Қытай халқының тең жартысына жуығы отшашудан мүлдем бас тартқан
Отшашу кезінде пиротехникалық заттардан ауаға азот тотығы, сульфит, қорғасын сынды ауыр металдар тарайды. Осыған байланысты Қытайдың көптеген қалаларында жергілікті билік жарылғыш заттарды пайдалануға шектеу енгізеді. Бейжің билігі де бірнеше жылдан бері қытай жаңа жылын тойлау кезінде пиротехникалық заттарды сатуға және пайдалануға тыйым салып келеді, деп хабарлайды 24.kz ақпараттық порталы.
Қытайда экологияның бұзылуына байланысты бірнеше қалада халықтың «қасиетті» деп есептейтін отшашу мен петардаларды жағуына тыйым салынған. Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сияқты үлкен қаланың тұрғындарына отшашу атуға шектеу қойылады. Талапты орындамаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұл салынады. Қаланың ішінде пиротехниканы өндіруге, сақтауға, сатуға да болмайды. Айта кетейік, қытайлар арасында осындай жарылғыш заттар көңіл көтеру үшін емес, жын-шайтандардарды үркітеді деген ырым бар. Қаншама жылдар бойы мейрамдар мен қуанышты оқиғалар отшашусыз өтпеген. Дегенмен, бүгінгіде экологияның нашарлауы тұрғындар үшін жын-шайтаннан да қауіпті болып тұр. Онсыз да қыс айларында Бейжің мен солтүстік аймақтар көк түтінге оранады.
«Ауаны ластайды, бірақ ол бұрыннан келе жатқан дәстүр ғой. Сондықтан тарсылдақтардың зиянсыз түрін пайдаланған дұрыс. Әсіресе балаларды бақылауда ұстау керек. Кішкентай кезімізде дауысы қатты шығу үшін құмыраның ішіне салып ататын едік», - дейді Бейжің қаласының тұрғыны Тао Цзы.
«Меніңше, сол отшашуды шектеген дұрыс. Соның кесірінен қаншама адам зардап шегеді. Көзі шығып кетіпті, саусағын жұлып кетіпті деген оқыс оқиғалар болмайды. Әсіресе балаларға қауіпті», - дейді Бейжің қаласының тұрғыны Луо Лисинь.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуы бойынша Қытай тұрғындары пиротехникалық заттарды сирек қолдана бастады. Халық ішінде жүргізілген сауалнама бойынша тұрғындардың 45%-ы отшашудан мүлдем бас тартқан.
Қытай жаңа жылын тойлау кезінде түрлі тарсылдақтарды ату дәстүрі Сун патшалығынан бері қалыптасқан. Қазір осы сан ғасырлық тарихы бар жаңа жылдық дәстүр ауаның ластануына байланысты сирей бастады. Дегенмен, отшашу дәстүрі қытайлар үшін әлі де маңызды. Сондықтан экологияға зияны жоқ тарсылдақтар өндірісі біртіндеп дамып келеді. Қытай халқы үшін Григорян күнтізбесіне қарағанда өздерінің ақпанға келетін жаңа жылы маңызды.
24.kz