Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЛМЫС – ДАМУҒА КЕДЕРГІ

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЛМЫС – ДАМУҒА КЕДЕРГІ

Қоғамға, азаматтарға аса зор материалдық нұқсан келтіретін экономикалық қылмыстар өте қауіпті. Қазіргі кезде ол кең тарап, жаңа форматта өрбуде. Бұл ретте қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеруде облыс бойын­ша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірқатар жұмыс атқаруда.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ел экономикасының дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтап, олардың алдын алумен айналысады. Департаменттің мәліметінше, биыл өңірдегі құқық бұзушылықтар саны азайған. Бұл туралы жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аталған департамент басшысы Аслан Кеңес мәлімдеді.
– Қазір біз саннан гөрі сапаға көңіл бөлу ұстанымымен жұмыс жасаймыз. Яғни, залал мөлшері көлемді және бұған дейін жедел-іздестіру шаралары толық жүргізілген қылмыстық істерді анықтауға басымдық беріледі. Аса ірі емес құқықбұзушылықтар бойынша материалдар қаржы органдарына тексеруге ұсынылады, яғни салықтық әкімшілендіру шеңберінде қарастырылады. Қызылорда мұнайлы өңір болғандықтан, біз жүргізетін істерде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар да бар. Екі жыл көлемінде департаментпен осы бағыт бойынша 3 іс тіркелді. Бүгінде істер өндірісі аяқталып, сотқа жолданды. Экономикалық қылмыстарды халықтың әлеуметтік жағдайынан бөліп қарауға болмайды. Экономикалық өсу мен дамуға тосқауыл болатын әрбір қылмыстық әрекеттің қоғамға және адамдарға залалы орасан. Сондай қылмыстардың бірі – заңсыз ойын бизнесімен байланысты. Заңсыз ойын ұйымдастыру бойынша жыл басынан бері 6 қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды. «Онлайн казино» ұйымдастырушылары сот шешімімен тиісті жазаларын алды,-деді Аслан Кеңес.
Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған тағы бір мәселе – қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың қарқын алуы. Өңірімізде түрлі форматтағы алаяқтық жобалар көбейіп барады. Бүгінде олар жұмысын әртараптандырып үлгерген. Өңірдегі бұл мәселелер де департаменттің қатаң бақылауында.
– Әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында тұрақты түрде арнайы ақпараттық жүйемен мониторинг жасалады. Бүгінгі күні департамент мамандарымен заңсыз ойын белгілерімен 250, қаржы пирамидасына қатысты 350 сайт пен сілтемелердің белсенді жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, Қызылорданың географиялық, экологиялық ерекшеліктерін, экономикалық дамуындағы өсу немесе төмендеу қарқынын ескере отырып, «Аумақтың криминогендік картасы» жасалды. Соның негізінде жүйелі проблемалардың 6 бағытын нысанаға алдық. Олар аймағымыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған мақсатты қаражаттың жымқырылуы, облыстық ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қатмасыз етуге бөлінген қаражатты заңсыз иемденіп және мақсатсыз пайдалануын тексеру және қала және қалааралық автомобиль жолдарын, оның ішінде «Қызылорда-Жезқазған» тас жолынын жөндеу мен салуға бөлінген қаражаттын иемденіп алмауын қадағалау.
Оған қоса мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен басым бағыттар бойынша қылмыстарды алдын алу профилактикалық іс-шараларын қабылдап, облыста суармалы сулардың тапшылығына қатысты қылмыстарды анықтап, тергеуге және түпкілікті процессуалдық шешім қабылдауға баса назар аударатын боламыз, – деді тергеу басқармасының басшысы Жандос Кенжебаев.
Экономикалық қылмыстарды әшкерелеу ұзақ уақытты талап етеді. Қаржы саласындағы заң бұзушылықтардың көлемін анықтау мен растау барысында өзге қаржы органдарының (аудит, салық, т.б.) мәліметтері күтіледі. Қылмыстың ашылуы, залалдың мемлекетке қайтарылуы, тергеу сапасы, қылмыстық процесстерге қатысушылардың конституциялық құқығының бұзылмауы секілді критерийлер бойынша нақты меже мен мерзім бекітілген. Сондықтан экономикалық қылмыстардың ашылуы және залалдың қалпына келтірілуі бойынша жылдам нәтиже күту қиын. Қалай десек те экономикалық қылмыстың алдын алуда департаментке артылатын жүк ауыр.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
10 желтоқсан 2024 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031