Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙЫРПЛАННАН ТҮСІП ҚАЛҒАН БІР ҚАП АҚША...

АЙЫРПЛАННАН ТҮСІП ҚАЛҒАН БІР ҚАП АҚША...


«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген ел арасында
сөз бар, сіз бұған қалай қарайсыз, оқырман?
Ақша туралы аңыз көп. Тайпалық дәуірде халықтардың ішкі және сыртқы сауда-саттықтағы қажетін тауар өтеген. Құн төлеуге де солар пайдаланылған. Айталық, грек, рим, славян, монғол және қыпшақтарда – мал, Русь пен Скандинавияда – аң терісі, Қытайда – шәй, Абиссинияда – тұз ақша рөлін атқарды. Кейін тауар өндірісі мен оның айналымының дамуы нәтижесінде ақша рөлі түрлі металдарға ауысты.
Біздің заманымыздан бұрынғы үшінші ғасырдағы ғұндар (хуннулар) ақша орнына күміс пышақты пайдаланып, біздің заманымыздағы бірінші ғасырда салық орнына алтын, күміс құймаларды қабылдады. VI-VIII ғасырларда Дешті Қыпшақ елінде билеуші рулардың таңбалары бейнеленген теңгелер құйылды. XVII ғасырдың басында қазақ хандарының атымен өндірілген мыс ақшалар пайда болды.
Қазақ елінің ұлттық валютасы – теңге. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 Жарлығымен теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізіліп, ел аумағындағы бiрден-бiр заңды төлем құралына айналды.
Ақша туралы ел арасында айтылып жүрген наным-сенімдер де аз емес. Кейбір болжам бойынша, ақша жансыз қағаз болып көрінгенімен, оның сезімталдық қасиеті бар көрінеді. Бизнес сабақтарын жүргізуші көптеген мамандар ақшаның физикалық дене еместігін дәлелдеп, оның бойында қызбалық, сезімталдық қасиеттердің барын айтады. Олардың түсінігінше, «қағаз купьюр мен металл тиындар (ақшалар) өздерін қадірлеп, қастерлеп, аялағанды жақсы көреді-міс. Әдемі де сәнді әмиянда салынған ақша сол жерден шыққысы келмейді-міс. Қолға ақша тұрақтамаса, кінәні өзгеден емес, ақшаны қадірлей алмаған өзінен іздеген жөн дейді олар.
Ақшаға байланысты мұндай болжамдарға сенсек, қалтаңызда ақшаны умаждап, жыртып, майыстырып ұстамаңыз. Онда қаржыдан тапшылық көресіз. Ал, «ақша жоқ» деп жылай беретіндердің тиыны теңгені құрамай, қанша ақша тапса да құмға сіңген судай жоғалады. Яғни, жоқ десең, жоқ болады. Байырғы қазақ қарияларының «Қанша айлық алсаң да құдайға шүкір, жеткілікті деп айт, берекесімен берсін», «Байлық пен мансап қолдың кірі» деп айтып отыратыны бекер емес сияқты.
Халқымызда ақшаның құны мен қасиетін білдіретін қанатты сөздер де жетерлік. «Мал – баққанға, ақша – адалдан тапқанға бітеді», «Ақша туралы арам ой да – зиян», «Алаған қолым – береген», «Үстемелеп берсеңіз, үстемелеп аласыз», «Қайырымдылықпен айналыссаңыз, шығынның қайтарымы мол болады», «Басы артық дүниеңізді басқаларға беріңіз. Алғысы ақша болып қайтады», «Жанашырлық жасағанды Жаратқан Ием жарылқайды», «Фәнидегі басты парызың – қайырым, садақа. Оны ұмытсаң, өзің де ұмытыласың», «Адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа». Осылай болып кете береді.
Ел арасында бұрыннан айтылып жүрген «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейтін мақал бар. Түбі қазақтікі емес, тек қазақшаланған. Осы мақал туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікір бар. Бұл мақал туралы хакім Абай: «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны», – деп айтыпты 29-қара сөзінде.
Тағы біреулер: «Мүмкін, кейбір адамдар болады ғой, дүниеқоңыз, ақша десе бәріне дайын тұратын, бәлкім соларға айтылған болар», – дейді... Меніңше, керісінше, дүниеқоңыздық жолға түскендердің шығарғаны бұл. Олай деп кесіп айтуымның себебі ілгеріректе, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде, мұсылман әлемінде діни-танымдық сананы жаңғыртуға өзіндік үлес қосқан Құран Кәрімді аударушылардың бірі Халифа Алтай қажымен сұхбат жүргізгенім бар. Ол уақытта Қазақ радиосының «Шалқар» арнасында қызмет ететінмін. Орайы келгенде әлгі мақалдың мағынасын айтып беруін өтіндім. Бір жөткірініп алды да: « Е-е, ол бұрмаланып айтылған жаңсақ сөз. Періште еш нәрсеге зәру де, мұқтаж да емес. Ол Алла Тағаланың бұйрығын ғана орындаушы. Оған алтынның, басқа да пенделік дүниенің еш қажеті жоқ... Періште келе жатқанда жолында алтын жатыпты. Алтыннан бойын аулақ ұстау үшін жүріп келе жатқан жолынан тайып, бағытын өзгертіпті. Осы оқиғаның мағынасын түсінбеушілер «періште алтын көріп, жолдан тайыпты» деп, дүниеқоңыздық тұрғыда ұғынса керек...» – деген. Бұл енді ақылға келеді.
Ақша туралы өлең, жырлар да жазылған.
«Шіркін, ақша,
Жолда жатса,­
Бұрмас па едің мойныңды!
Төніп барып,
Уыстап салып
Толтырмас па ең қойныңды!
Жүрек ойнап, лүпілдеп,
Жетсең үйге бүлкілдеп!» – деп басталатын қайсар ақын Қасымның ұзақ өлеңі бар. Ары қарай:
«...Ойнасаң да,
Ойласаң да,
Шіркін ақша келер ме?!
Бостан-босқа,
«Мә» деп «ақша!»
Біреу әкеп берер ме?!
Онан-дағы жолын тап,
Ақша шығар орнын тап...» – деп аяқталады. Адамды оңай олжаға емес, еңбекпен ақша табуға үндейді.
Осы кезде «Пирамида», желілік маркетинг, букмекерлік, тағы да басқа құмар ойындарға бірі біліп, бірі білмей, енді бірі қызық үшін қатысып, ақырында құрдымға кетіп жатқандар да аз емес. Бір өкініштісі, осындай оңай олжа табамын деп бір-екі мәрте опық жегендер өткеннен сабақ алудың орнына сәл есін жинаса болды, сол құрдымға қайтадан құлшына ұмтылады. Неге?!
Бұл айтып отырғанымыз жеке адамның қалтасын қағып жатқан ойын түрлері. Ал, мемлекет мүлкін талан-таражға ұшыратып, тәуелсіз елімізге тіреу, сүйеу болудың орнына оның осал тұсын одан ары ойсыратып жүргендерге не деуге болады?
«Тасаттық десең, аспанға тас лақтырады,
Оны да анау-мынау емес,
Елдің үлкені, басы лақтырады...» – деп атақты сықақшы Оспанхан айтқандай, мемлекет пен халықтың ортақ қазынасына қол салып, бір салғанда мол салып жүргендер осалдың қатарынан емес. Ең осалы аудан, ауыл әкімдері, дөкейі облыс әкімдері мен министрлердің орынбасарлары.
«Қызықпа арамдықпен дүние жиып,
Өзің құлап өлетін ол бір биік.
Ол ағаштың жаңқасы қурап тұрған,
Өртенгенде кетесің бірге күйіп...».
Шығыс әдебиеттерінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған осындай бәйіт бар. Тоғышар топтың осы жыр жолдарынан тағлым алғаны ләзім.
Алайда, айтайын дегенім бұл емес. Өткен ғасырдың орта тұсында Шиелі өңірінде, Сырдария өзені жағасында шаруа адам бір қап ақша тауып алыпты. Айырпланнан (аэроплан, ұшақ) түсіп қалса керек. Е.Уахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяды» пьесасындағы ойда-жоқта тауып алған алтынды жасыратын жер таппай «Құдай, сенен қашан алтын сұрап едім?» деп әбден қалжыраған Момын кейіпкердей (рөлді сомдаған Мәкіл Құланбаев, ҚР еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты), бұл да әбден сасып, әрі әлденеден сескеніп, қатты қиналады. Күн сайын ақша салынған қаптың орнын ауыстырумен болады. Қайда жасырса да әлдебіреу тауып алатын сияқтанады да тұрады. Күнделікті күйбең тірлігімен айналысып, күнін әзер көріп жүрген диқан аяқасты осындай оқиғаға тап болып, одан шығудың жолын таба алмай әбден сарсаңға түседі. Не ешкімге айта алмай, не ақшалы қапты лақтырып тастай алмай пұшайман күй кешеді. Құса болған адамдай күннен-күнге бойынан ет қашып, өңі қуарып, жағы суалып жүдей бастайды. «Осынша ақшаның іздеушісі бар шығар, бір күні іздеп келер» деп жүргенде айға жуық уақыт өтеді. Қап сыртына ақшаның баратын және жіберген жерінің мекені жазылыпты. Сол мекен-жайға баруға тәуекел етіп, бел буады. Осы оймен ертерек төсегіне жатады.
Ертеңіне жағдай басқаша болады. Мұның үйі маңындағы алаңқайға айырплан келіп қонады да, ішінен әскери киінген 6-7 адам түседі. Қасқыр ит (овчарка) жетектеген біреуі егістікті жағалап кетеді. Ақша іздеушілер екенін бірден түсінген ол солардың қасына барады. Іштеріндегі бір қазақ жігіт жүрген шаруаларын айтады. Ақша иелері екеніне көзі жеткесін, қапты тыққан жерінен алып береді. Іздеушілер тексеріп көріп, тәнті болады.Аузы ашылмаған, пломбасы (тауарға тағылатын қорғасын мөр) бұзылмаған. Бұл бір қап ақша Шу теміржолы бөлімшесі қызметкерлерінің бірайлық жалақысы екен. Ақша жоғалғасын қасақана сыбайласып ұрлады деген күдікпен инкассатор мен ұшқышты уақытша қамауға алынған көрінеді.
«Енді бәрі реттеледі. Ең бастысы, ақша табылды. Барғасын қамауға алынған адамдар босатылады. Ал, сізді сыйлық күтіп тұр. Хабар өзімізден болады», – дейді іздеушілердің жетекшісі диқанға алғысын білдіріп. Ақшасын тапқанына олар, күні-түні уайым болған ақшадан аман-есен құтылғанына бұл қуанады... Иә, өмірде осындай да адамдар болған, қазір де бар. Бір қынжыларлығы олардың қатары көп емес.
Теңгеміздің дүниеге келгеніне ширек ғасырдан асты. Жылдан-жылға теңгеміз шиырығып, әлденіп, толысып келеді десек те, жасыратыны жоқ, әлі де қауқарсыз. теңселіп, тербеліп тұр. Тәуелсіздігіміздің бір айғағы – теңге тегеурінді болса, елдің еңсесі биік. Еңсесі биік елдің ешкімге есе жібермесі анық.
Егер қалтаңда ақша болса, оны ел байлығын еселеуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арнағанға не жетсін. Ақшаны аялағаның – ел байлығын еселеуден еңбегіңді аямағаның!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
30 наурыз 2019 ж. 2 002 0