Әлем елдеріне табиғат апаттары қауіп төндіріп тұр
Әлем елдерін коронавирустан бөлек, табиғи апаттар да әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24». АҚШ-та қалың қар жауса, Австралияда орман алқабы тағы да өртке оранды. Аптап ыстыққа үйренген Үндістан тұрғындары бүрсең қағып, суық күнге тап болды. Расымен де соңғы күндері әлемде ауа райы қолайсыздығымен байланысты жағдайдар көбейіп кетті. АҚШ-тың солтүстік-шығысында қыс қаһарына мініп, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Коннектикут пен ел астанасы Вашингтон тұрғындарын әбігерге салды. Синоптиктердің болжамына сәйкес, Нью-Йорк қаласында бір күн ішінде қалыңдығы 60 сантиметрді құрайтын ақ ұлпа түскен. Осыған байланысты Нью-Йоркте төтенше жағдай режимі жарияланды. Коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимге көшті. Мектептерде сабақ тоқтатылды. Вакциналау орталықтары жабылған. Ақ ұлпаға қуанған жұрт қарасы жетерлік. Нью-Йорктің Таймс-скверінде көше әншісі қарға қарамастан, өнер көрсетуін жалғастыра берген. Ол қар тазалағыш көлік жүргізушілеріне гитарамен ән шырқап, өзінше қолдау көрсетті. Үндістанда да ұқсас жағдай. Сринагар қаласында ауа температурасы 9 градусқа дейін төмендеп кеткен. Бұл жергілікті жұрт үшін үйреншікті жағдай емес. Соңғы рет мұндай ауа райы аймақта 30 жыл бұрын тіркелген көрінеді. Жылыға үйреніп қалған жұрт енді тоңбаудың қамын ойлап, мейлінше қалың киінуге мәжбүр. Су қатып қалды. Жолмен жүру қиындады. Жоғары қан қысымы немесе басқа да ауруы бар азаматтардың жағдайы қиын. Австралияда тағы да орман өртеніп жатыр. Бұл жолы елдің батысындағы жасыл-желек отқа оранған. Лаулаған жалын Суон қаласына жақындап, 30-дан астам үй күлге айналды. 2 мың 700 нысан жарықсыз қалған. Соңғы ақпарға сәйкес, өрт 7 мың гектар орманды алқапты шарпып, өзге елді мекендерге қауіп төндіре бастаған. Апат аймағынан 400-ден астам адам көшірілді. Жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тілсіз жаумен 300-ден астам өрт сөндіруші күресіп жатыр. Мамандар күннің ыстығы мен желдің күшеюі жағдайды ушықтырып тұрғанын айтады. Марк Макгован, Батыс Австралия штатының премьері: – Ауа райы болжамына сәйкес, алдағы уақытта шығыстан солтүстік-батысқа қарай тағы жел соғады. Күннің өте құбылмалы болуы өрт сөндірушілер жұмысына көп қиындық туғызып отыр. Чилиде де табиғат тосын мінез танытты. Күтпеген жерден аспанға қара бұлт үйіріліп, нөсер жаңбыр құйды. Салдарынан бірнеше елді мекенде лай көшкіні жүрді. Мыңдаған тұрғын жарықсыз қалды. Жергілікті синоптиктердің хабарлауынша, ел астанасы Сантьягода мұндай жауын шамамен бір ғасыр бұрын жауған екен. Әзірге апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жайлы ақпар жоқ. Қазір ел билігі бірқатар елді мекендегі тұрғындарды эвакуациялауға көшті. Лай көшкіні қаупіне байланысты кей жолдар жабылды. Ал Парижде Сена өзені арнасынан тасып, жағалауын су басты. Су деңгейі төмендейтін емес, керісінше, молайып жатыр. Мамандардың сөзінше, сәрсенбі күні ол 4,5 метрге көтерілуі мүмкін.