Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Электр жүйесі: Жаңаруға беталыс қалай?

Электр жүйесі: Жаңаруға беталыс қалай?



Бұдан өзге Мемлекет басшысы Мәжіліс қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы барын айтты. Оны депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Сондай-ақ коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде апат болуы, көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылым тапшылығын Президент сынға алған еді.

– Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет, –деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Расымен, кеңестік кезеңде пайдалануға берілген коммуналдық желілер мен жылу станциялары биыл жұртты біраз әбігерге салды. Риддер, Екібастұз және өзге де қалаларда жылу станциялары істен шығып, тұрғындар қиналды. Аталған жағдайға ел Президенті араласып, шұғыл шешімдердің арқасында жағдайдың уақытша болса да дұрысталғаны белгілі.

50 жылдан бері ауыспағаны ма?
Біз өзімізді айтсақ. Қызылорданың желі айтпаса да түсінікті. Сырт көзге аласапыран дауыл болып көрінетін табиғат құбылысына өзіміз үйренгенбіз. Бірақ «жарықтың жалп ете қалуына» мұның әсері жоқ емес. Әсіресе, күз бен қыс айларында «бар қауқарым осыған жетті» дегендей, біздегі электр бағандарының құлап, ондағы бойлай жалғанған сымның үзілуі жиілеп кеткені шындық еді.
Еске түсірсек, жаңа жылдың басында ғана ауа райының қолайсыздығынан бұл жағдай тағы қайталанды. Облыс орталығының кейбір аумағы мен аудандардағы елді мекендерде жарық сөніп, толассыз жауған жаңбыр мен қар кесірінен көше біткен суға толды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен сала мамандары жедел әрекет етіп, көп ұзамай жарық жанды, көше де көлкіген судан тазартылды.
Артынша облыс басшысы шұғыл жиналыс өткізгенін білеміз. Мереке күндері тұрғындарға қолайсыздық тудырып, ақауға жол берген жауапты сала басшыларының жұмысы сынға алынды. Кейбіріне қатаң сөгіс жарияланды. Иә, жиында айтылғандай, көп ауылдағы электр желілерінің 70-85 пайызы ескірген. Осының салдарынан кемшілік орын алған. Оның үстіне трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстарына көп қаржы қажет көрінеді. Алайда облыс әкімі жағдайды мұндай күйге жеткізбеу керектігін қатаң ескертті.
Жалпы, жарықтың жайына байланысты күрделі мәселелер бар. Бірақ, қозғалыс, бастама, Үкіметтік деңгейде мәміле барын да ұмытпаған жөн. Бір ғана мысал, бізде 1970 жылдан бері ауыстырылмаған электр бағаналары мен желілері бар. Бұған трансформаторларды да қоссақ болады. Бүгінге дейін ауыстырылмаған желі мен электр тоғын тарататын трансформаторлар күз бен көктемгі жауын-шашын не қар еру кезінде жиі апаттық жағдайға ұшырайтыны да осыдан болса керек.

Тозу деңгейі 68 пайыз немесе 3,1 млрд теңге қайда жұмсалмақ?
Бұл облыс бойынша электр желісі мен бағандары, сондай-ақ трансформаторлардың ескіруі жайлы көрсеткіш. Мұны біз облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұстафаевтың өз аузынан естідік. Ал жалпы аймақта 10121 шақырым электр желісі, 1867 қосалқы станция бар екен.
– Биыл «Қызылорда қаласында электр желілерін дамыту, қайта құру және жаңғырту» қаржылық-экономикалық негіздемесімен бағдарлама дайындалып, соның аясында 3,1 млрд теңгеге жоба жасалды. Бұл екі кезеңге бөлінген. Қазір облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге ақшасы бөлінді. Бұған қажетті жабдықтар сатып алынып, жұмыс біртіндеп басталып жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарланған, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, бөлінген қаржымен біраз керектілер түгелденбек. 35 10/0,4 кВ қосалқы станциялары ауыстырылып, дәл осындай кірпіштен қаланған 27 трансформаторға күрделі жөндеу жүргізіледі. Қосымша ауыстыруды қажет ететін 31 шақырымнан астам электр желісі де бар. Сондай-ақ қызметтік 16 «УАЗ» автокөлігі сатып алынады.
Бұдан бөлек, облыс бойынша аудан және ауылдардағы жоғарғы кернеудегі желілердің тозуына байланысты 10 жоба жасалуы тиіс. Қазір бұл бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасына өтінім берілген. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауын электрмен жабдықтау бойынша екі кезеңнен тұратын жоба әзірленуде.
Ал былтыр «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 294 млн теңге бөліпті. Компанияның бас инженерінің айтуынша, қажетті жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған.
– Бұдан бөлек, былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша 345 млн теңге қаралып, 33 шақырымнан астам электр желісі ауыстырылды. Электр энергиясын автоматты есепке алу аспаптарына қосу, №9 орталық электр тарату қондырғысындағы 10 кВ-тық бірінші секция ұяшықтары жаңартылды. Компания облыстық бюджет арқылы 548 млн теңгеден астам қаржыға қаладағы «Силикатная», «Комсомол» қосалқы станцияларында 35/10 кВ үш трансформаторды жаңасына ауыстырып, іске қосты. Сондай-ақ 4 вакумды ажыратқыш сатып алынған еді. Қазір «Промышленная» қосалқы станциясына осы ажыратқыштар орнатылуда, – дейді  Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Нұрбай Ізтілеуов.
Ал биыл компаниядан облыс бойынша күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 311 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама шеңберінде Қызылорда қаласындағы электр желілерін жаңарту үшін 371 млн теңгеден астам қаржы жоспарланып отыр.

Аудандардағы ахуал қалай?
Алдымен Аралды айтсақ. Аудан бойынша 2 мың шақырымға жуық электр желісі бар. Бұл 1970-1980 жылдары пайдалануға берілген. Бүгінде 80-85 пайызы ескірген желілер дауылды-жауынды күндері сыр беріп тұр. Осыдан кейін халықты сапалы электрмен қамту бойынша жиі мәселе туатыны белгілі. Осы түйткілді шешу мақсатымен аудан орталығына 0,4 кВ әуе желісін жүргізу үшін жоба-сметалық құжат әзірленіп, оған қажетті 713 млн теңгеден астам қаржыға бюджеттік өтінім берілген. Бұдан басқа осы мәселеде кезек күттірмей шешуді қажет ететін елді мекендер бар. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, Сексеуіл кенті, сондай-ақ Бекбауыл, Абай, Шижаға, Қаратерең, Аралқұм және Аманөткел ауылындағы электр желілерін ауыстыру бойынша жобалық құжаттар дайындалып жатқанға ұқсайды.
Ал Қазалыда бұл жұмыстар бойынша қарқын бар. Тозу деңгейі 75 пайызға жеткен мың жарым шақырымнан астам желі және 183 трансформатордың көбісі ауыстыруды қажет етеді.
Былтыр шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Қазалы қаласының он көшесі жарықтандырылып, ұзындығы 10 шақырымнан астам электр желісі қайта тартылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып отыр. 150 млн теңгеге жуық қаржыға 16 шақырымнан астам желі ауыстырылмақ. Қосымша Әйтеке би кенті мен Ү.Түктібаев ауылының желілерін қайта жаңғырту бойынша аудандық бюджеттен құжаттары әзірленген еді. Ол сараптамадан оң қорытынды алып, барлығы 577 млн теңгеден астам қаржы қажеттілігі туындаған. Қазір облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған.
Қазалы ауданы бойынша тағы да 10 елді мекенге осындай жоба әзірленуде. Ал Әйтеке би кентіндегі 600 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді электрмен қамту үшін жасалған жобаны (жалпы құны – 1 млрд 337 млн теңге) мұндағы жауаптылар Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсыныпты. Сондай-ақ кенттегі қосалқы электр станциясы құрылысының жоба-сметалық құжатына аудан бюджетінен қаржы бөлінгенін естідік.
Қармақшы ауданында тұрғындарды электрмен қамту бойынша үш мекеме жұмыс істейді. Олар – Қармақшы аудандық электр тарату, Теміржол электр тарату және Төретам электр тарату тораптары. Мұндағы жағдай Арал мен Қазалыға өте ұқсас, желілер мен бағандары сонау 1970-жылдары тартылған. Ұмытпасақ, 3 жыл бұрын Жосалы мен Төретам кентіндегі қосалқы станциялар қайта жаңғыртудан өткен еді. Сондай-ақ Төретам мен Ақай ауылындағы электр желілері жаңартылды. Қазір аудан бойынша Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Ақтөбе және Иіркөл ауылындағы электр желілерін ауыстыру үшін демеушілер есебінен 17 млн теңгеге жоба әзірленген. Облыстағы тиісті басқармаға ұсынылыпты. Керекті қаржы 827 млн теңге көлемінде. Бұдан өзге 7 ауылға да тиісті құжаттар дайындалуда.
Жалағашта кейінгі үш жылда облыстық бюджет қаржысымен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ арқылы 6 ауылдағы электр желілері (109,5 шақырым желі, 35 транформатор) ауысты. Нәтижесінде тозу деңгейі 75-тен 45,2 пайызға төмендеген. Былтыр Ақсу, Мырзабай ахун, Қаракеткен, Есет батыр елді мекендері бойынша жобалық құжаттар әзірленіп, басқармаға бюджеттік өтінім берілген. Ал биыл республикалық бюджеттен Ақсу мен Қаракеткен ауылына 270 млн теңгеден астам қаржысы бөлініп, мердігерлері анықталған. Айта кетейік, алдын ала зерделеу жұмыстары бойынша ауданда әлі де 31 шақырымнан астам желі мен 27 транформаторды ауыстыру қажет.
Биыл сапалы электрмен қамтудағы жүйелі жұмыс Сырдария ауданында жақсы басталды. Мұнда елу жылдан бері ауыстырылмаған электр жүйелеріне биыл қаржы қаралған. Жел мен дауыл, қар мен жаңбырдан сан мәрте ажыраса да бүгінге дейін төзіп келген Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл және Аманкелді ауылындағы көнерген электр жүйесінің жайы енді жақсарады. Айтпақшы, аталған елді мекендердегі трансформаторлар да сыр беріп тұр. Жарықтың жиі сөнуі де осыдан.
Былтыр Сырдария ауданының әкімдігі мен жауапты бөлім аталған 4 ауылдың электр жабдықтарын ауыстыру үшін барлығы 1,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім тапсырған еді. Бұл жоба облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен қолдау тауып, қажетті қаржысы бөлініпті. Енді біз айтып өткен елді мекендердегі электр бағаналары, ондағы сым, трансформаторлар түгелдей ауыспақ. Жұмысы басталды, төрт ауылдағы құрылысты «УниверсалСтройСервис» ЖШС жүргізетін болады.
Айтпақшы, Шаған ауылында да осындай ауыстыру жұмыстары өтуі мүмкін. Өйткені, ең үлкен елді мекендегі электр бағаналары мен ондағы сым көше бойымен емес, тұрғын үйлер, қоражайлар үстімен жүргізілген, яғни, талапқа сай емес. Бүгінде аталған құрылыс жобасын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы бюджеттен қаржыландыруға өтінім жолданған.
Былтыр Шиелі ауданындағы 22 ауылдың әрқайсысына бір трансформатордан сатып алынып, орнатылған еді. Сондай-ақ барлығы 46 шақырымнан астам әуе желісі мен 5 қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізіліпті. Аудан әкімдігі берген мәліметке көз жүгіртсек, өңірде 635,75 шақырым желі тозған. Бұл 72 пайыз деген сөз.
Биыл да Шиеліде бұл жұмыстар жалғасады. 56 шақырымға жуық желі мен алты қосалқы электр станциясын күрделі жөндеу, ал 34 шақырымнан астам желі мен 6 трансформатор ағымдағы жөндеуден өтеді.
Аудан орталығындағы «10/04 кВ электр желілерін реконструкциялау» жобасы бойынша құжаттар әзірленген еді. Сараптамадан оң қорытынды шығып, қажетті 809 млн теңге шамасында болатын бюджеттік өтінім берілген. Сонымен қатар, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Байсын, Жиделіарық, Бестам және Бидайкөл елді мекендеріндегі электр желісінің құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініпті.
Жаңақорғанда да электр желілік жүйенің тозуы 75 пайыздан асады. Аудан бойынша 1332,6 шақырым желі, 245 қосалқы станция бар. Бүгінде Жаңақорған кентіндегі желілерді қайта жаңғырту мақсатында жалпы құны 3 млрд 422 млн теңгеге жуық мемлекеттік инвестициялық жоба іске асуда. Бұл жұмыстарға былтыр республикадан 899 млн теңгеге жуық қаржы қаралып, 70 шақырым желі ауыстырылған. Биыл 1 млрд 175 млн 676 мың теңге бөлініп, жұмысы жалғасуда.
Аудан орталығынан бөлек, 25 ауылдық округ болса, оған қарасты 34 елді мекен бар. Былтыр барлығы 2,3 млрд теңге болатын 9 мемлекеттік инвестициялық жоба әзірленген. Биыл бұған 503 млн теңге бөлініпті. Қазір құрылысты жүргізетін тиісті мердігер анықталуда. Сонымен қатар, жыл басында құны 3,2 млрд теңге болатын 10 жоба дайындалып, тиісті орындарға жолданған. Иә, айтып өткен жобаларға уақытында қаржы берілсе, Жаңақорғандағы электр желісі бойынша тозу деңгей 51, ал апаттық жағдайлар 42 пайызға төмендемек.

Сөз соңы. Мақала басында айтып кеткендей, біздегі электр жүйелерінің тозу деңгейі жоғары екендігі рас. Ал оның деңгейін төмендету үшін 153 млрд теңге қажет екен. Жыл басындағы әбігерден соң сол уақытта шұғыл жиын өткізген облыс әкімі бұның бір күнде шешілетін мәселе еместігін айтқан еді. Сонда да қарап отырмай, жауапты сала басшыларына қолдағы бар ресурстарды пайдаланып, кез келген жағдайға дайын болу қажеттігін қатаң түрде ескерткені бар.
Халықты электр жарығы және ауызсумен қамту – кезек күттірмейтін мәселе. Сол жиында аймақ басшысы арнайы комиссия құрып, ақау себептері мен жою жолдары бойынша шұғыл ұсыныс беруді тапсырды. Сондай-ақ комиссия құрамына білікті мамандар мен осы саладағы ардагерлерді де қамту керектігін айтты. Ендігі үміт – жауаптылардың облыс әкімі айтқан сыннан қорытынды шығаруында. Ал көктем басталып, күн қызған шақта құрылыстың жанданатыны рас. Біз айтып өткен энергияға қатысты жобалардың нәтижесі күз бен қыста, дауылды һәм жауынды күндері белгілі болатын шығар. Әзірге жарыққа қатысты мәселенің жай-жапсары осындай.

Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
01 сәуір 2023 ж. 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930