ҚАУІП ҚАЙДАН БОЛСА, ҚАТЕР СОДАН
Әлем жұртшылығы коронавирустан енді есін жия бастағандай еді. Енді келіп маймыл шешегі күллі жаһан елдерін алаңдатып отыр. Әлемдік деңгейдегі тәжірибелі медицина саласы өкілдерінің дабыл қағуының жөні де бар. Себебі маймыл шешегі ауруы уақыт өткен сайын белең алып, адам шығынына әкеліп соғуда.
Биыл бұл дертті 14 мыңнан астам адам жұқтырған. Өкінішке қарай, 500-ден астам адамның індеті асқынып, көз жұмды. Қауіпті кесел Африка елінде тез тарауда. Конгода аурудың мутацияға ұшыраған түрі белең алған. Мамандар вирус бұрынғы штамға қарағанда әлдеқайда жұқпалы екенін айтады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегі бойынша халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Маймыл шешегі қандай дерт? Одан сақтанудың жолы қайсы?
Өткен айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің таралу ауқымы ұлғайып келе жатқанын ескертіп, дабыл қақты. Африка құрлығында, Еуропа елдерінде тіркелген маймыл шешегі инфекциясының таралуына жол бермей, сақтық шараларын күшейту маңызды болып тұр. Бүгінде елімізде қатерлі індет тіркелген жоқ.
БҰЛ ҚАНДАЙ АУРУ?
Бұл – маймыл шешегі вирусынан туындайтын адамға жануарлардан жұғатын жұқпалы ауру. Сондай-ақ инфекция адамнан адамға берілуі мүмкін. Алғаш рет ауру 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында, ал 1970 жылы адамдарда анықталған. 2022 жылы мамырда эндемиялық емес бірнеше елде анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінге дейін маймыл шешегі әлемнің 75 елінде тіркелген.
Көбінесе инфекция Еуропа мен Америкада анықталады, ерлер арасында жиі кездеседі.
ДЕРТТІҢ АРНАЙЫ ЕМІ ЖОҚ
Бүгінде індеттің алдын алмаса, өте қауіпті екенін дүйім ел жете түсініп, қатерден қорғанудың қамына кіріскен. Маймыл шешегі індетін мониторинг жүргізу мақсатында елімізге келімді-кетімді азаматтарды бақылау жүзеге асады. Әуежайда, теміржол бекеттерінде автомобиль жолдарындағы кедендік бақылап өткізу пункттерінде арнайы құрылғы орнатылған. Маймыл шешегінің негізі симптомы – дене қызуының көтерілуі, теріде түрлі дақтың пайда болуы. Қатерлі дерттің арнайы емі, профилактикалық емдеу де әлі айқындалмаған, тіпті екпе де әлі шығарылмаған. Сақтық шарасын күшейту үшін қажетті ПТР тест сатып алынған.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінде елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.
– Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлықкарантиндік бақылау күшейтілді. Аталған инфекцияға күдікті науқас анықталса, жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бойынша медициналық қызметтің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Дәрілік заттар қорының қажетті көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жергілікті жерлерде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында, – деді Ержан Нұрлыбаев.
АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕРІ ТҰМАУҒА ҰҚСАЙДЫ
Ал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлстан Болатовадан аурудың белігілері туралы сұрағанымызда:
– Аурудың белгілері 5-21 күнде көріне бастайды. Вирус жұқтырып алған адамды дене қызуы, бас ауруы, бұлшық ет пен арқаның ауырсынуы, дененің қалтырауы мен лимфалық түйіндердің үлкеюі сияқты негізгі белгілер мазалайды. 1-3 күннен кейін денеге бөртпе шығады. Бұл – аурудың қызба кезеңі. Бөртпе алдымен бетке, одан соң бүкіл денеге таралады. Бөртпенің іші суға толып, артынан іріңдейді. Сосын қабыршақтанып түседі. Оның орны тыртық болып немесе пигмент, дақ боп қалуы мүмкін. Науқас 2-4 апта ішінде жазылады. Маймыл шешегі алғаш шыққанда адам өлімі тіркелмеді. Өлім-жітім бертін келе басталды. 2021 жылы шілдеде Бразилияда маймыл шешегінен алғаш рет адам өлімі тіркелді. Ал Қазақстанда әзірге маймыл шешегін жұқтыру оқиғасы тіркелмеген.
Маймыл шешегі, көбінесе, жабайы жануарлардан жұғады. Мәселен, тістеп қойса, я болмаса, жануардың биологиялық материалы ашық жарақатқа түссе, вирус ағзаға тез таралады. Сонымен қатар вирус дұрыс өңделмеген ет арқылы жұғуы мүмкін. Ал адамдар арасында ауа арқылы тарайды. Бірақ инфекцияны жұқтыру үшін науқас адамның жанында ұзақ жүру керек. Сондықтан маймыл шешегі отбасының ішінде тез таралады, – деп жауап берді.
Әзірге маймыл шешек вирусына қарсы қандай да бір ем немесе арнайы екпе ойлап табылған жоқ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық деңгейде төтенше жағдай жариялау арқылы ғалымдар жұқпалы вирусты зерттеп, оған қарсы вакцина табады деп үміттенеді.
Гүлхан ЯХИЯ