Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық кино үлгісі

Ұлттық кино үлгісі



Ұлт киносының тұғыры биік тұлғасы Сұлтан-Ахмет Қоңырқожаұлы Қожықовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ жерінде қолына кинокамера ұстаған алғашқы адамдар 1925 жылы Түрксіб темір жолының салыну барысын түсіруге келген екен. Ол кезде Сұлтан ағамыз екі жаста ғана болатын.

«Қыз Жібек» фильмін түсіру «Қазақ­фильм» кино­студиясы үшін өте маңызды кезең болды. Бұған дейін қазақ өмірінің өткен заманда қандай ауыр да азапты болғанын, халықтың тұрмысы жоқтық пен тарлықта өткенін фильм жасауды қолға алған Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған топ жақсы білді
 
Басқа туындыларын былай қойып, тек «Қыз Жібек» фильмін еске алғанның өзінде Сұлтан Қожықов қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы болып есеп­телетіні әмбеге аян. Ағамыз туралы осы естелігімізді ел мәдениетінің алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильмінің түсірілу тарихына арнағанды жөн көр­дік.­ Себебі жаңа буын жастар өсті және мұн­дай орасан зор тарихи оқиғалар тура­лы, өкінішке қарай, көп айтыла бер­мей­тіні де жасырын емес.
Қазақ «Қыз Жібек» жырын «махаббат гимні» деп атайды. Ғасырлар бойы ауыз әдебиетінің дамуында эпос өзгерістерге ұшырап, жетілдіріліп, на­ғыз көркем туындыға айналғаны анық. Солай болса да қазақ қоғамында жеке бастың бостандығы, сезім мен махаббат еркіндігі туралы пайымдар ашық айтыла бермеген. Ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты салттары үстем болғаны да белгілі. Солай бола тұрса да «Қыз Жібектің» шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың эстетикалық па­йым-түсінігіне белгілі бір дәрежеде жаңа­лық болғаны уақыт талабын білдіреді. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне ла­­йық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйлену­ді көздеуі – сол кезеңдегі жастардың ­ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарауының басты себебі де осында. Википедияны ақтарып отырған әр қазақ «Қыз Жібек – қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дас­тан» екенін біледі. «Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры заманында талай жанарға жас үйірілткені айтпаса да түсінікті. Жібек бейнесін сұлу­­лық пен әсемдіктің нышаны, жыр­ды қазақ халқының рухани құндылығы­на қосылған баға жетпес асыл мұра де­сек, қателеспейміз.
Қазақтың ұлттық лиро-эпикалық «Қыз Жібек» дастанының кинонұсқасы 1972 жылдың қыркүйек айында әлем­дік экранға жолдама алған. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1969-1971 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында түсі­рілген бұл екі сериялы көркем фильм­нің кинорежиссері Сұлтан-Ахмет Қожы­қов­тың туғанына бүгін 100 жыл толып отыр­ғаны тілге тиек болып отыр.
Сұлтан-Ақмет Қожықов 1923 жыл­дың 10 наурызында Жамбыл қаласында Алаш қайраткері – Қоңырқожа Қожы­қовтың (1880-1938) отбасында дүниеге келген. Анасы Ләтипа Мұңайтпасова-Қожықова (1893-1960). Олардың Сұл­тан-Ахметтен үлкен үш ұлы Қожа-Ахмет, Құлахмет, Нұрахмет өсе келе қыл­қа­ламынан тамаша дүниелер туған дарынды суретшілер болды. Олар­ға еліктеген Сұлтан-Ахмет те суретке қабілеті бар eкeнін ерте көрсете бас­та­ды. Оған себеп балалардың анасы Ләтипа қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендірушісі еді. Сұлтан-Ахмет дүниетанымының қалыптасуында негізінен әкесінің ықпалы зор болды. Ол қазақ мектептерінің мұғалімдері мен шәкірттері үшін әр дыбысты жеке әріппен таңбалайтын «Әліппе» жазған адам. Ағартушылықпен қатар ұлттық қозғалысқа қатысып, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан. Тіпті Түркістан Орталық атқару комитеті мен оның төралқасының мүшесі, бірнеше рет ТүркЦИК мүшесі, Қосшы ОК басшыларының бірі болған. Мәдениет саласына да үлкен үлес қосқан тұлға­лардың бірі, 1935-1936 жылдары профессор С.Асфендияровтың жетекшілігі­мен жарық көрген «Қазақтың өткен­де­гі тари­хы туралы деректер мен мате­риалдар» атты екі томдық құнды еңбек­ті құрас­тырушылардың бірі. Ұлт­тық көне ескерт­кіштерді қорғау комитетін ұйым­дастырып, Қазақстандағы бағзы ескерт­кіштердің атлас-картасын жаса­ған қайраткeр.
Сұлтан-Ахмет мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде сурет салуға машық­тана бастаған. Оның алғашқы сурет­тері «Ара» журналы, «Известия» газеті сияқты басылымдарда жарық көрген.
1941 жылдың маусымында Ұлы Отан соғысы басталғаннан-ақ он сегіз жасар С.Қожықов әйгілі 8-ші гвар­­­диялық панфиловшылар диви­зия­­сы жауынгерлері қатарында неміс-фашистеріне қарсы соғысқан. Майданнан жеңіспен оралған Сұлтан-Ахмет ағасы Құлахметтің кеңесімен Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік бө­лі­міне кеңес одағының танымал кино шебері Александр Довженконың шеберханасына оқуға түседі. Институтты 1953 жылы бітірген ол Алматы көркемсурет­ті және деректі фильмдер киностудиясында еңбек ете бастайды. Жас режиссерге оның тәжірибелі ленинградтық кинорежиссер Павел Боголюбовпен бірге екінші режиссер дәрежесінде жұмыс атқарған «Шабандоз қыз» атты фильмі өте қолайлы тәжірибелік әсер береді. «Ана мен бала» деп аталған алғашқы режиссерлік дебютін өзінің сценарийі бойынша түсіреді. Фильм жастар тәрбиесіне арналған маңызды тақырыпты көтереді. Режиссер кино өне­рінің көркемдік мүмкіндіктерін игеруді қоршаған орта мен өмірдің қызық сәт­терін бастан кешудегі жас тұлғаның орны және оның іс-әрекеттерін кино­ның бейнелеу әдістемелерімен сәй­кестендіру арқылы ұтымды жолдарға бағыт­тайды. Сөйтіп, жаңа экрандық ше­шімдерге жетуді меңзейді, кино тілі­не өзіндік жаңалық енгізгісі келеді. Осындай ізденістер мен талпыныстар Сұлтан-Ахмет Қожықовтың келесі фильм­дері «Біз Жетісуданбыз», «Егер біз әрқайсымыз...», «Жартас үстіндегі Шынарда» молынан байқалады. Адам өмірінің қоғам дамуымен тығыз байланысы туралы философиялық концеп­ция адамның жан дүниесінің жарасымды дамуына жол іздеуді талап ете­тіні анық. Әрине, әр тақырыптың өзіндік қайталанбас экрандық шешімі болатыны даусыз. Әр шығарманың авторы өзіндік үлгі не болмаса стиль қарастыратыны да белгілі. Сондықтан Сұлтан-Ахмет Қожықовтың режиссер­лік қолтаңбасының ерекшелігін, шығар­машылығының шарықтаған шыңын өзге туындыларынан гөрі «Қыз Жібек» филь­мінен іздеген дұрыс деп есептеймін. «Қыз Жібек» фильмі десек Сұлтан Қожы­қовты, Сұлтан Қожықов десек «Қыз Жібек» фильмін елестетеміз. Бұл Сұл­тан ағамыздың жұлдызды сәті. Бас­қаша ойлау да мүмкін емес!
«Қыз Жібек» жырында қазақ хал­қының өмірі мен тұрмысы, кәсіп-тір­шіліктері мен салт-санасы, елдігі мен ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақ­саты жан-жақты, терең әрі көркем жыр­ланғаны қызығушылық пен көңіл күйдің сүйсінуі мен шарықтауына жол ашады. Жырды оқыған оқырманға, фильмді көрген көрерменге небір әсерлі әсем сезімдер сыйлайды. Ертеректе өзіміздің тыңдармандар мен оқырмандарға тамаша көңіл күй тарту ететін «Қыз Жібек» жыры кейінгі жарты ғасырда әлемнің миллиондаған көрерменіне «Қыз Жібек» (1970 жылы) фильмі арқылы Ұлы Даланың аңызға айналған ақ махаб­батының сыр-сипаты толыққанды жет­кізілгені талассыз.
Сол кездегі «Қазақфильм» кино­сту­диясының директоры Камал Сма­йы­лов өзінің естелігінде былай дейді: «... 1967 жылғы 7 қыркүйекте фильм­ді бастау туралы бұйрық алып, Сұл­тан екеуміз Ғабит Мүсіреповтің тау­дағы саяжайына барған болатынбыз. Сөй­лестік, келістік. Ол кісі іске кірісті. Содан жемісті жұмыс істеп, сцена­рийді бітіріп, араб әрпімен жазған күйінде студияға алып келді. Ғабеңнің сценарийді көркемдік кеңесте шабыттана, толғана оқып шыққаны бәріміздің есімізде. Фильмнің басты идеясы мен пікірі – Төлегеннің «Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрміз ғой!» деген сөздерінде берілген. Сондықтан да фильмнің басында руара, өзара болған шайқастан жеңсе де, жеңілгеннен жаман зардап шегіп, қара жамылған ел­дің қайта-қайта жүректі тітіркендіре­­­тін «Жау-жау... жау Алтайға... Арқаға... келіп қалды» деп өне бойы аттанның астына түсе беруі де заманның рухы мен заңы! Осының бәрі сценарийде жазылған...».
Фильм Дінмұхамед Қонаевтың кө­ме­гімен Одақтық Кино комитетінің рұқ­­­сатымен екі серия болып ұзарты­лып жұртқа алғаш рет көрсетілгенде, Ғабит Мүсірепов тебірене сөйлеген екен: «Бүгін мен осы фильмді қойған Сұл­тан Қожықов алдында тізе бүгем. Ол ғана емес, бәріңе де рахмет айта­мын. Бүгін осы фильмді көруге мына жа­зу­шы­лардың бәрін әдейі ертіп келдім. Оларға алдын ала «Егер фильм орташа шыққан болса, қабылдамаңдар, екі қолдарыңды көтеріп, қарсы болыңдар» деген едім. Енді мен фильм шықты, фильм ұнады деп ашық айтамын. Сіздер Сұлтанға менің құттықтау алғысымды жеткізесіздер деп ойлаймын. (Фильм тапсырылған күні Сұлтан ауырып, келе алмаған екен – автор). Мен онымен үш жыл бойы айтысып келген едім. Дегенмен осы үш жыл екеуміздің арамызда шығармашылық ынтымақ болып келді ғой. Бар ұжым­ға алғыс айтамын. Әуел баста риза бол­май, көңілім толмаған еді. Енді мен бәрі­ңе ризамын, бәріңе рахмет айтамын!..» (К.Смайылов, 3 томдық шығармалар жинағы, «Қазығұрт» баспасы, 2004 ж. 127-бет).
Осы ретте «Қыз Жібек» фильміне қатысты айта кететін тағы бір мәселе бар, ол Сұлтан-Ахмет Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін түсіруіне оның туған ағасы Құлахмет негізгі себеп­кер болды делінеді көп жерде. Жоғарыда айтып кеткендей, Сұлтан-Ахмет Қоңыр­қожа отбасының кенжесі, оның үш ағасы да суретші болған, олардың ішін­дегі Сұлтан ағаға етенесі, әрине, Құлахмет, ол театр мен киноға жақын адам. Сұлтан-Ахметтің кино институтына түсуіне негізгі себепкер болған да сол ағасы. Құлахмет ағамыз қазақ кино өнеріне елеулі үлес қосқан суретші, бірнеше фильмнің қоюшы суретшісі болған, Шәкен Аймановпен, тіпті Сергей Эйзенштейнмен жұмыс істеген. Қазақта құланның қасынуы мен мылтықтың ба­сылуы туралы түсінік бар ғой. Сол сияқ­ты Құлахмет аға Сұлтаннан он жас­­тай үлкендігі болса да, інісін сол кез­дегі кеңес одағындағы кино өнерінің ше­бері Александр Довженконың шә­кір­ті ретінде жоғары бағалап, оның ре­жис­суралық ­жоспарлары туралы ақыл­дасып жүретіндігі мәлім. Оның үсті­не Құлахмет аға сурет­ші ретінде «Қыз Жібек» лирикалық эпосына өз қалауымен көптеген эскиз бен гра­фикалық ізденістер жасаған адам. Жо­ға­рыда Камал ағаның Мәскеу арқы­лы «Қазақфильм» киностудиясының ­жоспарына «Қыз Жібек» фильмін түсі­ру қажеттігі туралы әңгіме қозғалған­да, ағайындылардың арасында да ондай әңгіме болуы әбден ықтимал. Тіпті заң­­дылық десек те болады. Фильмнің режис­серлігіне Сұлтан аға бірден ұсы­нылған. Себебі оның бұл фильмге он алты жыл дайындалғанын киностудия басшылары жақсы білетін. Айта кету керек, Құлахмет фильмнің алғашқы ке­зеңдерінде қоюшы-суретші міндетін де атқарған. Ол жұмысты әрі қарай не себепті жалғастырмағаны ағайынды екеудің арасында ғана шешілген әңгіме. Құлахмет Қожықов бар эскиздері мен да­йындалған графикалық жұмыстарын режиссер бауырының қолына тапсыр­ған. Фильмнің бас суретшісі Гүлфайрус Ысмайылова да эскиздерді өз жұмысында толық пайдаланғаны бүкіл түсіру тобына белгілі. Сұлтекең «Қыз Жібек» фильміне дейін 28 гвардияшыл-панфиловшылар туралы тақырыпқа іштей дайындалып жүрген екен. Ал мұндай фильмді панфиловшы жауынгер Сұлтан-Ахмет Қожы­қов түсірмегенде кім түсіруі керек еді?! «Қыз Жібек» біткеннен кейін де аталған тақырып көп жыл Сұлтан ағаның жоспарында, сценарлық редакциялық алқаның құжаттарында болғаны да даусыз.
«Қыз Жібек» фильмін түсіру «Қазақ­фильм» киностудиясы үшін өте маңызды кезең болды. Бұған дейін қазақ өмірінің өткен заманда қандай ауыр да азапты болғанын, халықтың тұрмысы жоқтық пен тарлықта өткенін фильм жасауды қолға алған Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған топ жақсы білді. Сонымен қатар эпопеяда жыр болып айтылатын қуанышты тойлар (әрине, азалы астар да болды), небір ғажап салтанатты кештер – осының бәрі фильм оқиғасының өрбитін ортасы, бәрін экранда көрсету керек. Сырлыбай мен Базарбайдың әсемдікке бөленген бай ауылдары, халықтың сән-салтанатқа негізделген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері төрт, алты қанаттан бастап жиырма төрт қанатқа дейін бой түзейтін ақ шаңқан сәулетті киіз үйлер. Асыл тасты әшекейлер, оқалы сәнді киімдер, ат әбзелдері – күміс ер­тоқымдар, алтын алқалар, қымбат аң терілерінен тігілген киімдер халықтың тұрмыста қолданған бұйымдары. Қа­зақ­тың кең даласының ана шеті мен мына шетін жақындастырған, жаумен айқасқанда жаның сақтаған ер жігіт­тің қанаты – қазақтың қазанаты. Қазақ сахарасының көркем табиғаты – күміс көлдері, мұнарлы таулары, гүл жайнаған кең даласы, қара ормандары бәрі-бәрі бұл фильмде орнын табуы керек. Міне, осының бәрін ұйымдастырып, әзірлеп, дайындау қажет болған. Осының бәрін режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов бас­таған түсіру тобы іске асырды. Жар­­ты ғасыр әлем жұртшылығының наза­­рындағы «Қыз Жібек» фильмі хал­қы­мыздың мақтанышы мен рухани құн­дылығына айналды. Кейін сыншылар, өнер зерттеушілері бұл фильмді «қазақ тіршілік-тұрмысының киноэнциклопедиясы, қазақ халқының кино төлқұжаты» деп те атады (К.Смайылов).
Фильмде Қыз Жібек болып ойнаған актриса Меруерт Өтекешеваның бүкіл Қазақстанның сұлу қыздарының іші­нен қалай іріктеуден өтіп, рөлге қалай бекітілгені туралы талай аңызды естідік. Ол туралы Камал Смайылов ағамыздың жазып кеткен естелігінен тағы бір үзінді келтірейік: «Актерлерді іріктейтін сәт те келіп жетті. Ең алдымен, әрине, Жібекті дұрыс, дәл таңдап-тауып алу қа­жет. Бірақ алыстан іздеп жүрген Жібек сту­дияның дәл қасынан, Алматыдан табылды. Бір күні режиссер Мағауина Ғазел Меруерт Өтекешеваны алып келді. Ол Алматының №66 мектебінде, 10 сыныпта оқиды екен. «Келбетті, аққұба, жұқа өңді, көзі қара, сүмбіл шашты – қалай қараса да экранда өте сүйкімді көрінеді. Әрі жас, сондықтан да өте ұяң, қысы­лып ойнайды. Осы жағы алаңдатады. Ертең драмалық, трагедиялық сәттерде өзін-өзі көрсете ала ма? Ертең «жеңдік» деген хабарды естігенде «сүйіншілеп, ат үстінде екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, аққудай қанат жая ұшатын Жібекті көрсете ала ма?» деп Ғабит Мах­мұдұлы орынды сұрақ қойды. «Қазір ат та олай зулай алмайды. Бірақ кино түсіру басталғанға дейін үйретеміз, жат­тықтырамыз. Оған ынтасы да, ың­ғайы да бар», деді Сұлтан. Ақыры Сұл­тан дегеніне жетті. Меруерт Жібек рөліне бекітілді». Дәл солай Төлеген рөліне Құман Тастамбеков таңдалды.
Рас, Сұлтан аға дегеніне жетті. Қа­зақ актерлерінің таңдаулы өкілдерін жи­нады: Бекежан – Асанәлі Әшімов, Шеге – Әнуар Молдабеков, Кербез –Фа­рида Шәріпова, Қаршыға – Ыды­рыс Ноғайбаев, Базарбай – Кәукен Кенже­таев, Қамқа – Сәбира Майқанова. Бәрі де өте дарынды, беткеұстар актерлер. Айта кету керек, түсіру тобының құрамы да өте белгілі суреткерлерден құралған-ды: операторы – Асхат Ашрапов, бас суретші – Гүлфайруз Ысмайылова, композиторы әрі дирижері – Нұрғиса Тілендиев, редакторы – Асқар Сүлейменов.
Уақыт өте келе бұл жұмыстың біз, бүгінгі киногерлер үшін маңыздылығы арта түсті. Әлі де шығармашылық және өндірістік жағынан арнайы кинотану еңбектері жазылатыны анық. Әрине, белгілі себептермен бұл қазақтың ұлт­тық фильмі болғандықтан, әлемдік фес­тивальдар мен байқауларға кеңес одағы кезінде қатыса алмағанын, ал қазір уақыт өтіп кетті – кеш, қандай жүлделер мен атақтардан тысқары қалғанын өкі­нішпен сезінеміз. Бірақ қайталап айтсақ та «Қыз Жібек» – қазақ кино өнерінің ең ғажап үлгілерінің бірегейі. Себебі ол өзінің халықтық фильм екенін, қазақ­тың ұлттық фильмі екенін жарты ғасыр­дан бері дәлелдеп келеді, әлі де сол құр­­метінен айырылмайды деп сенеміз. Фильммен бірге оны өмірге келтір­ген кино өнерінің хас шебері Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған түсіру тобы мен Жібек – Меруерт Өтекешеваның, Төлеген – Құман Тастамбековтің, Беке­жан – Асанәлі Әшімовтың, тағы басқа шебер­лердің есімдері қазақ кино тарихынан алтын әріппен жазылды.
Қазақ кино өнерінің осы бір кезеңі (1964-1971 жылдары) айрықша атап өту­ді талап етеді. «Қазақфильм» киносту­диясының осы жылдарда шыққан туын­­дылардың ішінде «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», «Арты­мызда Москва», «Атамекен», «Мән­шүк туралы ән», «Тақиялы пе­ріште», «Ата­манның ақыры» және тағы басқа киноэкран үлгілерінің болуы тарихи заңдылық. Себебі кино саласына жан-тәнімен беріліп жұмыс істегендердің қатарында Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов, Камал Смайылов, Олжас Сүлейменов, Әкім Әшімов (Тарази), Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Тельман Жанұзақов, Ольга Бондаренко және кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың есімі ерекше аталады.
 
Сламбек ТӘУЕКЕЛ,
кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
10 наурыз 2023 ж. 218 0