Саппорода қар фестивалі онлайн форматта ашылды
ҚазАқпарат – Жапониядағы ең үлкен қысқы мерекелердің бірі болып саналатын Саппородағы қар фестивалі бейсенбіде онлайн ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат KYODO NEWS-ке сілтеме жасап.
Жапонияның солтүстігіндегі басты арал Хоккайдода өтетін фестивальде әдетте 200-ге жуық мұздан жасалған мүсіндер қойылады. 1950 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фестиваль биыл алғаш рет әлдеқайда шағын болып өтпек. Бұл жолы адамдар қала орталығына жиналмайды, керісінше қала маңына көрмелер орналастырылады. Фестивальді ұйымдастырушылар веб-сайтқа 28 ақпанға дейін мүсіндердің қалай жасалғанын көрсететін фотосуреттер мен бейнероликтерді орналастырады және шара туралы тарихи ақпарат береді. Кейбір фотосуреттерде қала бойынша орналасқан төрт қарлы мүсін бейнеленген, соның ішінде танымал виртуалды әншілердің бірі Хацунэ Мику, екіншісі - Мэйдзи дәуірінде (1868-1912) Саппоро ауылшаруашылық мектебін құруға көмектескен америкалық педагог Уильям Смит Кларк бар. Айта кеткен жөн, Хоккайдо шетелдік саяхатшылар үшін танымал орынға айналуда және қар фестивалі 2019 жылы 2,74 миллион келушіні қабылдап, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бірақ өткен жылы олардың саны коронавирус салдарынан 2,02 миллионға дейін азайды.
inform.kz