Нұрбек Әмиша: Әлем – ашық. Үйкүшік болмаңыз
– Көп рақмет, Айжан. Иә, мен оқыған магистратура бағдарламасының аты саяси қатынастар, диссертацияны жазып бітірдім. Бірақ қорытындысы әлі шыққан жоқ. Қазір Leeds университетітінің ғылыми комиссиясы жұмысымды тексеріп жатыр және британдық білім жүйесінде диссертацияны біздегідей корғамайды, арнайы комиссия қарайды.
– Күткеніңіздей нәтиже ала алдыңыз ба?
– Енді ... әрине, көп нәрсені күттім. Бірақ, шынын айтқанда, университетті бұрын бітірген белгілі адамдар келіп, ынталандырады, мотивация береді деп ойлаған едік. Мүғалімдер үнемі сүйемелдеп, көмектесіп, ақпаратты қолымызға береді деп ойлағанмын. Бірақ оның бірі де жоқ. Ол жақтағы білім беру жүйесі мүлдем бөлек. Мүмкіндік болғанша оқып, іздендік. Бір жыл ішінде керекті білімді жинап алуға тырыстық. Айтқым келгені, кітапхана 24 сағат жұмыс істейді, барлық қажетті жағдай жасалған. Тек оқы, керегіңді ал. Кітапхана қоры мен универдің базасын емін-еркін «еме» бересің (күлді). Айтпағым, күткендей нәтиже алу өзіңе де байланысты дегенім ғой.
– Шет мемлекетке адам жай ғана қыдырып барғанның өзінде дүниетанымы кеңейеді. Сіз ағылшын елінің ғылыми ортасында болдыңыз. Ең алдымен нені аңғардыңыз?
– Жалпылама айтсақ, әрине, адамдары өте сыпайы, мәдениетті екен. Бірақ оның бәрі сізді жақсы көргеннен жымиып, жүзін жылытпайды. Ол – мәдениет, оның ар жағы – тұрмыстың тоқшылығы ма деп ойладым. Себебі, нанға ақша таппай отырған адам Англия көшесінде де бар, оларда әрине күлудің ізі де жоқ. Келесі көзге ұрып тұрған нәрсе: ол адамдардың құқығы мен еркіндігіне аса басымдық беретіні. Онда адамның құны жоғары. Мысалы, сіз дүкеннен зат алып, оны сол сәтте қайта апарып өткізсеңіз немесе сол затты қайда тастап кеткеніңізді ұмытып, сол дүкенге кірсеңіз, қызметкерлер сіздің сөзіңізге сенеді. Тіпті сол заттың басқа данасын тегін қолыңызға ұстатып жібереді. Себебі олар үшін сіз клиент ретінде маңыздысыз. Олар үшін заттың құны адамнан жоғары емес. Әрине, қоғамдағы шектен шыққан еркіндіктің де біз үшін үлгі бола қоймайтын тұстары бар. Оны өзіңіз де білесіз. Ұлыбританияның қай жеріне барсаңыз да, адамдарға жағдай жасалған. Әсіресе егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға жасалған жағдай өте жоғары. Көшедегі арнайы жолдар мен олардың білім алуы үшін істелген жүйелі қоғамдық жағдай таң қалдырмай қоймайды. Мәселен, менің еджиптік досым Мұстафаның көзі көрмейді. Алайда ол қолындағы таяғымен-ақ университетке барады, қаланың ортасындағы сауда орнына сол таяғы арқылы жетеді. Ол Англияда магистратура мен PhD тәмамдаған. Мұстафамен тағдырлас жандарды университет ішінен жиі байқайтынмын. Демек, адам құқығы мен оның тағдыры деген қағида тек Конституцияда ғана емес, нақты орындалу керек. Ұлыбритания соның нақты мысалы.
Ал ғылыми салаға келер болсақ, жоғары оқу орындары өз-өздерін бағып, ғылым мен білім арқылы күнелтеді және ғалымдар үнемі ғылыми мақалалар жазып, болмаса басқа ғылыми көзқарастарға қарсы өз ойларын жазып, қайнап жатқан пікірталасқа куә боласыз. Бізді де ғылыми эсселер жазатын кезде объективті болуға, бір жақты пікірді қорғап кетпей, өз ойың мен басқа да альтернативті ойларды талдап-таразылауға міндеттейді. Оқытушылар өте қарапайым киінеді, сабақты көбіне еркін стильде жүргізеді. Осынысы маған қатты ұнады. Бірақ сенің біліміңді эссе арқылы бағалаған кезде (эссе жазу біздің емтиханның баламасы ретінде жүреді) баяғы күлімдеп, арасында сенімен емін-еркін әзілдесетін мұғалімің жазғаныңа кейде қатқыл, кейде жақсы пікір білдіреді, алдағы уақытта ескеруге тиісті жағдайларды да қосып жазып береді.
– Орта қаншалықты қызық?
– Қызық. Себебі әр ұлттармен араласасың және ағылшын студенттерінің менталитетін түсінесің. Аты өз саласында өте белгілі профессор сізге сусын алып беріп, оқу тобымен бірге ас та ішесің. Ағылшын студенттерінің көбіне партаның соңғы қатарына отыруға ұмтылатыны, ал презентация жасағанда қағаздан бас алмай оқып тұратыны маған қызық көрінді. Сосын сабақтың кестесін әр студент өзі жасайды. Яғни, сіздің оқитын модульдердің (пәндер) тізімі оқу семестрі алдында белгілі болады. Сондағы күндеріне қарап, өзіңнің скедулыңды жасайсың да, соны универдегі өз скулыңа жолдайсың. Олар барлық студенттің сондай тапсырысын қарап, саған жеке кесте жібереді. Мысалы, барлық пәнді бір күнге белгілеп, аптаның қалған 4 күнінде бос жүруіңе болады. Бірақ әрине берілген тапсырмалар мен эссе жазу, одан әрі төбесі көрініп тұрған диссертация тақырыбын зерттеу өз мойныңызда. Онан бөлек берілген әрбір лекцияның семинарлары тағы бар. Онда бәріміз дөңгелей отырып, белгілі бір тақырыпты талқылап, ойымызды айтамыз. Керегін жазып аласың.
– Мемлекеттік саясаттың бұқаралық ақпарат құралдарына ықпалы болмай қоймайды. Бұл барлық «дені сау» мемлекетке тән нәрсе деп айтуға болады. Жалпы, ағылшын билігінің БАҚ-қа әсері қалай? «Жұмсағырақ» деп айтуға бола ма салыстырмалы түрде?
– Әрине. Мемлекет халықтың санасын басқарып отыруға мүдделі. Ол үшін медианың ролі өте жоғары екенін біліп отырсыз. Тіпті BBC халықтың салығы есебінен қаржыландырылып, мемлекеттен тиын да алмайтын арнаның өзін халық көбіне биліктің саясатын насихаттайды деп кінәлайды. Жалпы Ұлыбританияда біздегідей мемлекеттік медиа дейтін түсінік жоқ. Бәрі жеке. Бірақ демократиялық мемлекеттің әлгі айтқан қоғамдық медиасы бәрібір биліктің идеологиясын жүргізеді. Бірақ күндіз-түні емес.
– Газет-журнал қарау мүмкіндігіне қарай ағылшын оқырманына қызықты тақырыптарды байқай алдыңыз ба?
– Меніңше, ақпарат құралдары саясат пен қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді жиі жариялайды. Дегенмен, онда салалық басылымдар жақсы дамыған. Әрқайсысының өз тақырыбы бар. Оқып жүргендегі бір зерттеуден негізгі көп оқылатын тақырыптар қылмыс пен әйгілі артистердің жеке өміріндегі оқиғалар дегенді оқығаным бар еді. Сондықтан саяси қатынастар саласына «жұмсақ жаңалық» және «қатты жаңалық» (Soft and Hard news) деген ұғым енгізілген. Hard news – ол күнделікті саясат пен жедел ақпараттар, Soft news – көбіне жұлдыздар мен басқа да әйгілі саясаткерлердің өміріндегі оқиғалар. Халық соны көбірек оқып, көреді. Түнгі студияға артист пен саясаткерді шақырып, мемлекеттік саясатты насихаттауға болады. Осы әдісті Британ ақпарат құралдары жиі қолданады.
– Біз мұхиттың арғы жағындағы ақпараттық кеңістікті орыс тілі арқылы, орыс позициясы арқылы қабылдайтынымыз жасырын емес. Енді талап бар. Әйтсе де журналист ретінде бұл бағытта қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Оның жолы қарапайым. Қазақ тілді журналистер ағылшын тілін үйрену керек. Сонда CNN, BBC мен Al Jazeera арналарының бағытын, ұстанымын түсінеді. Сол арқылы өз еліңнің белгілі бір саясатқа деген ұстанымына сүйене отырып, өз көзқарасыңызды білдіресіз. Англияда оқып жүргенде BBC radio-ны көп тыңдадым. Сонда байқағаным, бұл елдің медиасы Ресей мен Ұлыбритания тіпті кейде АҚШ-тың альянсына қатысты екіжақты мәселелерде міндетті түрде Ресейді сынап, біздікі дұрыс деген пікірді құлаққа сіңіреді. Демек, біздің тіл білуіміз осындай саяси ақпараттық ойындардың аражігін ажыратуға қажет. Оның үстіне тіл білу ғана емес, Батыстың озық оқу орындарына барып, ғылым мен білім алу да аса қажет.
– Мәселен, қазір жаһандық қоғамдық-саяси мәселелерде қандай тақырып актуалды?
– Саяси қатынастарды оқыған адам ретінде, Ресей тақырыбы алғашқы орынға шықты дер едім. Себебі, Совет үкіметі мен АҚШ арасындағы қырғибақтың жалғасы іспетті Ресей мен АҚШ ақпараттық соғысы міндетті түрде ақпарат құралдарынан көрініс табады. Келесі жиі көтерілетін мәселе – Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу процесі. Себебі Еуропа елдері біріксе ғана мықты, жеке дара өмір сүре алмайды. Әлемдік күш пен билік аламанында бұл елдердің де ойып тұрып орын алатынын білеміз. Оның үстіне Шығыстан Қытай секілді 30 жыл бұрынғы әлжуаз экономикалы елдің, жылына ішкі жалпы өнімі 10 пайыздап өсуі де саяси салмақты тақырыптар мен ғылыми зерттеулерге арқау болып отыр. Әлемнің АҚШ-тан кейінгі екінші экономикасына айналған Қытай 2023 жылға алпауыт АҚШ-ты басып озып, дүниенің экономикалық гегемониясы болады деген нақты ғылыми зерттеулерді оқығаным бар.
– Қазіргі жастарды қызықтыратын бір сұрақ: ағылшын тілін үйренуге қатысты сіз ұсынатын рецепт.
– Үйкүшік болмаңыз. Әлем – ашық. Көзіңізді ашыңыз. Ішіп, жеп, ұйықтауды төрт аяқты да біледі. Білім алыңыз. Осылай өзіңізді қайраған соң: егер жұмыс істесеңіз, пайдасы аз, уақыт өлтіретін бос әңгіме, сағаттап бітпейтін кездесулерден бойыңызды аулақ ұстаңыз. Кешке жұмыстан келген соң ең кемі жарты сағат ағылшын тілі туралы Дмитрий Петровтің 16 уроков Английского языка деген сабағын қарауды әдетке айналдырыңыз. Базалық грамманы түсінгесін, оны қағазға шығарып, үйіңіздің көзіңіз жиі қыдыратын тұстарына іліңіз. Ұялы телефонға Podcasts for elementary деген қосымшасын жүктеп, құлағыңыздан тастамай тыңдап жүріңіз. Орысша көрген Hollywood-тік фильмдерді ағылшын тілінде титрмен және титрсыз көріңіз. Қасыңызға ағылшын тілін үйренгісі келетін талаптас табыңыз. Интернеттің шетсіз-шексіз мүмкіндігін пайдаланыңыз. Егер оны да істемесеңіз, «ондай болмақ қайда-а-а-а-а» деп (Абай) өмірден еншіңізді алмай кете бересіз.
Әңгімелескен: Айжан Жұмабекқызы