Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ




Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында жаңа департамент басшысын таныстырды.

Актив отырысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов арнайы келіп қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымына Мендалиев Ерлеген Жәрдемұлы тағайындалды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қызметтегі негізгі қағида – адалдық, кәсібилік, құзіреттілік, ашықтық болуға тиіс. Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру» деп мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы бет-бейнесі қандай болуы керектігін айқындап берді. Бұл ретте департаментке аймақтағы кадр қызметін кәсіби дамыту, мемлекеттік органдардың қызметін бюрократиядан арылту, облыс тұрғындарын мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен сапалы әрі дер кезінде қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар қабылдау міндеті қойылған. Ерлеген Жәрдемұлы асқан жауапкершілікті талап ететін салада жоғары білімі мен терең тәжірибесін аймақтың игілігіне арнап, әлеуеті жоғары кадр ретінде алға қойылған міндеттерді кәсіби деңгейде атқарып, тың бастамалар мен жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенеміз», – деді аймақ басшысы.

Агенттік төрағасының орынбасары Азамат Жолманов жаңадан тағайындалған департамент басшысының қызметіне сәттілік тіледі.

Ерлеген Жәрдемұлы 1972 жылы Атырау облысында дүниеге келген. ҚР Ішкі істер министрлігінің Қостанай заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті Ақтау қаласы бойынша тергеу бөлімінің тергеушісі ретінде бастаған. 2005-2013 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы, тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

2013 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі лауазымын атқарып келді.
19 мамыр 2023 ж. 530 0