Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасындай жарқ еткен ғұмыр

Жасындай жарқ еткен ғұмыр


Бүгін – исі қазақтың мақтанышына айналған боксшы, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі "Барыс" орденінің иегері Бекзат Саттархановтың туған күні. Батыр ұлдың көзі тірі болғанда 39 жасқа толар еді... "Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!" деп атой салған боксшының ғұмыры қысқа болды. Бәлкім, көзі тірі болғанда өзі мақсат тұтқан Олимпиаданың үш алтынын ұтар ма еді, кім білсін?! Қыршын ғұмыр... Бекзат Саттарханов қазақ спортшыларын құрметтеді, мақтан тұтты. Серік Қонақбаевты спорттағы пірі санады. Оны басылым беттеріне берген сұқбаттарынан аңғаруға болады. "Әуел бастан-ақ техникалық әдіс-айласы, сұлу қимылы шөліңді қандыратын саңлақ боксшы Серік Қонақбаевты өзімнің спорттағы пірім санадым". Бекзат бір кездері шаршы алаңдағы өнеріне тамсанған боксшылармен Олимпиадаға бару үшін барын салды. Аға буынның аялы алақанын сезінді. Оның спортқа келуіне де қазақ боксшыларының рухани ықпалы зор болды.
Ал бүгінде Бекзатқа еліктеген буын өкілдері алғашқы белестерін бағындырып үлгерді... "1995 жылы теледидардан қазақтың былғары қолғап шеберлері Ермахан Ыбырайымов, Қанат Шағатаев, Болат Жұмаділов, Нұржан Смановтай ағаларымның рингтегі өнерлерін тамашалап отырып, бір ой келген. Ол – "неге маған осындай саңлақтардың жолын қумасқа" дейтін ой болатын. Ұлы Абай "болмасаң да ұқсап бақ" деген ғой, Содан, осы 1995 жылғы қарашаның тоғызыншы жұлдызында бокс үйірмесінің табалдырығын аттадым. Бұл күн – менің ғұмыр жылнамамдағы алтынмен жазылған тарихтың бір парағы еді". 20 жасында Олимп шыңын бағындырған ұл дініне берік болды. Өз жеңістерінің бәріне Алланың қалауы, Жаратқанның жебеуімен жеткеніне ол кәміл сенімді еді.
Бұл шынында да солай болатын. "Құдайға қатты сенемін. Қол жеткізген атақ-даңқтың барлығы, алдымен Алланың назары ауғаны, ата-бабаларымның аруағы желеп-жебегені деп бағалаймын. Ішімдіктен аулақпын. Мешітке жиі барамын. Алла жазса, тұрақты түрде намазға жығылсам деген ниетім бар… Сиднейге аттанарда бар ынта-ықыласымды дайындыққа арнасам, осы уақыттар ішінде жаратушы Аллаға да жалбарынумен болдым. Жаппар Аллам дем беріп, оған тыңғылықты әзірлігім серіктесіп, қос пырағым мені заңғар тұғырға алып шықты. Аллаға сенім білдіргендердің жаман болмайтынына көзім жетіп келеді…". Бұл Бекзаттың риясыз бір шындығы еді. Сидней Олимпиадасы кезінде де аузынан Алласын, кеудедегі жеңіске деген жігерді бір сәт ұмытқан емес. "Аустралияға аттанарда Түркістандағы өзім оқыған мектептің директоры қасиетті Құран кітабын тарту етті. Сол кітап Сиднейде жатсам да, тұрсам да жанымда болды". Жасындай жарқ еткен боксшы туған жерінің қасиетін жоғары бағалады, жанындай жақсы көрді. Қасиетті Түркістан, әулие баба Қожа Ахмет Бекзаттың азамат болып қалыптасуына игі әсерін тигізді. Ал өзінің осында туғанын Алланың маған берген сыйы деп білді. "Мен туған жерім Түркістанды кие тұтамын. Қасиетті жерде туып-өсу маған Алланың берген бақыты шығар". Бекзат Сиднейде жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салды. Өзіне деген сенімін бір сәт те жоғалтпай, ел намысын, ер намысын бәрінен биік қойды. Олимпиада алдында "Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер…" - деген ұл ел үмітін ақтады. Жасыл құрлықта қазақ елінің Туын биікте қалқытып, Әнұранын шарықтатты. Ал "Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын!" - деген мақсаты Бекзаттың маңдайына жазылмаған екен... Амал қанша?! 

Massaget.kz
04 сәуір 2019 ж. 959 0