Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ФЕРРОМОЛИБДЕН ӨНІМІ ӨНДІРІЛЕДІ

ФЕРРОМОЛИБДЕН ӨНІМІ ӨНДІРІЛЕДІ

18 Қараша күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Жолдауы аясында аймақтың дамуы туралы мәлімдеме жасады.
Облыс басшысының баяндамасына сенсек, Тәуелсіздік жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 30 процентке дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі 6,3 процентке, күріш өнімділігі 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге дейін артқан. Өңіріміз жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімі өндірісі 0,5%, оның ішінде өңдеу саласы 12,6%, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,3% өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны 6,6%, құрылыс жұмыстары 2,4% өсіп, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5% артқан. Мәселен, Шиелі ауданында 30 189 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 728 гектарға артық орындалған. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен Шиелі егін шаруашылғы бойынша облыс көлемінде «Озат аудан» атанды.
Сондай-ақ, облыста мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жалпы көлемі 775 млн текше метр құрайтын Қараөзек су қоймасын салу басталып, суармалы сумен байланыс­ты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілікті әртараптандыруды және су ресурстарын тиімді пайдалану көзделініп отыр. Бұл мақсатта Шиелі ауданында суды аз қажет ететін соя, мақсары дақылдары егіліп, тағы 95 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен пленка астында көкөніс, бақша дақылдары орналастырылғанын айта кеткен жөн.
Баспасөз конференциясында облыс әкімі өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты да бар. Сонымен қатар, Шиелі ауданында орналасқан «Баласауысқандық» ванадий кен орнында осы жылдың желтоқсан айынан бас­тап ферромолибден өнімі өндірілетіндігі де өнеркәсіп саласының үлкен жетістігі болмақ. Себебі бұл қоспа темір болаттың үлкен қысымға төзімді болып, шыңдалуына қажетті болып табылады. Негізінен әлемдік ­алпауыт­­тар Қытай, АҚШ, Ресей мемлекеттерінде өндірілетін бұл қоспа өндірістің көптеген салаларына мұнай өндірсіне, қару-жарақ жасау, көлік жасау өндірісіне аса қажет екендігін ескерсек, ферромолибден өндірісі ауданда жолға қойылса үлкен пайда көзіне айналып, әрі жұмыс орындарының ашылуына сеп болары сөзсіз. Жұмыс орындары демекші, ­жиын­­да аймақ басшысы өңірдегі жұмыссыздық деңгейіне тоқаталды. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 4,9% құраған болса, Шиелі ауданында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 процентті көрсеткен.
Баспасөз конференцияда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Тұрақтандыру қорының жұмысы баяндалды. Жыл басынан бері облыстық бюджеттен 3124 тонна өнім сатып алуға 900 млн теңге бөлініп, айналым схемасы бойынша қарыз қаражаты берілген. Сонымен бір жыл бойы тұрақты түрде Шиелі ауданының қатысуымен бірнеше мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілген.
Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі коронавирустық инфекцияны тежеу бағытындағы тұрғындарға вакцина салу жұмыстарының қарқынын да тізбектеді. Бүгінгі күні вакцинациялауға жататын облыс тұрғындарының 72,5% қос компонентін алған болса, аудан халқының 74,8 проценті екпе салдырған.
Қызылорда өңірінде әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып келеді. Бүгінде облыс халқының 97% орталықтандырылған сумен, 65% табиғи газбен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ Шиелі ауданының Бидайкөл, Ы.Жақаев, Байсын елді мекендері табиғи газға қосылған. Сонымен қатар, биыл Нартай және Ш.Қодаманов елді мекендерінде табиғи газ желісінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, Нартайлықтар көгілдір отынның қызуымен жылынуда. Алдағы уақытта Еңбекші, Жиделіарық, Досбол Датқа, Ә.Тәжібаев, Бестам елді мекендерін табиғи газға қосу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Қызылорда облысында биыл мәдени-көпшілік шаралар да көптеп өткізілуде. Оның қатарына атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойын жатқызуға болады. Жыл басынан бері Ыбырай атамыздың 130 жылдық мерейтойына орай ауданда «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция, ауыр атлетикадан республикалық турнир өткізілген. Жыл соңына дейін алға қойған міндеттер өз кезегімен орындала бермек. Бастысы Қызылорда облысының әлеуметтік, экономикалық жағдайы әрдайым жоғары деңгейде боларына сенім мол.

Рамазан ӘНӘПИЯ
20 қараша 2021 ж. 486 0