«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ». ОТАНДЫҚ СЕРИАЛ ОЙДАН ШЫҚТЫ МА?
«Қозы Көрпеш–Баян сұлу» сериалы Қазақстан ұлттық арнасының эфирінен көрсетілгеніне де көп болған жоқ. Тарихи драманы түсіру – кез келгенге де оңай соқпасы анық. Ұлттық арнаның лиро-эпостық жырды сериалға айналдыру туралы идеясы – сәтті жасалған қадамдардың бірі. Алайда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалы жарық көрісімен, мұншама дау-дамайға айналуының сыры неде?
Әлқисса…
«Қозы Көрпеш–Баян сұлу» дастаны – қазақтың ғашықтық жырлары ішіндегі ертеректен келе жатқан және қазақ арасына өте кең жайылған түрі. «Қыз Жібек» секілді бұл жыр да қазаққа ғана тән дастан емес, мұның әңгімесі қазақтан да басқа елдерде бар. Сондықтан болар, түркі тілдес елдер-дің көбі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын өзіне меншіктейді. Зерттеушілердің айтуынша, қазақ арасында бұл жырдың 16 түрлі нұсқасы бар екен. Бізге мәлім болған жырдың кейбір нұсқасы ертедегі заманнан сыр шертсе, енді бірі – XVIII-XIX ғасырға тиесілі. Өте көп зерттелген жырдың бірі. Қай нұсқаны алсақ та, оның төркіні – біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына қарай таратқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға сияды.
Жырды алғаш 1870 жылы қазақ арасынан жазып алып, орыстың атақты ғалымы, академик Радлов немісше және қазақша бастырған. Екінші бір нұсқасын жазып алған – қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов. Ғалым Шоқан оны Жанақ ақынның өз айтуынан жазып алған деседі. Өкінішке қарай, бұл құнды дүниені Шоқан кезінде бастыра алмағандықтан, зерттеушілерге әлі күнге шейін беймәлім болып келеді.
Сонымен…
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалына қайта оралсақ. Білуімізше, сценарий авторлары Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының желісі негізінде жазылғанын айтты. Ұлы Ғабең бұл пьесаны жырдың қай нұсқасына сүйене отырып, дайындады екен? Біз бұл сауалды белгілі ақын Әділғазы Қайырбековке қойдық. Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбеков: «Қазақ әдебиетінің классигі, көркем сөз-дің зергері Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы 1939 жылы сәуір айында жазылып бітеді де, 1940 жылы 29 сәуірде қазіргі М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанады. Пьесаның үзіндісі алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1940 жылғы 28 қаңтардағы санында жарияланды. Бұдан кейін жеке кітапша болып екі рет (1948) және Ғ.Мүсіреповтің «Таңдамалы шығармаларында» (1956), «Бес томдық шығармалар жинағында» (1976) жарық көрді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесасы орыс тілінде бірнеше рет басылды (1941,1945, 1956, 1958). Пьеса 1948 жылы Таллин қаласында эстон тілінде кітап болып шыққан. 1950 жылы Мәскеудің драма театрында «Махаббат дастаны» деген атпен қойылды. Республикамыздың бірнеше театрлары сахнаға шығарды. «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» пьесасын жазушы бес томдық шығармалар жинағына енгізерде тағы да үстінен қарап шығып, кейбір жекелеген түзетулер жасағанына кітап құрастырушысы, профессор Ә.Нарымбетов куәлік келтіреді. Өңделген, түзетілген ең соңғы нұсқасы – осы. Мұхтар Әуезов өзінің «Қайта туған халықтың әдебиеті» атты мақаласында (1960) Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан Сері – Ақтоқты» трагедияларының үлкен шеберлікпен жазылғандығын атап өтеді және «бұл драмалық шығармалар адамның сезімін, көңіл, мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындықпен сипаттайды, сол қасиеттері жаңа аталған шығармалардың дүниежүзілік драматургия мәдениетінің жақсы дәстүрінде жазылғандығын байқатады» деп жоғары баға берген. Халықтық аңыз-дастанның оқиғасын пьесаға арқау етіп ала отырып, Ғ.Мүсірепов рухты, ұлттық бояуы қалың, қазақы салт-дәстүрлерді жандандыратын, күрмеуі көп, астары қалың, тартысты трагедияны болашаққа аманат етіп қалдырғандай. Оны экранға шығарарда ұлттық бояу, өрнек, нақыштарын сақтау ләзім» дейді.
Мүсірепов пьесасының желісінде 1954 жылы Қазақфильм «Махаббат туралы поэма» атты фильм түсірді. 1992 жылы көрнекті актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» деген атпен қайта шығарды.
«Қозы Көрпеш–Баян сұлу» сериалын продюсер Баян Мақсатқызының шығармашылық тобы әзірледі. Отандық өнім Qazaqstan ұлттық арнасының тапсырысымен жүзеге асқаны белгілі. Сериалдың режисері – Дархан Сәркенов. Бұл сериал – Сәркеновтің тырнақалды туындысы. Алты сериялы фильм Іле Алатауында орналасқан әсем жайлау Ассы шоқысында түсірілген екен. XVI ғасырдың бейнесін көрсету үшін арнайы ауыл құрылды. Ауылды жасақтау үшін екі аптадай уақыт жұмсапты. Режиссердің айтуынша, «түсірілімде қиындық-тар да болды. Ең басты мәселе, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» хикаясына XVI ғасырға сай реквизиттер жетіспеді. Кейбіреуі басқа картиналарда пайдаланылған болса, енді бірі – бұзылған. Дегенмен біздің топ берілген жоқ, сурет департаментінің шеберлері қажетті атрибуттарды, костюмдер мен заттарды өздері дайындады. Жалпы, түсірілім жоспар бойынша жақсы өтті. Біз бір жағынан жұмыс істесек, екінші жағынан Ассы шоқысының табиғатын тамашалап, демалдық» дейді режиссер.
Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша түсірілген телеөнім жарыққа шыққалы бері сыннан көз ашпай қалды. Кем-кетігін түгендеп, кемшілігін тізіп, сериалды сынға алып жатқандар өте көп. Сериал неге көптің көңілінен шықпай қалды?
Телесериалда Қарабайдың рөлін ойнаған белгілі актер Тұрсын Құралиев сериал төңірегінде болып жатқан дау-дамайдан хабарсыз көрінеді. Қоңырау шалғанымызда, сырқаттанып жүргенін, Ұлттық арна эфирінен көрсетілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалын қарай алмағанын айтты. «Жалпы, сериалды әлі толық тамашалап үлгергем жоқ. Актер байғұстың қолынан не келеді? Режиссер қалай шешім шығарады, актер соны орындап шығады. Сценарий солғын болса, ол – автордың кінәсі. Кемшіліксіз дүние болмайды. Бірақ оны түзетуге де болады. Сериалды толық қарап шықпаған соң, бірдеңе деп айту да қиын» дейді.
Ұлттық арнадағы көрсетілімнен кейін «Ұлттың биік өнерін, бекзат болмысын жер қылған «Қозы көрпеш – Баян сұлу» сериалды руханиятымызды өшірмесе, өсірмейді» деп Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа, Qazaqstan РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қаринның атына бір топ зиялы қауым атынан «Ашық хат» жарияланды. «Ашық хатта» айтылған пікірлерге сценарий авторы қалай қарайды? Біз бұл сауалымызды драматург Әннас Бағдатқа қойдық.
Кейбіреулер құр дүрмекке еріп жатқан секілді
– «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» сериалы көрсетілгелі бері дау толастамай тұр. Арасында сыңаржақ пікірлер де айтылуда. Дегенмен таяқтың бір ұшы авторға да тиетіні белгілі. Сценарий авторы ретінде бұл пікірлерді қалай қабылдайсыз?
– Біріншіден, әлеуметтік желіде белсен-ді отыратын адам емеспін. Оның бәрін парақтап, пікір айтқан адамдардың бәрін қарап шықтым деп айта алмаймын. Шет жағасын көріп, танысып шықтым. Себебі, таныстарым, продюсер достарым жіберді. Әлеуметтік желіде айтылған пікірлердің бәрін қорытқан жоқпын. Баян Мақсатқызының әкесі Мақсат аға да сын-пікірлерге қатысты өз ойын білдіріпті. Оны да қарап шықтым. Әлеуметтік желіде айтылған пікірлерді жекелеп алып, жауап берген екен. Мақсат ағаның жауабы менің де көңілімнен шықты. Екіншіден, Баян Мақсатқызының адресіне айтылып жатқан кей пікірлермен келіспеймін. Өйткені ол кісімен жұмыс істеп көрдім. Кез келген адамның болмысы жұмыс процесінде көрінеді ғой. Бұдан бұрын жеке таныстығым жоқ еді. Сериал түсіру барысында жақын танысуға тура келді. Өз ісіне жауапты, кез келген мәселеге тыңғылықты қарайтын, салмақты адамның образын көрдім.
– «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырының 16 нұсқасы бар екен. Тіпті кей зерттеушілер одан да көп екенін айтады. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» пьесасының желісімен жазылған деген де пікірлер айтылды. Автор ретінде қай нұсқаға көбірек тоқталдыңыз?
– Мұны біз Ғабит Мүсіреповтің пьесасы желісінде жаздық деп айта алмаймын. Сериалға сценарий авторы ретінде шақырған кезде, процесс жүріп жатқан болатын, бірінші серияның сценарийін жазып та қойыпты. Сценарийдегі кейбір тұстарына пікір айтып едім, олар менің айтқан пікірімді құптады. Әуелде жұмыс істемейтінімді, уақытымның аз екенін, басқа да жобаларымның бар екенін айтқанмын. Ақырында Баян Мақсатқызының өтінішін жерге тастамай, жазуға келістім. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны маған бұрыннан таныс болатын. Бұл көркем шығарма жасау үшін емес, сакральды эпос ретінде қызықтыратын. Әлкей Марғұлан, Серікбол Қондыбай, Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбектің талдауларын оқып шыққанмын. Шығармашылық топқа мұның жай дүние емес, сакральды эпос екенін айттым. Продюсер мұны жасағысы келгенімен, мүмкіндіктері болмады. Бір нәрсені түсінуіміз керек: кино мен сериал екі бөлек дүние. Әуелде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалын кино форматында түсіреміз деп, сценарий де сол негізде жазылған. Бірақ жоба сериал болғандықтан, оған бөлінген қаражат жеткіліксіз еді. Бұл – бір. Екіншіден, сериалды түсіру уақыты тым аз болатын. Сценрийді де аз уақыт ішінде Рашид Сүлейменов екеуміз бірге жазып шықтық. Рашидтің орысша жазған диалогтарын қазақшаға аудардым.
– Түсірілім барысына қатыстыңыз ба?
– Түсірілімнiң басы-қасында жүрдік. Өкініштісі, сериалға бөлінген қаржы мен тығыз уақытта мынадай тарихи дүниені жасап шығару мүмкін емес еді. Қозы мен Баян сұлудың өмір сүрген уақыты тіпті исламның заманы емес. Әмірхан Балқыбек оны буддизм кезі деп дәлелдейді. Салт-дәстүрі де бөлек. Қазіргі көрермен исламға сүйеніп қабылдайтыны белгілі.
– Адресіңізге айтылған сынның бәрі жаныңызды ауыртпай ма?
– Соншалықты тулап, ренжитіндей де дүние емес. Иә, арасында ақылға қонатын да пікірлер бар. Көпшілігі, сериалды көрмей-ақ, дүрмекке еніп жатқан сияқты. Негізі, сыннан қорықпау керек. Сынның айтылғаны да дұрыс. Кәсіби сын айтылса, оны қабылдауға болады.
– Сериалда кей кейіпкерлер ойдан қосылған сияқты. Қодардың жанында жүрген жендеттері, бақсы рөлі эпоста бар нұсқа ма?
– Бақсыны алған себебіміз – уақытты жалғау үшін қажет болды. Финалда Семейге барып, бақсы арқылы осы уақытқа өтіп кетуіміз керек еді. Кейін ол идеямыз жүзеге аспай қалды.
– Ғабит Мүсіреповтің пьесасында Жантық образы бар. Оны Қазақфильм түсірген фильмнен де көрдік. Жаңа сериалдағы Жантық бейнесі қайда?
– Жантық образы – Мүсіреповтің нұсқасы. Эпоста Жантық бейнесі жоқ.
– Сонда «Қозы Көрпеш–Баян сұлуға» айтылып жатқан сын-пікірлер біржақты деп ойлайсыз ба?
– Сериалда мүлдем кемшілік жоқ деп айта алмаймын. Түрлі себептерге байланысты режиссерлік шешім болсын, сценарий мен актерлік ойындарда болсын, кемшіліктер байқалады. Бірақ соншалықты шулайтындай емес. Әрі «ұлттық құндылықтар құрыды, ұлт құрыды» деп байбалам салу – артықтау секілді. Дау-дамайдың негізі – сериалдың сапасына, көркемдік деңгейіне байланысты емес. Жекелеген адамдардың көзқарасын ғана байқатып жатыр. Тіпті кейбіреулер құр дүрмекке еріп жатқан секілді.
Сонымен, телесериалдың кемшілігі неде? Біріншіден, тақырып өте ауыр. Ауыр тақырыпты фильмге айналдыру кез келгенге қиын соғары анық. Екіншіден, режиссер Дархан Сәркеновтің тәжірибесінің аздығы. Тәжірибелі режиссер түсіргенде, мұншалықты дау болмас па еді? Үшіншіден, сериал тілі. Жалпы, соңғы жылдары фильмдердің тіліне қатысты сын жиі айтылады. Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» фильміне де қатысты пікірлер болған. «Қазақ хандығы» сериалының сценарийін белгілі жазушы Смағұл Елубай мен дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутайдың жазғанын ескерсек, кино тілі осал болмауы тиіс еді. Өкінішке қарай, оған да айтылған сыни пікірлер аз кездеспеді. Демек, Әннас Бағдаттың сценарийіне сын айтылып жатса, ол қалыпты нәрсе. Төртіншіден, дубляж. Соңғы жылдары қазақ дубляжы сын көтермейді. Оны кез келген сериалдан немесе Қазақфильм түсірген фильмдерден байқауға болады. Бесіншіден, телеөнімді «Қыз Жібекпен» салыстыруға мүлдем келмейді. «Қыз Жібек» фильміне қазақ өнерінің кіл шоқтығы биік тұлғалары топтасты. Режиссер қандай, композитор қандай, суретші қандай, автор қандай, әнші қандай? «Сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар. Алтыншыдан, уақыт тығыздығы. Айналдырған отыз күн ішінде эпикалық шығарманы мықты режиссердің өзі керемет түсіре алмайды. Жетіншіден, режиссер жетіспеушілігі. Соңғы жылдары шедевр түсірген режиссер бар ма? Жалпы, қазақ режиссурасында дағдарыс бар екендігі жасырын емес. Сатыбалды Нарымбетов, Дәріжан Өмірбаев, Рүстем Әбдіраш, Ақан Сатаев, Рашид Сүлейменов сияқты саусақпен санарлықтай ғана есімдер еске оралады. Фильмнің сапасын осыдан-ақ есептей беріңіз.
Жалпы, көпшіліктің жанайқайын түсінуге болады. Қазақтың көркем дүниесі, ұлттық бояуы қанық шығармалары, саф алтындай құнды мұралары, інжу-маржандары, жауһарлары сапалы болып шықса екен деп тілейді. Сондықтан сынды қабылдаған да абзал. Орынды сын айтылуы да тиіс.
Гүлзина БЕКТАС