Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенемен енді қалай күресеміз?

Кенемен енді қалай күресеміз?



Жаздың алғашқы екі айында облыста Конго-Қырым безгегінен үш адам көз жұмды. Осылайша кене жәндігінен келетін кеселдің кесапаты көп болып тұр. Оған қоса жыл басынан бері кене шаққандар медициналық көмекке жүгінген.

Сыр өңірі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биыл облыс бойынша 106 елді мекен қолайсыз аймақ ретінде белгіленді. Осы мекендерде кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде екі кезеңде жүргізілді. Бұл шара облыстың барлық ауданы мен Қызылорда қаласын қамтыды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 29 күдікті жағдай тіркелген. Олардың арасынан 10-ы клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария аудандары мен облыс орталығында 1, Жанақорғанда 5, Шиеліде 2 дерек анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауда ұсталды. Олардың арасынан ешкім денсаулығына шағымданбады. 

– Жағдайды күрделі деп бағалаймыз. Кене шаққан азаматтар медициналық көмекке жүгініп, кейбірінің диагнозы лабораториялық-зертханалық жолмен нақтыланды. Бұл жөнінен биылғы көрсеткіш өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамалас болып тұр. Өлім-жітім жағдайы да кездесті. Мәселен, былтыр 601 адам дәрігерлер қарауында болса, биыл олардың саны 712 адамды құрайды. Былтыр 14 науқастың диагнозы нақтыланса, биыл 4 науқасқа азайған. Жұртшылық арасында «Маусым-шілде айларында не себепті кене көбейіп кетті?» деген сауалдың туындап отырғаны рас. Негізінен оған қарсы өңдеу жұмыстары сәуір-мамыр айларында жүргізіледі. Біз жылма-жыл кенеге байланысты қолайсыз елді мекендерді анықтаймыз, оған қарсы өңдеу жасалады. Дегенмен кейбір тұрғындар бұған немқұрайлы қарайды. Түрлі сылтау айтып, кейінге қалдыратындар да жоқ емес, – деді Ә.Әбдіқайымова.

Жыл көлемінде мал ұстайтын жеке азаматтар, шаруашылық құрылымдары міндетті түрде өз қаражаты есебінен өңдеу шараларын жүргізуі тиіс. Тұрғындар арасында оған қатысты түсіндірме жүргізілген. Кенені табиғаттан жойып жіберу мүмкін емес. Оны тұрғындар да біледі. Ескеретін нәрсе, бұл жәндік өте тез дамиды, көбейеді, қоршаған ортаға тез бейімделеді.

Мамандар бірнеше жылдың динамикасын салыстырып көргенде, аурудың маусым-шілде айларында көп тіркелгенін байқаған, яғни, осы екі айда өршіген. Жыл сайын көктемгі, күзгі эпидемиологиялық маусымда арнайы зоологиялық-паразиологиялық топ құрылып, кененің таралуы, дамуы, түрлік құрамы, жұқпалылығы, яғни жалпы эпизоотологиялық жағдайға зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Биыл Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының зертханасында 2917 кене сынамасы зерттелген. Мамандар жұқпалылық көрсеткіші (құрамында КҚГҚ вирусы бар кененің үлес салмағы) 6,5%-ды құрағанын анықтады.

Тұрғындар ауруды негізінен кенеден жұқтырады. Ол сәуiр-қазан айлары аралығында жиі тіркеледі. Сондай-ақ, жабайы және үй жануарларының ағзасында ауру қоздырғыштары кездеседі. Адам оны кене шаққан жағдайда жұқтырады. Мұндай жағдай қанында вирусы бар малды сойғанда болуы мүмкін.

Оған шалдыққан науқастың дене қызуы кенеттен 39-40 С градусқа дейін көтеріледі. Басы ауырады, көз қызарып, мойын, арқа, бел ауырады. Лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі көрініс беруі ықтимал. Денеде бөртпелер пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен, асқазаннан қан кетеді, ине салған орындар қанталайды. Науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, ол өлім жағдайына әкеліп соқтырады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Облыс әкімі аппараты жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының мәліметі бойынша биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштары – кенеден қолайсыз елді мекендерге көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде 4 мердігер мекеме жеңімпаз болып танылды.

– Нәтижесінде олармен 200,2 млн теңгеге келісім-шарт жасалған. Аралда 18, Қазалыда 13, Қармақшыда 11, Жалағашта 12, Сырдарияда 9, Шиеліде 17, Жаңақорғанда 15, Қызылорда қаласына қарасты 11 елді мекен залалсыздандырылған. Кенеге қарсы шаралармен 196 мыңнан астам ірі қара, 332,8 мың уақ мал, 26,5 мың түйе қамтылған. 2,3 млн шаршы метрді құрайтын 31 993 қора, суат-шаңлақтарға көктемгі залалсыздандыру жасалды. Облыстық ветеринария басқармасының ұсынысымен оған «Креолин Х» ерітіндісі қолданылған. Көктемгі залалсыздандыру жұмыстары Ұлттық сараптама орталығы облыс бойынша филиалымен келісіліп, бекітілген кестеге сәйкес биылғы 11 сәуір мен 13 маусым аралығында жүргізілді. Облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады. Қолайсыз елді мекендерде қосымша нүктелік түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді облыс әкімі аппаратының жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов.

Қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандырумен айналысқан мердігерлер жұмысы қалай бақыланады? Олар өздеріне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқармаған жағдайда қандай жазаға тартылады?

Бұл сауалдарға жауап берген Бауыржан Садықов әр ауылдық округте ветеринариялық маман бар екенін атап өтті. Оған қоса аудан орталығында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен ветеринариялық мекемелердің өкілдігі жұмыс істейді. Жауапты мамандар атқарылған жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуын қадағалайды. Сондықтан әрбір залалсыздандыру шарасы мамандар тарапынан тыс қалмайды.

Қалай десек те, адам өмірі бәрінен қымбат. Кенеден келген кесел азаматтардың өмірін үзіп жатса, не істеуіміз керек? Құзырлы орындар оған қатысты жауапкершілікпен жұмыс атқарып, тиісті нәтижесін  қадағалағаны артық емес. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан қауіпсіздік шараларына баса назар аудармай болмайды.

Әділжан ҮМБЕТ
11 шілде 2023 ж. 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930