Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Антибиотиктерден келетін қауіп қандай?

Антибиотиктерден келетін қауіп қандай?

2

 Жыл сайын әлем бойынша дәрігерлер 154 миллион антибиотик жазып береді екен. АҚШ-тың Ауруларды емдеу және бақылау орталығының мәліметіне сүйенсек, соның 30 пайызы қажетсіз көрінеді. Антибиотиктерді осылайша шектен тыс көп пайдалану супер-бактериялардың пайда болуына әкеліп соғып, адамзатқа қауіп төндіреді.
Жалпы, антибиотиктердің шығуының өзі қызық оқиға. 1928 жылы Александр Флеминг есімді ғалым бактерияларды әрекеттесуін зерттеп жүреді. Бірде ол қателесіп, бір сынаманы ашық қалдырып кеткен екен. Кейіннен оны саңырауқұлақ басқанын, содан сынамадағы бактериялардың бәрі жойылып кеткенін көреді. Мұны тереңірек зерттей түскен А.Флеминг осындай әдіспен адам емдеуге болатынын анықтайды. Осылайша, кездейсоқ оқиғаның нәтижесінде пенициллин дүниеге келіп, антибиотиктер дәуірі басталған-тұғын. Кейінірек Флемингтің жаңалығы медицинада жаппай қолданыла бастады. Пенициллинді аурулардың бәріне дерлік салды. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дәрінің осы түрі таптырмас емге айналғаны тарихтан белгілі. Алайда пенициллинді шектен тыс қолданудың кері әсері көп ұзамай-ақ көрінді. Мәселен, 1944 жылы туберкулез ауруының кейбір вирустары оған бой бермейтіні анықталды. Кейінірек ғалымдар бактериялардың бейімделгіш қасиеті болатынын байқаған-ды. Нәтижесінде антибиотик көбірек қолданған сайын бактериялар оған икемделіп, одан қорғанудан тәсілдерін меңгеріп алады екен. Бактериялардың мұндай ерекшелігі ғалымдардың мынандай мәлімдеме жасауына итермеледі: «Антибиотиктің бірінші ережесі – оны қолданбауға тырысу. Екінші ереже – көп қолданбауға талпыну». Қазіргі таңда антибиотиктің түр-түрі бар. Тіпті, антибиотиктің атасы саналатын пенициллин бүгінде қолданыстан шығып қалған. Оның орнына ағзаға әсері күшті басқа түрлері алмастырылған. Жыл сайын әлемде 154 миллионы тұтынылады екен. Соның 30 пайызы қажетсіз. Ендеше, мұның салдары қандай болмақ? Бактерияның тез бейімделгіш келетінін жоғарыда айттық. Яғни, жаңа антибиотик түрі шыққан сайын бактериялар оған бейімделе түседі. Нәтижесінде бірнеше жылдан кейін аталған дәрінің күші ағзадағы қауіпті денелерді жоюға күші жетпейді. Осылайша, медицина емдеудің тәсілін іздеу арқылы адамзатқа қауіп төндіретін супер-вирустар мен супер-бактериялардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-та жыл сайын 23 мыңға жуық адам супер-бактериялардың әсерінен қаза тапады екен. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы супер-вирустар мен супер-бактериялар салдарынан қайтыс болатын адамдардың саны қатерлі ісіктен өмірден өтетіндерден асып кетуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр. Әйтсе де, ғалымдар қол қусырып отырған жоқ. Қазіргі таңда супер-бактериямен күрестің бірнеше жолы зерттеліп жатыр. Солардың бірі –  бактериофагтар арқылы емдеу. Жалпы, бұл бактериофагтың өзі вирус. Бірақ ол бактерия секілді микроағзаларды ыдыратады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Pseudomonas aeruginosa бактериясымен ауырған науқас аталған тәсіл арқылы  ем қабылдап, құлан-таза сауыққан. Бұл тәжірибе ретінде жасалған ем болғандықтан, оны жаппай қолданысқа әлі енгізген жоқ. Оның үстіне, ғалымдар бактериофагтардың бактерияларға әсерін толықтай анықтап үлгермеді. Ғалымдардың қаупін түсінуге негіз бар. Өйткені, қоршаған ортаға тез икемделгіш бактерияларда күндердің бір күні бактериофагтарға қарсы тұратын қорғаныс қабілеті дамуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда аталған тәсіл тиімсіз болады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бактериофагтар арқылы емдеуді жаппай қолданысқа енгізуге асығар емес. Бұл мәселе әбден зерттеліп, пісіп-жетілгенде ғана супер-бактериялармен күресте пайдаланыла бастайды. Қазіргі таңда медицина саласы аталған мәселеден хабардар. Супер-бактерияларға қарсы соғыста олар қол қусырып отырмайтыны тағы белгілі. Ең бастысы – ондай аса зиянды вирустарды емдеудің тәсілдері табылды. Айтпақшы, антибиотиктер адам ағзасына тікелей қауіп төндірмейді. Онымен емделудің зияны жоқ. Алайда бас ауырып, балтыр сыздаса, антибиотикке жүгінбей, дәрігердің кеңесін алған абзал.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»



29 наурыз 2019 ж. 843 0