріне себілмейді. Ондайда баланың екінші қолында қазанға ерітіп, қатырып, арнайы шербет сынды күйге келтірілген шекердің бөлігі болады. Балалықтың бал дәміне баланатын бұл астың тағы бір табиғи қоспасы бар. Ол – құм қиыршықтары еді. Бір ғажабы, солардың арасынан жұқпалы ауруға тап болып, не жара жарақаттары денесін меңдегендерді көре алмайсың. Жазатайым жығылып қалып, аяқ-қолыңды сырып, жырып кеткен жағдайда көмекке келетін де осы құм. Тосын жайға кезіккен бала көз жасына ерік беріп, жылап жатса, арада аз уақыт өтісімен, топтастарына қайта қосылып кетеді.
  Ауылдағылар сирек ұшырайтын жайттың бірі – итке талану. Әдетте ауыл иттері шарбақ күзетуге емес, аңшылық, саятшылыққа машықтанады. Текті төбеттер адам қаппайды. Сондықтан да шарбаққа ит байлайтындар аз. Ал, бір ит сені қапты делік, онда өзге көршінің төрт аяқтылары да қосыла үріп, алғашқысына «топтық қолдау» көрсетеді. Ит тістеген орын тез жазылмайды. Оған да біздегілер әлгіндегі құралды қолданады.
  Топырақтың да түрлісі болады. Соның бірі саз балшықты жерде қалыптасатын кесек. Оларға тәуелділер дүниенің барлық жерінде кездесетін көрінеді. Кесек жеуді ғылымда “геофагия” дейді. Деректерге зер салсақ, африкалықтардың 80 проценті әлі күнге дейін құрамында топырағы бар тағам жесе, Индонезияның Табан ауылында топырақты құрылыс материалына ғана емес, тіске басар шикізат ретінде қолданады екен. Олар алдымен топырақты ұрғылап ұнтап, содан соң нығыздап қалыпқа салып күйдіреді. Бұл әдіс “ампо” деп аталады. Дәстүрлі ұғымда жергілікті жұрт арасында қара топырақ ауруды басады, аяғы ауыр әйелдерге пайдалы, егер оны келіншек жесе, болашақ нәрестенің бет-әлпеті әдемі болады деген түсінік бар.
  Мамандар мұның сырын топырақтың құрамында болатын кремний, темір, цинк, калций секілді химиялық микроэлементтерге өте бай екендігімен, ал оны көп тұтынатын адамдар бойында осы дәрумендер жеткіліксіздігімен байланыстырады. Соңғы зерттеулер топырақ адамның ішек құрылымын жақсартатынын дәлелдеген. Олардың айтуынша, асқазанға түскен топырақ түрлі паразиттерден қорғайды екен. Себебі, оның құрамында адам ағзасына пайдалы заттар молынан кезігеді. Десе де бұл топырақты тағам ретінде тұтыну дұрыс дегенді білдірмейді.
  Алыс қалған ауылдағы балалық шақта жердегі құм бетіне өзімізге ұнаған суретті салып, түрлі үйінді, кескіндер жасайтынбыз. Қазіргі ғылым оны негіздендірді. Шетелдік озық жаңалық болып қайта оралған «Топырақ терапиясына» жүгінетін ата-аналар қатары күн санап артып келеді.
  Құммен ойынның озықтығы туралы 1929 жылы Англияның педи¬атры Маргарет Ловенфельд жазып қалдырған. Ловенфельд төл техникасына «Әлемнің құрылуы» деген атау берген.
   Бұл туралы кәсіби маман Гүлжазира Асанқызының пікіріне зер салдық.
– Алғаш бұл техниканы бағдарламаға енгізіп, қолданысқа түсіргенімізде көпшілік емдік қасиетіне сенімсіздікпен қарады. Құм – табиғаттың ерекше сыйы. Қарапайым мысал, адам өзінің саусақтарының ұшымен ұстаған кезде шексіздікті сезінеді. Сондай-ақ бойдағы жағымсыз психикалық энергиядан тазартып, эмоционалды жағдайын қалпына келтіреді. Құммен жұмыс істеу барысында, әсіресе, түрлі ауруларға шалдыққан, дамуында кешеуілдік бар балалардың ұсақ қол маторикасы және эмоционалды сферасы дамып, дәріге зәруліктен айырады.
Әдістің бұл түрі өте қарапайым. Ерекшелігі, үлкендер мен балалардан ешқандай алдын ала дайындықты қажет етпейді. Тәжірибеде көргеніміздей, зерттеу жүргізілген оқушылардың барлығы риза болып, жұмысты аяқтағылары келмеді. Нәтиже деген осы.
Алтынай Оспан,ата-ана:
  – Тұңғыш перзентіме аяғым ауыр кезінде тұмауратып, соның әсерінен балам өте әлсіз болып туылды. Бір жасқа жақындаған кезде отырса, бір жарым жастан асқанда қаз басты. Бірақ буындары, тіндері өте әлсіз болатын. Ойынға да, тамаққа да құлықсыз. Басқа балаларға қарағанда қызығушылығы да төмен екенін байқайтынмын. Анаға баланың саулығынан маңызды нәрсе болушы ма еді. Заманауи медициналық түрлі ем-шара, дәстүрлі емдеудің де бірнеше түрін қабылдағаныммен, көмегі болмады.
  Бір жолы тәжірибелі балалар дәрігерінің біріне барғанымда, маған еш алаңдаудың қажеті жоғын айтты. Себебін сұрағанымда «Қашан топыраққа табаны тиеді, балаң сонда оңалады. Буындары да қатаяды, тамақ алысы да жақсарады» дегенді айтты. Көктем шығып, күн жылысымен, аулаға топырақ төктіріп, күзге дейін баламды сонда ойнаттым. Айтқандай, өз нәтижесін берді.
   Бұндай мысалды Қарағанды қаласында тұратын әпкемнен де естігенім бар еді. Ол көк шөпке аллергиясы бар баласымен үнемі ауруханада жатады. Бір жолы Қазалының ауылында тұратын ата-анасына жазда қыдырып келіп, аз уақыт болады. Кері қайтқан соң, баласын тексертуіге барғанында, дәрігерге қандай ем қабылдағанын сұрап, өскіннің ауруынан біраз айыққанын айтыпты.
  Ем-домның бұл түрін халқымыз ежелден білген. Ел арасында «құмның піскен кезі» деп аталатын шілде мен тамыз айы аралығындағы уақытта топыраққа денені «көму» тері, ісік ауруларынан арылтып, бойдағы салқынды алуға септігін тигізетінін көбіміз ескере бермейміз.
Осындай сырқатымды алыстағы жер жазады деп, шетелдерге сабылмай, туған табиғатымыздағы тұмса емнің шипасы мен қадір-қасиетін бағамдасақ, ұтатынымыз көп болар еді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
03 маусым 2019 ж. 2 203 0