ТЕХНИКА ЕСКІРСЕ, ДАМУ ТЕЖЕЛЕДІ

Екінші бесжылдықта да бұл бағыттағы жетістіктер байқалды. Мысалы, 2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына Өскемендегі автомобиль зауыты, Оралдағы өндірістік орталық және Қарағандыдағы көтергіш крандар шығаратын зауыт енгізілді. Алайда ауыл шаруашылығындағы машина жасауға қатысты кейбір мәселелер әлі де шешімін таппай тұр. Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жағдайы төмен. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешеніне айтарлықтай зиян келтіреді. Көптеген шаруа техникаға сұранысты негізінен импорт арқылы жабады, ал қолда бар техниканың көбі ескірген, кеңес дәуірінен қалған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының сапасы тек санымен емес, оның өндіріс сапасымен, экологиялық талаптарға сай және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес болуымен де бағалануы тиіс. Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанның көрсеткіштері айтарлықтай төмен. Мысалы, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару қарқыны 10-12% болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,6% бен 3% аралығында ғана. Бұл көрсеткіштер еліміздің аграрлық саласындағы жаңа технологияларды игеруге әлі де көп күш салу қажеттігін көрсетеді. Қазақстандағы 147 мың трактор, 38 мың комбайн, 4,7 мың егіс кешені, 77 мың дән сепкіш, 13 мың дестелегіш, 73 мың трактор тіркемесі, 5,8 мың бүріккіш және 221 мың топырақ өңдеу жабдығы техникасы бар. Бірақ Мемлекет басшысы мәлім еткендей, техникалардың тозығы жеткен. – «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», – деді Тоқаев өз Жолдауында. Ескі ауыл шаруашылығы техникаларының, әсіресе астық жинайтын комбайндардың тең жартысы мен тракторлардың 70%-ы уақыт өте келе темір-терсекке айналуға тиіс. Мұндай тозған техниканың пайдаланылуының салдары Қазақстанның егіс даласын үлкен шығынға да ұшыратуы мүмкін. Сарапшылардың есептеуінше, ескі техникаға байланысты тек жөндеу мен жанар-жағармайға кететін шығындар 95 миллиард теңгеге жеткен. Бұған қоса, тозығы жеткен техниканың кесірінен далада қалатын астық көлемі республика бойынша 2,9 миллион тоннаға немесе жалпы жиынтықтың 14%-ына тең. Бұл дегеніміз 300 миллиард теңгенің егіс даласына «шашылып», жоғалып кетуімен бірдей. Мұндай шығындар тек ауыл шаруашылығының тиімділігін төмендетіп қана қоймай, ел экономикасына да үлкен зиян келтіреді. Осындай мәселелердің салдарынан Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені әлемдік нарықта сапасы жоғары, экологиялық таза өнімдерді өндіру мүмкіндігінен айырылу да ғажап емес. Бұл тек еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуетін шектеп қана қоймай, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, көптеген мүмкіндіктен қол үздіреді. Алайда осыған қарамастан, мемлекет ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға бағытталған оң көзқарасын сақтап отыр. Бұл салада жаңа заманның талаптарына сәйкес машина жасау мен құрастыру өндірісінің өркендеуі, яғни, ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің болашағына жарқын жол ашары сөзсіз. Сәтін салса, Қазақстан осы бағытта жаңа жетістіктерге жетіп, өз аграрлық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік алады. Қоса кеткен жөн, елімізде тек жеңіл машиналарды жөндейтін қызметтер ғана емес, ауыр және арнайы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін өндірістік орындары көптеп ашылса игі. Мамандандырылған орталықтың ашылуы қашанда маңызды. Мұндай орталықтар ауыл шаруашылығы техникасын жоғары сапамен жөндеуді қамтамасыз етіп, оның жұмыс істеп тұрған мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, шаруалардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді. Тіпті тек шаруалар үшін ғана емес, жалпы экономика үшін де оң өзгерістер болады. Анығында жаңа жұмыс орындарының ашылуының көзі бұл. Жөндеу, жинақтау және техникалық қызмет көрсету саласында білікті мамандарға сұраныс артады. Техникалардың жұмысы ұзарып, еңбек өнімділігі жоғарылайды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ