БІР ДӘУІРДІҢ ШЕЖІРЕСІ
Елімізде 100 жасаған және одан асқан 423 азамат өмір сүреді. Солардың қатарында шиелілік Әділхан Османов та бар. Ол 1924 жылы 1 тамызда Бәйгеқұм ауылында дүниеге келген. Әділхан атай осы ұзақ өмiрiнде жақсыны да, жаманды да, қызықты да, қиындықты да, ащыны да, тұщыны да – бәрi-бәрiн молынан көрдi. Оның өзi мен өмiрi тұтас бiр ғасырдың тiрi тарихы, ғасыр келбетi. Ә.Османов адамзат тарихындағы ең қанды, қайғылы, қасiреттi ХХ ғасырдың барлық елдiң есiнде қалған елеулi оқиғаларының тiрi куәгерi. Яғни ол – қолдан жасалған ашаршылық, дүниежүзiлiк соғыс, соғыстан кейiнгi халық шаруашылығын қалпына келтiру, жариялылық пен қайта құру, одақтың тарауы, Қазақстанның егемендiк алып, тәуелсiз мемлекет болуы сияқты тағдырлы, тарихи дәуiрлердiң тiрi куәсi. Жүзге жету – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Әділхан қария өзге қатарластары секілді балалықтың бал дәмін сезінбеді. Соғыс жылдарында мақта теріп, отын тасып еңбек етті. – Жастайымнан еңбекке араластым. Қазіргідей мына жұмыс ұнайды, мынаны жасамаймын деген болған жоқ. Қол қусырып қарап отырмадық. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін еңбек еткен заман болды. Алланың маңдайыма жазғаны шығар, осы өміріме шүкір деймін. Ұзақ жасаудың сыры еңбекте болса керек, – дейді қария. Сонан соң «Тәрбие бар игіліктің бастауы» деген қағиданы ұстанады. Береке-бірлікпен шырайы кірген өз шаңырағының қыдыр қонып, бақ дарыған отбасылардың бірі болуы да соның нақты жемісі болар бәлкім. Әділхан Османов 1962 жылы совхозда бригадир, кейіннен ПМК мекемесінде қарауыл болып жұмыс жасады. 1952 жылы Бибіажар әжемізбен шаңырақ құрады. Батыр ана он төрт құрсақ көтерген. Бүгінде төрт ұл, төрт қызынан 30 немере, 35 шөбере бар. Ақсақал көбіне газет-кітапты серік етеді. Ғасыр жасаған қарияның жанары аздап сыр бергенімен, жүріп-тұруы тың. Тіпті құбылаға бет бұрып, намазын да қалт жібермейді. Қашан да елдің амандығын дұғасына қосып отырады. Немере-шөберелері түгел жиналса, бір қауым елге айналып, арқажарқа болатын Әділхан атаның күтімі жақсы, қимылы ширақ. – Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттың қатері жоқ. Сондықтан, қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек. Кезінде аш та болдық, жәутеңдеп үреймен өмір сүрдік. Бүгін міне, өз еркіміз өзімізде. Тәуелсіз елміз. Барымызға қанағат жасап, болашаққа жақсы үміттермен өмір сүре білейік. Қашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деген тыл ардагері Әділхан атай елдегі болып жатқан жаңалықтардан да хабардар екенін байқатты.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Қариясы бар шаңырақтың ырысы артық, несібесі мол, қарт кісілердің отырған үйінде береке-бірлік болады. Үлкен кісі бар үйде жас балалар зерек, ақыл-ойға да қанық өседі. Қарттарын құрмет тұтып, ақсақалдарын ардақтай білген елдің баласы өткенді бағалауға, бүгінін саралауға құмар болады. Атайдан тараған ұрпақтар да сондай болып ер жетіп келеді. Қадірлі қария атану да үлкен бақыт. Қарттықтың шуақты сәтін сезініп, айтулы асыл қасиеттерін бойына сіңірген ата-әжелеріміздің қоғамдағы рөлі қашанда зор болып қала бермек.Гүлхан ЯХИЯ