Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ялланың» репертуарындағы «Қараторғай» әні қанатын алғаш шиеліде қаққан

«Ялланың» репертуарындағы «Қараторғай» әні қанатын алғаш шиеліде қаққан

«Қазақтың 1000 әнін» қағазға түсірген орыс өнер зерттеушісі Александр Затаеевич «Қараторғай» әнінің 9 нұсқасын нотаға түсірген көрінеді. Олардың арасында Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың осы аттас әндері және біздің өңірге қатысты «Сырдың Қараторғайы» секілді танымал әндер бар. Ал, соңғы әннің авторы әрі орындаушысы өзі де ел арасында Қараторғай атанған Шолпан Жанболатқызы Шиелінің тумасы. Ата-анасы ХІХ ғасырдың ортасында Телікөл төңірегінде өмір сүрген. Руы – найман, Қарабала. Ал, әнші апамыздың нағашы жұрты Жөлектің шашты - Айдарғазысы. Қараторғай – Арқаның атақты ақыны Тайжан, Үкілі Ыбырайлармен теңдес, дәрежелес, үзеңгілес десек, Сыр өңірінің атағын алысқа шығарған Мәнсұр, Нартай ақындардың өнеріне жолбасшылық көрсеткен өте талантты, бір тума дарын иесі болған!

Есімі елге ерте танылған өнерпаз Шолпан Жанболатқызы 1880 жылы дүниеге келіп, небәрі 43 жасында өмірден өткен көрінеді. Талантты әншіні 1911 жылы Ташкенттің Генерал-губернаторы Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына арналған шараға арнайы шақыртып, өнерін тамашалайды. Сонда, Әбубәкір Диваев басқарған өнер сайысында Шолпан апамыз талайларды тамсаңдырып, бас жүлдені жеңіп алады. «Қазақтың 1000 әнін» қағазға түсірген орыс өнер зерттеушісі Александр Затаеевич оған өте зор баға берген көрінеді. Мұны жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Қазақ әдебиеті» газетінің №8, 22 ақпан 2019 жылғы санындағы «Сырдың Қараторғайы» атты мақаласында былай атап көрсетті: «Айрықша сұлу болған және ғажап әуен құрастырған» әйелге Затаеевич сырттай өте жоғары баға берген. Мен оның «Выдающаяся казахская певица» дегенін жай біз айтып жүрген «көрнекті» дей салуға келіспеймін. Меніңше, оның шын атын «әйгілі», «озық» немесе «үздік әнші» деп аударған дұрыс деп ойлаймын», – дейді. Яғни, сан талантты шығарған шырайлы Шиелінің ерке қызының өнері өте жоғары дәрежеде бағаланған. Сол жолы Сыр бұлбұлы Шолпан Жанболатқызының атақты «Қараторғай» әнінен өзге, қазір халық әні деп ел арасында жиі орындалып жүрген «Ой гөк», «Қарағым-ай!», «Маусымжан», «Ах, Дариға!» «Ахау! демей» (бұл әнді алғаш грамофонға жазғанда бір әрпінен қате кетіп, «Ахау! Семей» болып жазылып кетіп, әлі күнге солай орындалып жүр) секілді бірнеше әні грамафонға жазылып алынып, халық арасында тіптен кеңінен таратылады. Біртіндеп елдің бай мұрасына айналғандығы анық.
Ерекше дарын иесінің Қараторғай аталуы себебін өзінің мына бір-екі ауыз лебізінен аңғаруға болар:
Қызымын Жанболаттың Шолпан атым,
Найманмын, Қарабала арғы затым.
Жел сөздің бес-алты ауыз арқасында,
Халқымның арқаладым мархабатын.
Атандым он алтымда Қараторғай,
Бұл атты шешем қойған, басқа қоймай.
Торғайдай еркін ұшсын, ескерусіз,
Дегені болса керек, көзден қорғай.
Салайын мен әніме Қараторғай, Қараторғай,
Қалалали лила-ләй, лилалаҺу лила-лай!
Ерке де әсем, әнші, сазгер ақынның тағдыры қиын болғандығын жазушы Айтбай Хангелдиннің 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қараторғай» кітабынан біле аласыз. Шолпан Жанболатқызы 1923 жылы қаскөйлердің шәй кесесіне у салып жіберуінен қапияда өмірден өтеді. Ең өкініштісі, соңында іздеушісі болмағандықтан ерекше талантты жанның өзінен кейінге қалдырған бай мұралары шын иесін таппай, халық әні деп әлі күнге адасып жүр. Есіміне құрмет көрсетілген емес, бұл әйгілі өнерпаз үшін зор қиянат.
«Қараторғай» әнін өзбектің атақты «Ялла» ансамблі шығыстық ырғақпен әсерлі орындап келеді. Алайда, олар әннің шығу тарихынан хабарсыз болуы себепті әуенді тыңдаушысына өз қалпында жеткізе алмаған секілді көрінеді маған. Біз оны жігіттің қызға айтқаны деп түсініп, жеңілдеу қабылдап жүрген сыңайлымыз. Анығында, бұл Шолпанның анасы Жанқызға еркелеп айтқаны әрі бұла бойжеткеннің өнерге ғашық жанының мұңы болса керек. Менің осы ойымды Бексұлтан ағамыз өз мақаласында бекіте түскендей. Сонда, бұл әннің дұрыс нұсқасы бірінші жақта былай болуы тиіс:
Құс болсам, жібектен бау тағар едің,
Күмістен тұғырымды жабар едің.
Мойныма сары алтыннан жыға тағып,
Қолға алып, сылап-сипап бағар едің.
Қайырмасы:
Салайын мен әніме Қараторғай, Қараторғай,
Қалалали лила-ләй, лилалаҺу лила-лай!
Болған да қасым қара, шашым сүмбіл,
Албырап екі бетім, жанар гүл-гүл.
Бейіштің гүлжазира зарамында,
Сайраған тоты құстай мен бір бұлбұл.
Неткен кең ой, неткен бай тіл! Ойнақы басталған әуеннің түкпірінде жүректің күрсінісі жатқаны сезілгендей ме?
Жоғарыда әншінің тағдыры қиын болғанын айтқан едік, сол сөзімізді тарата айтып көрелікші. Жаратушының берген өнеріне құмартып, таланты енді ашылып келе жатқан бойжеткенді бір бай таз баласына айттырып, құда түседі. Бұл қиянатқа көнбеген Шолпан өзіне сөз салған көрші ауылдың жігітіне көш үстінде қашып кетеді. Мұнысына өз жұрты өкпелі болса, барған жері ән айтады, жын-шайтанның шатағы деп тағы түртпектейді. Бір балалы болған еді, ол жардан құлап мерт болады. Ал, дүмше діндар әкесінің айтақтауымен әншіге зәбір берген күйеуі оны ақыры талақ етеді. Нағашыларын паналай келген өнерпаз, ол жерде де көп тұрақтамай, біршама уақыт Түркістанда, кейіннен Шымкентте өмір сүрген көрінеді. Соңында қаскөйлердің у беруінен бақилық болады. Ал, Қараторғай-Шолпанның соңында қалған әндерінің тағдыры әлігіндей...
Онымен ауылы аралас өскен жазушы Айтбай Хангелдин ол туралы шынайы дерек келтіріп, «Қараторғай» повесін жазды. Газеттерге мақала берді. Міне, жазушы Бексұлтан Нұржекеев әділдік қалпына келмеді-ау деп, шыр-пыр болып отыр. Мың алғыс, жазушы ағаларымызға! Алайда, өкінішке қарай, соңғы елу жыл көлемінде селт еткен ешкім табылмапты.
Мен өзім «Қараторғай» повесін ілгеріректе оқығаныммен оқиға желісіне елітіп, арғы мәніне тереңдемеген екенмін. Міне, енді қайталай қарағанымда, біздің замандастар тарапынан үлкен немқұрайдылық кетіп бара жатқанын сезіндім. «Нұр Отан» партиясының 18 съезінде ұлттық құндылықтарға барынша мән берілуі керектігін тағы да еске салды. Бұдан артық енді не керек? Сондықтан да, ниеттес ағайынға осы жәйттерді хабарлай отырып, «Қараторғай» аталған апамыз Шолпан Жанболатқызының есімін және өнерін ұлықтау ең әуелі оның туған, өскен жері Шиелі ауданынан басталғаны жөн деп ойлаймын. Сонан соң, Ақмешіт, ары қарай республика көлемінде жалғасын табуы тиіс. Бұл біздің жерлестеріміз үшін мақтаныш әрі абыройлы іс екендігіне дау жоқ.
Әншінің өз мұраларын өз атына қайтару үшін ауданда оның атында өнер байқауларын өткізген жөн. Сондай-ақ, оның атына көше беріп, Шиеліге кіре беріс үлкен көшенің бойынан Қараторғайға символикалық ескерткіш орнатылса, тіптен жақсы болар еді. Ол үшін мемлекет қазынасына иек артпай-ақ, аудандағы кәсібін өрістеткен, намысқой азаматтарымызға қозғау салғанымыз дұрыс. Өйткені, бұрын білместіктен ескермей келдік. Мен осы мақаламда нақты деректерді келтіріп отырмын, енді хабардарсыздар. Байқасаңыздар, өнерпаздың тағдыр тауқыметін тартқаннан кейін тіршілік кешкен бірер қаланы да атадым. Ертерек қимылдамасақ, өзгелерден кеш қалып кетуіміз де мүмкін. Енді, елім деп шырқырап өткен жанның іздеушісі шиеліліктер екендігін көрсетуіміз керек. Бұл, расын айтқанда, елдігімізге сын. Келер, 2020 жылы бүкіл қазаққа «Қараторғай» атымен танылған Шолпан Жанболатқызының туғанына 140 жыл толады. Бұған аса мән берілуі керектігін жамағаттың қаперіне салуды бір борышым деп санадым, ағайын!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Ақпарат саласының үздігі»
07 наурыз 2019 ж. 1 719 0