Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ара шаққанда не істеу керек?

Ара шаққанда не істеу керек?

Жаз мезгілінде серуенге шықсаңыз не бау-бақша араласаңыз, жеміс-жидек теріп жүрсеңіз, ара, сона деген улы жәндіктер инелерін сұғып алуы әбден мүмкін. Оның әсерінен денеңізде ісік пайда болады. Ісікті қалай қайтару керектігін білесіз бе? Олай болса, мына кеңестерге құлақ түріңіз. Ара шаққан бойда ең алдымен, теріде қалған араның бізгегін (инесін) тезірек алу керек. Өйткені, бізгекте араның уы болады, оны тезірек алсаңыз, удың денеге тарауының алдын ала аласыз. Аризона университетінің (АҚШ) зерттеуіне сүйенсек, ара шаққаннан кейін денеге бар-жоғы 20 секунд ішінде удың 90%-ы тарайды екен. Сол себепті, бізгекті тезірек алып тастауға тырысыңыз. Қандай затпен алсаңыз да, мейлі ол кішкентай қысқыш болсын (пинцет), қолыңызбен болсын, бастысы сақтық керек. Бізгектің теріңізге ары қарай еніп, жарақат бетіне микробтар түсіп кетпеуін жіті қадағалаңыз. Содан соң, ара шаққан жерді мұқият сабындап жуыңыз. Егер араның шаққан орны ашытып, қызарып, ісіне бастаса, жарақат үстіне 20 минут мұз баса тұрыңыз. Соңында ісікке қарсы май (крем) жағыңыз. Егер бұған аллергияңыз болса, аллергияға қарсы май (антигистамин) сізге көмектеседі. Араның уына аллергиясы бар адамдар дәрігердің көмегіне жүгінуі керек. Аллергияның алғашқы белгілері мынадай: тамақ, тіл, көз ісінуі мүмкін, тыныс алу қиындайды, жүрек айнып, адам өзін жайсыз сезінеді, басы айналып, есін жоғалтады.


Massaget.kz
14 шілде 2018 ж. 4 444 0