Ұйқысыздық неден болады?
АҚШ ғалымдары жақында ұйқысыздыққа қатысты көлемді зерттеуді жұртшылыққа жария етті.
Мамандардың есептеуінше, егер ұйқысыздық ұзаққа созылатын болса – бұл апат, онда адам ағзасы ауруға ұшырайды. Сондықтан, алдымен оның себебін анықтап алу керек, ол үшін адам алдымен өзін күйзеліске түсуге жол бермегені дұрыс. Америкалық ғалымдар сонымен қатар, ұйқысыздық ұзаққа созылса, ондақанның қабынуы пайда болуы ықтимал екенін айтады. Ұйқысыздықтың зардабы үлкен екендігін мына бір деректер аңғартып-ақ тұрғандай. Егер бұл процесс ұзаққа созылатын болса, онда жүрек –қан тамыр және тыныс алу органдарының жұмыс істеу процесі бұзылып, аяғы өлімге алып барады.
Дәл қазіргі кезеңде қоғамда ұйқысыздық белең алып бара жатқан проблемалардың біріне айналып барады. Ал оған көптеген фактор әсер етіп отыр. Дәрігерлердің айтуынша, ұйқысыздықты емдеу үшін алдымен оның себеп-салдарын нақтылау керек. Ұйқысыздықтың басты себебі, күйзеліс, уайымшылдық, эмоционалдық жоғары ашуланшақтық күйде жүру және тағы басқа болып табылады.
Бүйректің дұрыс жұмыс істемеуі, аллергия және онкологиялық, тағы басқа аурулар ұйқысыздыққа алып келуі мүмкін. Кофені шектен тыс ішу, ішімдік пен темекіні көп қолдану, күні бойы ұйықтап жату, ұйқы кестесінің бұзылуы – бұл факторлар да ұйқысыздыққа алып келеді.
Шындығында да, ұйқы адам өмірінде үлкен маңызға ие. «Ұйқыңыз тыныш болсын» деп тілек айтуымыз да бекер емес.
Қалай айтқанда да мидың тыныштығы – ағзаның бірқалыпты дамуы деп тұжырым жасауға болады. Ал бірақ күнделікті арпалыс тіршілік ойдың, ағзаның тұрақты демалуына мүмкіндік бере бермейтіні рас.
Ағылшын сарапшысы, доктор Рамлакханның пікірінше, ұйқысыздық оқушылар мен мұғалімдердің, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің өмірінде жиі кездеседі екен. Мұның себебі де түсінікті. Расында мидың демалмай шектен тыс жұмысқа «жегілуі» оған ауыр салмақ түсіреді. Ақырында ұйқы бұзылады. Бұл орайда Рамлакхан жұмыста ауыртпалық үлкен болса, әрбір 90 минут сайын үзіліс жасап тұру керек деп есептейді. Сонымен қатар күйзелістен құтылу үшін немесе ұйықтар алдында жылы су ішіп, жылы ванна қабылдап жатса, өзіңізге жақсы деп кеңес береді ағылшын дәрігері.
Жалпы, мидың тыныш және белсенді жұмыс істеуіне қатысты тұжырымдар өте көп. Америкалық ғалым Волькердің зерттеуіне сенсек, күндіз және түнгі ұйқы адамның күні бойы сергек жүруіне көп көмегін тигізетін көрінеді. Тағы бір анықталған нәрсе қаншалықты сергек болсақ, мидың жұмыс істеу қабілеті соншалықты артады.
Жалпы, адамның жасы ұлғайған сайын ұйқы да азая түседі. Мысалы, жасөспірімдерге қарағанда орта жастан асқандар аз ұйықтайды, көз шырымын алу деген нәрсе оларға тән үйреншікті құбылыс. Алайда, 65 жастан асқандардың түнде ұйықтау уақыты аз болса да, олар жастарға қарағанда күні бойы сергек жүреді. Олар кеш жатқанның өзінде ерте тұрады. Негізі, сегіз сағат ұйқы болуы керек десек те, Суррейс университеті ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда, 20-30 жастағылар орташа есеппен алғанда 7 сағат 14 минут, 40-50 жастағылар – 6 сағат 50 минут, ал 65 жастан жоғарыдағылар – 6 сағат 30 минут қана ұйықтайды екен. Ал алпыстан асқандардың неге құс ұйқылы болатынын ағылшын ғалымдары зерттеп көргенімен, оның түпкі себебін анықтай алмаған сияқты. Бірақ кейбір болжамдарға қарағанда, ол гормоналдық өзгерістерге байланысты көрінеді. Жалпы, әлемдік зерттеулерге назар аударсақ, сегіз-тоғыз сағаттық ұйқы жалпы адамзатқа тән қалыпты құбылыс болып табылады екен.
Десек те, ұйқысыздықтың адам денсаулығына орасан зор зияны жайлы ресейлік дәрігер-невролог Марина Василенконың пікірі көңіл аударуға тұрарлық.
«Ұйқы үлкендер мен кішілер үшін өте керек. Әсіресе, мектепке барар алдында балалар 30 минуттай көз шырымын алса, оқушылардың көңіл күйі жақсарады, күні бойы шаршамай жүреді. Ал өне бойы ұйқысы қанбай жүрген адам ақиқатына келгенде, ертерек қартаяды. Ұйқысы қанық адамның психологиялық және еңбек ету қабілеті де жоғары болады», – дейді Марина Василенко.
Мамандардың бағалауына қарағанда, өткен ғасырмен салыстырмалы түрде қарағанда, қазіргі таңда адамдар арасында ұйқысыздық 20 пайызға артқан. Үнемі құсұйқылы жағдайда жүру сырқатты күшейтеді. Адамның ағзасы әлсіреп, ұзамай инфаркт алуы мүмкін дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, түні бойы жұмыс істеу зиян. Көптеген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, әсіресе, ел ұйқыда жатқанда отырып жұмыс істеу адам бойындағы сырқаттардың күшеюіне әкеліп соғады екен.
Майо университетінің офтальмологтары атап көрсеткендей, ұйқының бұзылуы көз ауруына да көп себеп болатын көрінеді. Егер бұл белгілер созылмалы дертке айналса, тіпті қиын.
Мамандардың бағалауынша, адам баласы өзінің ғұмырының үштен бірін ұйқымен өткізеді. Күні бойы тынымсыз тірлік үстінде жүретін адам үшін түнемелік демалудың маңызы өте зор. Атақты Генри Лонгфеллоның мынандай нақыл сөзі бар: «Түнде демалу құқығы күндіз күш жұмсауға, істі аяқтауға мүмкіндік береді». Ақиқатында солай. Ұйқы ағзаның күш жинауы үшін өте қажет.
Неміс ғалымдары жатар алдында ішілген бір стақан сүт тез көз ілуге және ұйқысыздық проблемасының кезікпеуіне кепілдік береді деген қорытынды жасайды. Сүт өнімдерін шығаратын «Weihenstephan» кәсіпорны 40 адамның күн сайын ұйықтар алдында 1 стақан сүт ішіп отыруын сұрап, соңынан зерттеуге қатысушылардың арасында сауалнама жүргізген. Олардың 73 пайызы сүт ішу процедурасынан кейін тынығып, тез ұйықтап қалатынын айтқан. Сөйтсе мұндай өзгеріс сүт құрамындағы мелатонин гормонының әсерінен болады екен.
Әйтсе де, ұйқыңыздың қанық болғанына не жетсін! Бірақ әлемде әртүрлі жағдайларға түсіп, өмірінің жартысын кірпік қақпай өткізетін азаматтар да бар. Соның бірі – югославиялық шаруа Станко Дражкович. Жетпістен асып, бақилық болған шалың 23 жасында Екінші дүниежүзілік соғыста басынан жараланып, өмірінің 50 жылын көз ілмей өткізген. Бірақ ол ұйықтамай жүрсе де, ешқашан шаршаңқы кейіпте болмаған. Станко Дражкович Еуропаның біраз емханаларын тоздырғанымен, сырқатының сырын ұға алмай, кәрілікке жетіп барып көз жұмған.
Ал вьетнамдық тұрғын Нгуен Ван Кха 50 жылдық ғұмырының 27 жылында ұйықтамаған. Ол 1980 жылы дұрыстап көз шырымын алғанын бүгін сағынышпен еске алады. Еуропаға барып емделсе де, Қытайға келіп Шығыс-Тибет медицинасының шарапатын көрсе де, ол ешқандай әсер алмаған.
Тағы бір вьетнамдық Ман Тхи да ұйқысыздықтың зардабын көп тартқан азамат. Ол 1975 жылдан бері түнде кітап оқиды, теледидар көреді және уақыт өткізу үшін тағы басқа жұмыстармен айналысады екен. Ман Тхи әйелінің түнде көз шырымын алмайтынын үш жылдан кейін ғана барып сезген көрінеді.
Ағылшындық фермер Юстас Бернетт 56 жылдан бері ұйқы дегеннің не екенін білмейді. Ол да кітапқұмар, түні бойы кроссворд бен сканворд шешеді, радио тыңдайды. Дәрігерлер оған әртүрлі дәрілер бергенімен, бұл әрекеттің бәрі нәтижесіз болып шыққан.
Жалпы, әлемде ұйықтамаған азаматтардың көшбасында тибеттік монах Дава тұр. Ол 90 жыл көз ілмеген көрінеді. Соңғы рет 11 жасында ұйқысын бір қандырған Дава тарихта екі рет орын алған дүниежүзілік соғыс кезінде де көз ілмей өткен. Бірақ дәрігер-мамандардың жүргізген зерттеу тесті оның бойында ерекшелік барын байқатқан. Тибеттік монах көз ілмегенімен, зерттеу қорытындысы оның өмірінің жартысына жуығы ұйқымен өткенін дәлелдеген.
Халықаралық Сомнологиялық орталығының мәліметіне қарағанда, ұйқысыздыққа шектен тыс уайымшылдық пен белгілі бір оқиғалар қатты әсер етеді. Адам күрделі бір тосын оқиғаның салдарынан күйзеліске түседі немесе ауыр бір сырқатқа ұшырайды.
Керек кеңес
1. Ұйқысыздық ұзақ уақыт қажып-шаршаудан болады.
2. Жүйкенің әртүрлі бұзылыстарға түсуі де қатты әсер етеді.
3. Отбасы тірлігіне ерекше алаңдайтын әйелдер ұйқысыздыққа көп шалдығады.
4. Ұйықтай алмайтындардың көру қабілеті нашарлайды.
5. Ұйқысыздық ұзаққа созылып кеткен жағдайда дәрiгерге қаралу қажет.
6. Жүрек-қан тамырлар жүйесі ауыратындардың ұйқысы қанық болмайды.
7. Қалыптан тыс көп ақпарат қабылдайтын ой еңбегі адамдарының да ұйқысы жиі бұзылады.
8. Қалың ой да қажытып, жүйкені жұқартады.
9. Таза ауада серуендеу бiрқалыпты ұйықтауға мүмкiндiк бередi.
Baq.kz