Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адыраспанның емдік және магиялық қасиеті

Адыраспанның емдік және магиялық қасиеті



  Адыраспан – түйетабандар тұқымдасына жататын, көп жылдық өсімдік. Қазақстанның шөл, шөлейтті жерлерінде кең таралған. Әсіресе, Іле, Шу, Сарысу, Сырдария өзендерінің жағалауындағы тақырланған аймақтарда өседі. Елімізде негізінен адыраспанның үш түрі кең таралған.
   Адыраспан – өте улы өсімдік. Сондықтан да оны үй жағдайында емдік тұрғыда ішке қабылдау аса қауіпті. Бұл өсімдіктің құрамында гармин және гармалин атты улы алкалоидтар, ал бұтағы мен гүлінде пеганин алкалоиды болады.
Медицина ғылымының атасы – Ибн Сина адыраспанды белдің құяңын, сегізкөз ауруларын емдеуде таптырмайтын қасиеті барын айтып кеткен.
   Бүгінгі таңда халық емшілері адыраспанды қышыма, қотыр сынды әртүрлі тері ауруларын емдеуде қолданып жүр. Сонымен қатар, адыраспанның қайнаған суын безгек, ұстама, жүйке ауруларымен ауырған адамдарға ішкізеді. Тау халықтары ұйықтататын дәрі ретінде де кеңінен қолданады екен.
   Сондай-ақ халқымыз адыраспанды тұтатып, түтінімен үй-жайды, мал қораларды аластайды. Бұл ауру-сырқау, індет пен бәле-жаладан сақтайды деп ырымдайды.
   Қалай болғанда да, адыраспан өте улы өсімдік болғандықтан, қайнатпасын ішке қабылдарда сақ болған жөн. Дәрігердің немесе білетін адамдардың тағайындауымен аса сақтықпен қабылдау қажет.
   Адыраспанды шикізат көзі ретінде де қолдануға болады. Яғни, адыраспанды қайнату арқылы жүн мен жіптерді бояйтын бояу және шаруашылық зиянкестеріне қарсы тұнба алынады.
   Енді аталған өсімдіктің магиялық қасиетіне тоқталсақ, қазақ халқы көз тию, суық тию сынды ауруларда адыраспанға тұз қоса отырып, науқас адамды аластайды. Сондай-ақ, аяқ-қол қақсап, буын сырқырағанда адыраспанды қайнатып, суымен ауырған мүшені булайды. Жоғарыда аталған тері ауруларында адыраспан суына шомылдырады. Жын-шайтаннан сақтайды деп үйді керегесіне, жоғары күлдіреуішіне іліп қоятын болған.
   Бұрынырақта әйел кісілер текемет, киіз басқанда, көз тимес үшін қастарына қызыл түсті мата немесе адыраспан қойып қоятын болған. Егер көз тисе, салынған ою-өрнек сызбалары қисық түседі деп сенген. Сондықтан да халқымыздың аузындағы "Адыраспан, адыраспан шыққан жері, сірә, баспан" деген жолдар аталған шөптің айрықша қасиетін ескергендіктен туындаса керек.
  Сонымен қатар, ертеректе көшпелі халықтар кесіртке, жылан сынды бауырымен жорғалаушы жәндіктердің жараланғанда, адыраспанға аунап жазылатынын байқаған.
    Алайда дін мен діл құндылықтарын танып, қастерлей бастаған бүгінгідей тәуелсіз заманда халқымыз адыраспанды тек жағымсыз иістерді жоятын шөп ретінде ғана қолданады. Бірлі-жарым отбасыларда болмаса, бұрынғыдай жын-шайтаннан қорғайды деген түсініктің жаңсақ екеніне көп адамдардың күн өткен сайын көздері жетуде.
Дегенмен дәстүрлі медицинада адыраспанның шипалық қасиеттерінің жеткілікті екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мәселен, радикулит, сегізкөз ауруларынан зардап шеккен адамға:
- ұнтақталған құрғақ адыраспанның 50 грамын матадан жасалған дорбаға салып, үстіне қайнап тұрған су құяды. Аздан соң, дорбаны сығып, белдің ауырған тұсына қояды. Сыртынан грелка қойып, немесе жылы жауып, байлап қояды. 30-40 минут ұстаған соң, байлауын шешеді. Бұл әдісті күніне 4 мезгіл жасау қажет. Және алдыңғы пайдаланған дорбаны сол 4 уақытта қайнаған сумен жібітіп қолдануға болады.
- Және көру қабілеті төмен адамдарды адыраспан тұнбасына шарап пен бал қосып емдейді. Және адыраспан жапырағын таңып, булау арқылы ісікті қайтарады. Жүйке, қояншық ауруларын емдеуде, тістің қызыл иегі қабынғанда адыраспан тұнбасын пайдаланады.
- Адыраспанның сабағы мен жапырағын қайнатып, күнделікті мөлшерлерімен ішсе, талма, сал, шмытшақтық, суықтан болған ми қабынуы және тарамыс ауруларына жақсы ем. 500 грамм шөбін 0,5 литр қызыл араққа қайнатып, күніне 30 грамнан 1 ай ішсе, талма, бастың созылмалы ауруынан айықтырады.
- Күніне 4-6 грамнан он бес күн ішсе, ревматизм ауруын басады. Оған жаншылған зығыр тұқымын қосып, жалғастырып ішсе, демікпені жазады. Тісті адыраспан шөбімен ыстаса, қақсап ауырғаны басылады.
    Сонымен қатар ірі қара малдың қотырын да осы адыраспан тұнбасымен жуып емдеген.
    Ал фармакологияда адыраспаннан дайындалған дәрілер қабыну, бас ауруын, зәр шығару, жүйке жүйесін реттеу, ішек құрттарын өлтіру үшін қолданылады. Адыраспанның құрамындағы гармин мен пеганин қан қысымын көтеріп, асқазан, жүрек жұмысын баянлатады, тыныс алуды жиілетеді.
    Халқымыз адыраспанды ерекше қасиетті, киелі өсімдік деп оған ерекше мән берген. Тіпті өсімдікті жұларда оны айрықша әдеппен жинаған. Біріншіден, әбден пісіп-жетілгенде, екіншіден, тек ер адамдарға ғана жинауға рұқсат етілген. Үшіншіден, адыраспанды жинайтын кісі тазаланып, дәретпен ғана жұлған.
Адыраспанның тағы бір ерекше шипалық қасиеті – өкпе ауруларына ерекше ем. Демікпе, ентікпе, туберкулез сынды әртүрлі өкпе ауруларына шалдыққан науқастардың айығуына айрықша ықпал етеді. Ұмытшақтыққа, сал ауруына ұшыраған адамдарды да жазады. Суық тиіп, денесі қалтырай бастаған адам, адыраспан қайратпасын ішсе, ауруды жеңілдетеді. Оның осы суыққа, қабынуға қарсы қабілетіне қарап бала көтермеген әйелдерді емдеген.
    Дегенмен жоғарыда айтып өткеніміздей, адыраспан өте улы өсімдік болғандықтан мөлшеріне сақтықпен қарау керек. Мәселен, сабағы мен жапырағынан 4-8 грамнан, тұқымынан 0,1-0,5 грамм мөлшерден асырмаған жөн.
   Қорыта айтқанда, денсаулық – Жаратқанның адамға берген аманаты. Сондықтан да "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік". Ол үшін алысқа бармай-ақ, өз елімізде өсетін, бәрімізге бірдей қолжетімді, табиғаттың ерекше сыйы өсімдіктер әлемін қорғайық және денсаулыққа пайдалы жағын ұтымды пайдалана білейік!
24 желтоқсан 2018 ж. 4 815 0