Қарағандыда 3-қабаттың терезесінен құлап кеткен оқушы қалың қардың арқасында аман қалды
Қарағанды полициясы мектепте орын алған сұмдық жағдайды зерттеп жатыр. Онда бірінші сынып оқушысы үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Абырой болғанда, бала дәл қалың қардың үстіне құлап, аман қалды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Осылайша, үшінші қабаттың тезесінен құлап кеткен бүлдіршін күртік қардың арқасында таңғажайып жағдайда аман қалып отыр. Алайда, баладан кейін мұғалімі де аурухана түсті. Ал мектептің өзінде, бұл жағдайға қатысты тек болжамдар ғана айтылуда.«Сабақ аяқталғаннан кейін мұғалім барлық балаларды бөлмеден шығарған. Ал Азиза бөлмеде пеналын ұмытып кетіп, соны алуға оралған. Сонда қорқып, есікті аша алмаған сияқты. Негізінен бірінші сынып оқушылары әрқашан 1-қабатта дайындалады. Мүмкін, ол терезеден шыққысы келген. Қыз өте тыныш, тіпті оны белсенді деп атай алмайсың»,- дейді №77 мектеп- балабақшаның директорының орынбасары Рымжан Әділжанова.
Бұл оқиға таңғы 11-де болған. Бірінші сынып оқушысы биіктіктен құлағанда дәл омбы қарға түскен. Бүлдіршін қалың қардың арқасында аман қалды. Таңғаларлығы, оның жоқтығын мектептегілер бірден байқамаған. Күрте қарда жатқан баланы бірінші болып ата-аналардың бірі тауып алған. Ал бұл жағдайды естіген бірінші сынып мұғалімі шок алып, өзі де ауруханадан бір-ақ шықты. Енді полиция қызметкерлері оқиғаның қалай орын алғанын зерттеуде. Үшінші қабаттан құлаған қыз болса қазір ауруханада жатыр. Абырой болғанда денсаулығына елеулі зиян келмеген.
«Аздаған жарақат алған және шок алып, шошып қалған. Осыған байланысты бала бақылауға алынды. Кейде екі сатылы жарылу, қанды ісік болады. Әрине, ол керемет жағдайда аман қалды», – дейді Қарағанды облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Жанат Елубаев.
Stan.kz