Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАҒЫ СЕРПІН

СЫРДАҒЫ СЕРПІН



Былтыр Мемлекет басшысы Сыр еліне арнайы іс-сапармен келді. Сонда өңірдегі бірқатар әлеуметтік құрылыс нысандарында болып, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен қалада атқарылған тың жобаларға, жаңашыл бастамаларға оң бағасын берді.
Бұл жылы қаланың әлеуметтік-эконо­ми­калық маңызды мәселелері кезең-кезеңі­мен шешімін тауып, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуда біршама жұ­мыстар атқарылды. Қызылорда қаласы­ның инженерлік, коммуналдық инфра­құрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілді. Бұл – іргелі елдігіміздің, ынтымағы мен бір­лігі жарасқан қызылордалықтардың ерен еңбегінің жемісі.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы, мемлекетіміздің алдағы дамуы­ның жаңа кезеңін айқындайтын Қазақ­стан­ның бұлжымас саяси дәстүріне айналды. Былтыр Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастау алса, бұл жолғы Жолдауда Елбасымыз төртінші жаңғыртудың негізгі 10 басым бағытын атап көрсетті. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнер­кәсіптік революция әлеміне бейімделуге, жетістікке жетуге жол табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. Ендігі кезекте бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Елбасы берген бағытпен халық артқан сенімді ақтау үшін, бүгінгі жетістіктерімізді еселеу жолында қарқынды жұмыс жасауы қажет.
Қызылорда қаласы экономикасының әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұ­мыстар баршылық. 2017 жылдың басында қала бюджеті трансферттерді қоса есеп­тегенде 30 млрд 831 млн теңге көлемінде бе­кітіліп, осы жылды 43 млрд теңгеге жетіп, қорытындылады. Оның ішінде өз кірісіміз соңғы 5 жылда 1,7 есеге артты, яғни 9 млрд 800 млн теңгеден 17 млрд теңгеге ұлғайды. Өнеркәсіп кәсіпорындары былтыр 619 млрд 966 млн теңгенің өнімін өндірді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 37 млрд 188 млн теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 14,6 пайызға артты. Жыл ішінде негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 105 млрд 322 млн теңгені құрап, облысқа салынған барлық инвестицияның 43,7 пайызын құрады. Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалып, нәтижесінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы жыл сайын қар­қынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5 млрд 986 млн теңгені құрап, 103,5 пайызға артты.
Қала бойынша 251 шаруа қожалық­тарының бірігуімен 21 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін әртараптандыру мақсатында, барлығы 7 мың 621 гектар жерге дақылдар егілді. Нәти­жесінде, күріштен 16 мың 876 тонна өнім жиналды. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында 4 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 53 млн теңгеге жеңілдетілген не­сиемен – 30 бас асылтұқымды мал, 32 шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен 191 бас асылтұқымды мал сатып алды. Қала көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтан­дыру мақсатында өткен жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізілді.
Тұрғын үй құрылысы қарқын алуда
Қызылорда қаласында тұрғын үй құ­рылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты. Осындай ауқымды жобалардың нәтижесінде, соңғы 5 жыл көлемінде қала­мызда жаңадан 12 ықшамаудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлесіміз жаңа пәтерге ие болды. Былтыр қаламызда 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құры­лысы жүргізілді. Қызылорда қаласын­да тұрғын үй құрылысын дамытуға тартыл­ған инвестиция көлемі 33 млрд 142 млн теңгеге жетті. Облыста атқарылған құры­лыс жұмыстарының 43,8 пайызы – Қызы­лор­да қаласының үлесінде. Бұл жобаларды жүзе­ге асыру барысында 20 мыңға жуық жер­ле­сіміз жұмыспен қамтылды. 2017 жыл­дың ең үлкен жетістігі – Қызылорда қала­сының бас жоспарына сәйкес Сыр­дария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала­ның құрылысын басталды. Сол жағалауда құрылыс компа­нияларының өз қаражаты есе­бінен бес­қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орынды ба­лабақшаның, «Болашақ» уни­вер­ситетінің студенттер қалашығы, жастар орта­лығы, Қазақ орталық атқару комитеті мұражайы ғимараттары салынуда. Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсекті көпсалалы облыстық аурухана, 900 орынды мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын салу жоспарлануда. Жыл сайын мыңдаған қала тұрғынына пәтер кілтін табыстап, баспанаға мұқтаж жандардың сұранысын қанағаттандыруға бар мүмкіндік жасалуда. Қызылорда қала­сында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілді. Үкіметтің «Өңір­лер­ді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы» аясында, соңғы 5 жылда қала бойынша 3 млрд 200 млн теңгеге, 123 көп­қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру мәселесі Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. 2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы Сырдария өзенінің сол жағалауына орна­ласатын 220 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына республикалық бюд­жеттен 1 млрд 521 млн теңге бөлінді. Сол жағалаудың инженерлік инфрақұры­лымын дамыту бойынша 7,3 шақырым жоғары қысымды газ құбырын және автоматтан­дырылған газ тарату стансасын салуға был­тыр облыстық бюджеттен 200 млн теңге бө­­лінген. Биыл осы жұмыстарды жал­ғас­ты­руға 300 млн теңге бөлінді. Атал­ған ау­мақ­ты, электрмен жабдықтауға 2017 жылы 900 млн теңге қаралған, биыл осы жұ­­мысты жалғастыруға 300 млн теңге бө­лінді.
Соңғы жылдары қалаға қарасты бір­неше елдімекен көгілдір отынға қол жет­кізді. 2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қы­зылжарма ауылдық округін газдандыру жұмыстарына 2 млрд 157 млн теңге бөлініп, 5 мыңнан аса тұрғын үйлер, әлеуметтік, кә­сіпкерлік нысандар көгілдір отынға қосылды. 2016 жылы Талсуат ауылдық округін газдандыру үшін облыстық бюд­жеттен 271 млн теңге қаралып, ауылдық округ бойынша 500-ге жуық тұрғын үй, үш әлеуметтік нысан табиғи газға қосылды. 2017 жылы Белкөл кенті көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл жұмыстарға облыстық бюд­жеттен 378 млн теңге бөлініп, нәт­и­жесінде 830 жеке сектордағы тұрғын үй, 4 көпқабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан газбен қамтылды. Бүгінгі күні қаламыздың газдандыру көрсеткіші 95 пайызға жетті.
Былтыр республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден қала инфра­құрылымын дамытуға барлығы 3 млрд 376 млн теңге бөлінді. Ауызсу, кәріз жүйелері мен ғимараттарын қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 61 млн теңге, Ұлттық қор есебінен 545 млн теңге бөлінді. Былтыр «Нұрлы жол» бағдар­ламасы арқылы Республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд 44 млн теңгеге қаламызда 34,4 шақырым ауызсу, 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтті. Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорда қала­сының ауызсу инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды. Қазіргі таңда республика бойынша қалаішілік су құбырлары 70 пайыз толық жаңартылған, толығымен таза жерасты ауызсуын тұтынып отырған бірден-бір шаһар – Қызылорда қаласы. Қаламызда жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы 5 жылда қаладағы магистральді жылу желілерін жаңартуға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Былтыр жылу жүйелері мен қазан­дықтарды ағымдағы, күрделі жөн­деуден өткізуге 1 млрд 20 млн теңге қара­лып, тиісті жұмыстар атқарылды. «Қы­зылорда қаласы сол жақ жағалауындағы сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің желісі құрылысының» жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 122 млн теңге, бірінші кезеңінің құрылы­сын жалғастыруға 600 млн теңге бөлінді.
Қалада тұрмыс сапасын арттыру және жаңа инновацияны кеңінен тарату мақса­тында «Ақылды қала» жобасы бойынша нақты шаралар қабылдануда. Қала көше­лерінде балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында білім ордаларының тұстарына светодиодты жол белгілері орна­тылады. Сонымен бірге, Жібек жолы даң­ғылынан салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында лифт орнатылуда. Жер қа­тынастары саласындағы заң бұзу­шылықтарды GPS геодезиялық құралы мен ArcGis бағдарламасын қолдана отырып уақытылы анықтау жобасына 21 млн теңге қаралды. Нәтижесінде, жер қатынастары саласында заңбұзушылықтарды анықтауға жұмсалатын уақыт 15 күннен 2 күнге дейін қысқарады. Қаланың халық көп шоғыр­ланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға және мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Wi-Fi тегін интернет желісін енгізуге Orda Wi-Fi жобасы қолға алынуда. Бірінші кезеңде, пилоттық режимде орталық Ы.Жақаев көшесі бойына орнатылады. Индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асыру арқылы тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей басшылығымен, биыл өңдеуші өнеркәсіп саласында қуаттылығы жылына 197 мың тонна шыны шығару зауыты, қуаттылығы жылына 500 тонна молибден ұнтағын өңдеу зауыты іске қосылады. Жобаларды іске қосу арқылы 300-ден аса жұмыс орны ашылады.
Қызылорда қаласында халық саны тұ­рақты өсіммен сипатталады. Осы ретте жер алу кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру мақса­тында жеке тұрғын үй секторының инже­нерлік-коммуникациялық инфрақұры­лымын дамыту және жайластыруға рес­пуб­ликалық бюджеттен 1 млрд 156 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 150 гектар жер учаскесінің инженерлік инфра­құрылымын салуға қажетті 3 млрд теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайындалып мемлекеттік сараптаманың оң қорытын­дысы алынды. Биыл осы аумақтың электр желілері құрылысына республикалық бюджеттен 300 млн теңге және сыртқы сумен жабдықтау желілерінің құрылысына 655 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстар толық аяқталған уақытта 1 мың 267 азаматтарымыз жер телімімен қамтамасыз етілетін болады.
Жол жөндеу жұмыстары жолға қойылды
Қала тұрғындарының қоғамдық көлік­ке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын, жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді. Бұл парктің ерекшелігі – қоғамдық көліктердің техни­калық жағдайын бақылаудан бастап, көлік жүргізушілері мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қажетті барлық мате­риалды-техникалық базамен жаб­дық­талған. Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттердің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне облыстық бюджеттен 105 млн 507 мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта қалаға жақын орналасқан елдімекендерден қала мек­тептеріне қатынап оқитын 5 мың 416 баланы арнайы көліктер тасымалдауда. Биыл «Қызылорда Автобус Паркіне» қосымша орта сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алу жоспарлануда.
Қалада жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналып жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқым­ды жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы 5 жылда Қызылорда қаласында жол құ­рылысын дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жолдарымыз орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. 1 млрд 550 млн теңгеге ұзындығы 115,2 шақырым бо­латын 38 көшеге жаяу жүргіншілер жолы, 1 млрд 357 млн теңгеге ұзындығы 142 шақы­рымдық 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды. 72 көпқабатты тұрғын үйдің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделді. 2017 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, 3 млрд 212 млн теңгеге 137 көше жөндеуден өтті. 1 млрд 426 млн теңгеге қала орталығындағы ұзын­дығы 5,8 шақырым Қорқыт ата көшесі қайта жаңғыртылды. Бұл көшеде 12 шақы­рым жаяу жүргіншілер жолы, 156 дана түнгі жарық бағаналары, 19 аялдама салынды, екі бетіне суағар қарастырылды. Бүгінгі таңда, қаламыздың барлық бағытындағы кіре­беріс жолдар қайта жаңғыртудан өтті. Сәулет мөлтекауданында 32 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жібек жолы даңғылы мен Ділманов көшесінің қиы­лысында жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынуда, жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 21 млн теңге бөлініп, Ақсуат, Талсуат, Қызылжарма ауылдық округтерінде көшелер жөнделді, Ақжарма, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылөзек ауылдық округтерінде 4 көше жарықтан­дырылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 201 млн 726 мың теңгеге Қарауылтөбе, Қос­шыңырау ауылдық округтеріндегі және Белкөл кентіндегі кіре беріс жолдар жөн­делді. Облыстық және қалалық бюд­жеттерден бөлінген 89 млн теңгеге Ақсуат елдімекеніндегі 7 көше жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттен бөлінген 452 млн теңгеге Тасбөгет кентіндегі 10 көшеге жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала халқының сұранысына сәйкес, ең қажетті деген көше қиылыстарына 51 млн теңгеге – бағдаршам, 35 млн теңгеге – 86 дана жарық бағанасы, 2 млн 116 мың теңгеге мүгедектерге қызмет көрсететін ұйымдарға жол белгілері орнатылды.
Мұратбаев көшесі бойындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистральды көше құрылысына 2017 жылы облыстық бюджеттен 300 млн теңге, биыл осы жұ­мысты жалғастыруға 300 млн теңге бөлінді.
Индустриалды-инновациялық дамудың игілігі
Елбасы бүгінде экономикамыздың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп, мемлекет та­рапынан осы саланы қолдауға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осының нәти­жесінде біздің өңірде де айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасты. 2017 жылы Қы­зылорда қаласында 25 мың 665 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 50 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде. Жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен жалпы құны 6 млрд 465 млн теңгені құрайтын 176 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, онда жаңадан 1 мың 760 жұмыс орны ашылды. Индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асуда. Қалада индустрияландыру картасына енгізілген құны 49 млрд 400 млн теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда. «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 261 млн 700 мың теңгені құрайтын 55 жоба қаржыланды­рылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Өңірлік үйлестіру кеңесінен 6 млрд 754 млн теңгені құрайтын 83 жоба мақұлданды, 29 жобаға 43 млн 310 мың теңге қайтарымсыз қаражат берілді. 2017 жылы «Даму-аймақтар» бағдарламасы бойынша жалпы құны 837 млн теңгеге 34 жоба қаржыландырылды. Барлық жобаның басты мақсаты – халықтың игілігі үшін қала қазынасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осындай жаңа бастама­лардың арқасында жыл көлемінде 5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Әлеуметтік әлеует артуда
Халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру мен жұмыссыздықтың алдын алу – аймақ­тағы басым міндеттердің бірі. Былтыр «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі 16 рет ұйым­дастырылып, 2 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде мың­нан астам адам оқытылды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 46 адамға 211 млн 700 мың теңге шағын несие берілді. 46 жаңа жұмыс орыны ашылды. Бағдарла­маның үшінші бағыты бойынша екі мың­дай адам – қоғамдық жұмысқа, 300 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 423 жас маман жастар тәжірибесі бойынша жұмыс­қа тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2017 жылы қала бойынша барлығы 6 мың 464 қала тұрғыны тұрақты жұмысқа орна­ласып, жыл қорытын­дысы­­мен жұмыс­сыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.
Қаланы жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Қалада 52 аллея мен сквер бар. Мұндағы аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды. Заман талабына сай қала мәдениеті мен шаһарымыздың әсем келбетін айшықтайтын түрлі ар­хитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда. Былтыр «Қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алу» ескерткішінің аумағы абаттандырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды. Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда, аймақ басшысының тікелей бастамасымен бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Абай дәулет» серіктестігінің демеушілігімен «Ана бақы­ты» аллеясы ашылды. Әуежайдың қалаға кіреберіс бағытынан қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік берер жаңа қақпа пайда­лануға берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында бұқаралық спортпен қамтылған халық санын 30 пайызға жет­кізуді тапсырса, спорт саласына жасалған қолдаудың арқасында өңірдегі бұл көр­сеткіш бүгіннің өзінде 27 пайызға жетті. Қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, жыл басынан бері 99 спорттық шаралар өткізілді. Қазақстан құрама командасы мүшелігіне Қызылорда қаласынан 202 спортшы енді. Әлем чемпионаты мен кубоктарында үш спортшы, Азия чемпионатында 10 спорт­шы жүлдегер атанды. Соңғы 5 жылда қала бойынша 95 спорттық ойын алаңдары салынды. Биылғы жылы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Тасбөгет кентінде 160 орындық спорт кешенінің құрылысы басталады.
 
Түйін: 
Биылғы жыл еліміз үшін, біздің өңіріміз үшін айтулы оқиғаларға толы, тарихи жыл болғалы тұр. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі – Сарыарқаның төрінен әсем Астанамыз бой көтерді. Биыл Елбасымыздың төл туындысы Елордамызды 20 жылдық мерейтойын, Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдығын атап өтеміз. Тарихи тағылымы мен мағынасы терең қос мерейтойды атап өтудің маңызы зор. «Туған топырақтың тарихын дүйім елге таныту, мерейін үстем етуге арналған мерейтойлық шаралар қазірдің өзінде бастау алды. Сыр өңірінің бас шаһарының 200 жылдық мерейтойына басты тарту – Қызылорда қаласының сол жақ жағалауындағы жаңа тұрғын ауданды пайдалануға береміз. 2017 жыл біздің өңіріміз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды» деген еді облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы. Әрбір атқарылған істің артында бірліктің бесігін тербеткен халықтың адал пейілі мен елім деп еміренген мыңдаған азаматтың еңбегі жатыр.
 
Миуа  Байназарова
ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ФБ ПАРАҚШАСЫНАН
22 мамыр 2018 ж. 953 0