Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрші ел қазақ жанармайына неге құмар?

Көрші ел қазақ жанармайына неге құмар?


(Фото: egemen.kz сайтынан алынды)

Көрші қырғыз елінің «ақылман» азаматтары жанармайды Қазақстаннан арзан бағамен тасымалдайтыны бұрыннан-ақ белгілі болған еді. 2022 жылы жергілікті жұрт мұндай оқиғаның жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағып жүрген. Айыр қалпақты ағайындар әлі де айылын жимай тұр. Қордайға ат басын бұрған құдайы көршілеріміз шекара асып келіп, арзан жанармайға дәнігіп алды.

Деректерге сенсек, екі мемлекет арасындағы шекара арқылы мұнай өнімдерін тасымалдауда еліміз бойынша 300-ге жетеғабыл заң бұзушылық тіркелген екен. Нәтижесінде, 90 мың тонна жанар-жағармай тәркіленіпті. Әрине, аз емес. Әйтсе де заңға шекеден қарайтындардың қарасы сирейтінге ұқсамайды.

Алатаудың ар жағынан кел­ген­ көр­ші­леріміз өз елінде жа­нар­май бағасы ша­рықтап тұр­ғанын, сондықтан Қазақ­стан­нан тасымалдау тиімді екенін еш жасыр­май­ды. Тіпті баға айыр­машылығы 15-16 сом­ға дейін жететінін де ашып айтып жүр.­ Сөздерінен түсінгеніміз, мұнай өнім­дерін біздің елден тасымалдауды доға­руға ниетті емес.

«Біздің елде жанармай бағасы ша­рық­­­тап тұрғаны рас. АИ-92 маркалы бен­­зині жанармай құю бекеттерінде 51 сом­нан өткеріліп жатыр. Қазақстанда 35 сом­нан сатылуда. Сондықтан да көрші ел­ден сатып алған біз үшін әлдеқайда тиім­ді екені ақиқат. Жеке көлігіммен бір­ дегенде 100 литр алып кетемін. Ал үл­кен көлікпен келген кезде 200 литр жанар­май құйып аламын», дейді Қырғыз Рес­пуб­ликасының азаматы Алтынбай Мұ­ра­тов жағдайды түсіндіріп.


Оның айтуынша, шекараның арғы бетін­де АИ-92 маркалы жа­нармайға деген­ сұраныс өте жо­ғары екен. Біздің ел­ден жет­кізілген бензиннің әуелгі ба­ға­сына 100 теңге қосып сататын пысық жі­гіт­тер де аз емес кө­рінеді. Қысқасы, Қазақ­станның жанармайы қырғыздар үшін­ қып-қызыл бизнестің көзі болып тұр­ғанына ешкімнің күмәні жоқ. Ал «жа­ңа­ кәсіпті» жақсылап меңгерген қырғыз аға­йындардың Қордайға қарай өтуі жиі­лей түскені де рас. Соның салдарынан­ ше­ка­радағы өткізу бекетінде кө­лік кеп­те­лісі толастамай тұр. Тұр­ғындардың ай­туын­­ша, көлік кептелісі бірнеше сағатқа де­йін созылады.

Көрші Қырғыз Республи­ка­сы­­на өзге өңір­­лердің тұрғындары Қордай арқылы жиі­­ өтеді. Әрине, бәрі­нің тығыз шаруасы­ бар.­ Одан бөлек, Бішкектен арзан­ баға­мен­ киім­-кешек тасымалдай­тын­ кәсіп­керлер де­ аз емес. Олар да көлік кеп­те­лі­сінен зар­дап шегіп жүргенін жасырмай айта­ды. Бұған қоса өт­кізу бекетіндегі кеп­те­ліс­те тұрған кө­лік­тер­ден шыққан бензин исі­нен жүрек ай­ни­ды.

«Мына көлік кептелісі уақы­тымызды ұр­лап жатыр. Әлденеше сағат бойы қоз­ға­лыссыз тұрмыз. Бензиннің исі деген жү­рекке тиеді. Мұндай жағдаймен бүгін кез­десіп отырған жоқпыз ғой. Жағдайдың ушы­ға түскеніне бір жыл болды. Айналаға көз­ жүгіртсең, шылым шегіп тұрған аза­маттарды байқайсың. Оларға бәрібір. Қа­уіптің көкесі осында емей қайда? Бетін әр­мен қылсын, жарылыс болса арты жақ­сы­лыққа апармайды. Осыны қаперге ала­­тын жан табылса, шіркін!», дейді ал­ма­тылық Наталья Евтушенко ызаға бу­лы­ғып.

Жергілікті тұрғындар жанар­май­дың ше­кара асқанын қа­ла­майды. Қырғыз аға­йын­дар­дың пысықтығынан кейде бен­зин тап­шылығы байқалып қала­тынын да жасыр­майды. Бұл әлбетте, қордайлықтарға ұнай­ қой­майтыны айдан анық. Бір анығы, жанар­май бизнесіне шектеу қоятын уақыт келіп­ жеткен сыңайлы.

«Бензинімізді сыртқа сатып­ жат­қа­нын көріп отырсыз­дар. Бензиннің тап­шылығы қым­бат­шы­лыққа апаратыны талас тудырмайды. Ал қымбат­шы­лық ха­лық­ үшін ауыр тиеді. Осы мәселені рет­те­геннен ешкімнің ұтыл­­майтыны сөз­сіз»,­ дейді Қор­дай ауылының тұрғыны Әділ Тілеужанов қалыптасқан жағ­дайға қа­тысты пікірін білдіріп.


Қалай алып қарасақ та, қыр­ғыз­дардың «бензин бизнесіне» білек сыбанып кіріскені кімді де болсын ойландырмай қой­майтыны ақиқат. Көліктің багын жанармайға толтырған олар мұнымен шектелмейді. Құтыға құйып, көлігіне басып жатқандар да жоқ емес. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығы көршілерімізді тіпті өршелендіре түскен секілді. Арзан бензинге дәніккендер оңай табыс табудың жолын әбден меңгеріп алғаны рас. Анығы сол, бұл мәселеге бақылау қатаңдатылмайынша, қырғыздарды тоқтату қиын.

Қордай ауданы әкімдігі өңірде жанармай тапшылығы жоқтығын алға тартады. Айтуынша, 42 жанармай құю бекеттерінде бензин қоры жеткілікті көрінеді. Тіпті жергілікті атқарушы билік өкілі қорда 472 тонна бензин бар екенін алға тартып отыр. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Әлқожаевтың айтуынша, еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі бері көрші елдер арасындағы шекара ашық. Бөлім басшысының сөзіне сенсек, заңға сәйкес қырғыз азаматтары көлік багын толтырған күйі әрі-бері өте алады екен.

Өткен жылы бензин дауына қатысты БАҚ-та ҰҚК түсінік­темесі жарияланған еді. Тү­сінік­темеде жанар-жағармайды та­сы­малдауда ереже бұзған кө­ліктер саны арта түскені тайға таңба басқандай көрсетілген. Әйтсе де, сұйық отынды заңсыз тасымалдаушыларға қатысты 288 деректің тіркелгені бұл мәселеде шикіліктің бар екенін айқындай түссе керек.

«Қазақстан мен Қырғызстан­дағы жанар­­майдың танымал маркалары құны­ның айырма­шылығын ескере оты­рып, қазіргі уақытта Қазақстан-Қыр­­ғ­ызстан шекарасы арқылы жанар-жағар­­майды шекарадан өткізетін, оның ішін­де тасымалдау ере­же­лерін бұзған көлік­­тердің көбеюі байқалады. Атап айт­қанда, қосымша цистерналар орнату­ не­месе оларды кеңейту. Сонымен қатар көбінесе жанар-жағармай тасы­мал­дау үшін жеке көлікті пайдалана­тын азаматтар, әдетте қауіпсіздік ере­же­леріне немқұрайлы қарайды. Бұл өз­ кезегінде қайғылы жағдайға әкеп соқ­ты­рады. Шекара қызметі жазатайым оқи­ғалардың алдын алу үшін мұндай әре­кеттен бас тартуды ұсынады».

Бұл – ҰҚК-нің түсіндірмесінен үзін­ді.­ Иә, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзек­ті мәселеге қатысты өткен жылдың жаз­ мезгілінде түсініктеме берді. Алай­да­ арада жылға жуық уақыт өтсе де, жанар­май тасымалдаудағы заңсыздық ты­йыл­май тұр. Бензинді бизнес­ке ай­нал­дырғандардың ісіне тосқауыл қоя­тын­ күн туа ма? Әзірге белгісіз...

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ

12 сәуір 2023 ж. 4 232 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930