Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергетикалық сусын: жаңа дерт пе?

Энергетикалық сусын: жаңа дерт пе?

Сергіткіш сусын сергелдеңге себеп » Қармақшы таңы Қазір көшеде серуендеп келе жатқан жастың, емтиханға дайындалған оқушының, таңертең жұмысына ұйқысы қанбай келген қызметкердің, көлік тізгіндеген жүргізушінің қолынан күш-қуат беретін сусын толы құтыны жиі көруге болады. Тіпті бесіктен белі шықпаған кішкентай ғана балалардың өзі дүкенге кіргенде анасының жанын қоймай "Red bull" алдыратынын жиі байқаймыз.
Ал сусын өндірушілері қалтаңыз көтерсе, шөліңді әп сәтте қандыратын тәтті судың түр-түрін ұсынуға дайын. Дүкеншілер де оны сатуға асық. Сыртқы қаптамаға назар аударсақ, сусынның орташа бір құтысы күш-қуат беріп, ұйқышылдықтан арылтады деп кепілдік береді. Бірақ энергетикалық сусындардың қаншалықты қауіпті екендігін және алкоголь сияқты тәуелділік тудыратынын көбі түсіне бермейді.
Алдымен энергетикалық сусын ұғымын қарастырайық. Халық арасында «энергетик» аталып кеткен өнім – ағза жұмысын арттыруға бағытталған алкогольсіз сусын. Қатты газдалған сусынның негізгі мақсаты – ағзаңызға уақытша қуат беру. Алайда бұл қуатты қарызға алғанмен бірдей екенін ұмытпаған жөн. Сусынның күші басылған соң, ағзаңыз міндетті түрде екі есе жұмыс істегені үшін денсаулығыңызға кері әсерін тигізеді.
Сондықтан энергетикалық сусынды тұтынбас бұрын, бір нәрсені ойыңыздан шығармаңыз, бұл – қосымша энергия көзі емес. Тәтті су ағзаға түскен кезде бойыңыздағы энергияны жинап, сол мезетте сізге қуат сыйлайды. Бірақ белгілі бір уақыттан кейін жұмсалған энергияның орнын толтыруға ағза екі есе көп күш жұмсайды.
Қанаттандыратын сусынның құрамы қаншалықты қауіпті?
Газдалған тәтті сусындар сергектік пен мидың белсенділігін арттырады. Кез келген энергетикалық сусынның құрамы әдетте таурин мен кофеин негізінде жасалады, бірақ оның көп бөлігі сахароза немесе глюкозадан тұрады. Таурин жүрек бұлшықетінің әрекетіне әсер етсе, глюкоза мен сахарозаның көп мөлшері қант диабетінің, асқазан-ішек жолдар ауруларының даму қаупін арттырады.
Мамандар денсаулыққа қауіпсіз энергетикалық сусын жоқ деп сенімді түрде айтып отыр. Әрине, ағзаңыз екі есе күш жұмсауға мәжбүр болса, денсаулыққа одан не пайда? Сусындарда қанттың көп мөлшері және қуаттандыратын зиянды дозалар бар, бұл жүрек проблемаларына, қан қысымының жоғарылауына және депрессияға әкелуі мүмкін.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда қуаттағыш сусынның тәулігіне 30 мың литрі тұтынылады. Ал бұл көрсеткішті азайту сіз бен біздің қолымызда.
Медицинаның да айтары бар
 «Дені сау ұлт» ұлт­тық жобасында қант қосылған сусындарға акциз ендіру бел­гі­ленген. Сондай-ақ Ден­сау­лық сақтау сала­сын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасы да­ қам­тылған. Енді құ­ра­­мын­да қанты көп су­сын­дарға қосымша салық құнын көтеру мәселесіне қатысты шешім жыл соңына дейін қабылдануы мүм­­кін. Өйткені энер­­гети­калық жә­не газ­­­дал­ған сусын­­дар­дың кесірінен елі­мізде қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры секілді аурулар көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетімен ауыратын науқастар­дың саны кейінгі 5 жылда 31%-ға өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе, мамандар 2030 жылға қарай сырқаттанғандар 1 млн-нан асады деп болжап отыр.
«Кофеин тәуелсіз зат ретінде басқа жанама әсерлерді де тудыруы мүмкін. Ол белгілі бір мөлшерден кейін ағзаға зиян келтіреді. Ересектер үшін тәулігіне 400 мг (2–3 кесе) және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 100 мг (1–2 кесе) құрайды. Бұл – норма емес, ең жоғары рұқсат етілген тәуліктік доза. Ал 1 бөтелке энергетикалық сусынның құрамында 8–9 кесе кофе бар. Энергетикалық сусындардан кофеинді шамадан тыс қабылдағанда асқазан-ішек жолдарының гиперстимуляциясына, жүрек айнуы, құсу, диа­рея және іштің ауырсынуына әкелуі мүмкін. Сусындағы қант стимулятор рөлін атқарады. Қантты шамадан тыс тұтыну жүрек ауруына, семіздікке, 2 типтегі қант диабетіне және басқа да метаболикалық проблемаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан көптеген ел оның жарнамасы мен сатылуын, әсіресе оларды кәмелетке толмағандар арасында тұтынуды реттеуді қадағалайды», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің БАҚ-қа ұсынған деректерінде.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, аталған сусындар құрамында есірткіге ұқсас заттар болады екен. Бұл орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әсер етпей қоймайды.
– Энергетикалық сусындарды қолдануға мүлдем қарсымын. Бұл қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады. Басқа да ынталандырушылар секілді энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері ұзақ уақыт сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп. Бүйрек қызметінің бұзылуына да әсері бар, – дейді біз тілдескен жалпы тәжірибелі дәрігер Гүлнұр Рсаева.
Оның айтуына қарағанда, жеткіншектердің құмарлана ішетін сусыны құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жүрегі ауыратын адамдарға оны тұтынуға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, «энергетикалық сусындар шаршағанды басады, күш-қуатты арттырады» деген түсінік те қате.  Адамдардың, соның ішінде жастардың тез ашуланғыштығы, жүйке жүйесі ауруларына шалдығуының бір себебі осындай сусындарды пайдаланудың салдары екен.
Оны бір рет ішкен адам қайтадан ішуге әуестене береді. Бұл туралы  кент тұрғыны айтып берді.
– Мен жүк көлігімен ұзақ жолға жиі шығамын. Бір күні қатты ұйқы қысқанда жанымдағы жолдасым "Gorilla" ішуді ұсынды. Содан бастап сусынды ішуге тәбетім ашылып, мұны бес күн қатарынан қолдандым. Кейін он шақты күн ауырғаным әлі есімде. Содан бері оның зияндылығын жақсы білемін. Біле тұра, тәбетім тартып тұрады. Анда-санда аз мөлшерде ішіп жүрмін, – дейді ол.
Мамандар энергетикалық сусындардың денсаулыққа зиянын айтып, дабыл қақса да, жастардың бұған әуестігі жылдан-жылға артуда. Біз бас сұққан азық-түлік дүкенінің сатушысы оған жастар арасында сұраныстың көп екенін, әкелінген тауардың тез таусылып қалатынын айтты. Бағалары байқасақ, 250-700 теңге аралығында. Қалай десек те, супермаркеттер мен дүкен сөрелерінде «менмұндалаған» сусындар бағасына қарамастан өтімді болып тұр.
Сорға айналған сусын
Мәжіліс депутаттарының пікірінше, бұл сусынды көп тұтынатын – лудомандар. Ол­ар энергетиктің қызуымен отырып, бәске шектен тыс қаржы тігіп қойғанын да бай­қамайды.
– Құмар ойындарға тәуелді азаматтар – энергетикалық сусындардың басты тұтынушысы. Олар оны ұйықтамау, түні бойы кірпік қақпай ойнау үшін көп көлемде сіміреді. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала құмар ойындарды тұрақты ойнайды. Олар «энергетиктердің» әсеріне елтіп, бәс тігетінін жоққа шығаруға болмайды. Бүгінде «энергетиктер» алкогольді ішімдіктерден де қауіпті болып кетті. Өйткені тіпті он жасар бала да дүкенге кіріп, оны оп-оңай сатып ала береді, – деді мәселеге қатысты жиындардың бірінде мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев.
Балаларға зиян бояғышы бар
Айта кетейік, қырғыз елі Ауғанстанда өндірілген гранат хош иісі бар "Golden Lif", "корольдік", "золотая жизнь" газдалған анар сусындарына да тыйым салып жатыр. Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі жанындағы аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бұйрығы бойынша сусын талаптарға сай келмейді екен. Тыйым халықтың, әсіресе, балалардың денсаулығын қорғау мақсатында енгізілген. Өйткені сусынның құрамында балалардың белсенділігі мен зейініне теріс әсер ететін азорубин E 122 бояғышы бар.
Сауда желілерінің басшыларына осы өнімдерді сатуға тыйым салу туралы бұйрықтар берілген. Қазақстанда керісінше дәл осы сусындардың бағасы арзан болғандықтан, тұтынушылар көп.
Энергетикалық сусын уға айналады
Екінің бірі біле бермес, бірақ энергетикалық сусындар жас ұрпақтың болашағына балта шауып қана қоймай, мемлекетке де салмақ түсіреді. Мысалы, қоршаған ортаға залал келтіретін уға айналатындықтан, қолданыс мерзімі аяқталған энергетикалық сусындарды утилизациялаудың ережесі сонау 2008 жылғы 15 ақпанда бекітілген екен. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, энегетикалық сусындарды жою «Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесіне» сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте мерзімі өткен осы өнімнің кезекті партиясының дұрыс жойылғанын қадағалау үшін жергілікті әкімдіктер мен құзырлы мекемелерге арнайы комиссия құрып, процесті бақылауға тура келеді.
«Қауіпті тамақ өнімдерін жоятын, яғни көметін жерді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және қоршаған ортаны қорғау органдарымен келісе отырып, облыстардың, республикалық маңызды қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары белгілейді. Энергетикалық сусындар сияқты қауіпті тамақ өнімдерін жоюды комиссия мүшелерінің міндетті түрде қатысумен соның иесі жүргізеді және бұл шара бекітілген нысан бойынша тиісті актімен ресімделеді», – деп түсіндірді Экология министрлігі. 
Осылайша, энергетикалық сусындар қазақтың қасиетті даласын улап жатқан кезекті қалдыққа айналады. Назар аударатын жайт, бұл сусындардың ең басты тұтынушысы – жастарға сатуға тыйым салынған соң, сатылмай, қолданыс мерзімі аяқталатын, салдарынан жерге көмілетін өнімдердің көлемі де күрт өспек. Ендеше проблеманы өршітпей, елімізге энергетикалық сусындарды импорттауға және өндірісіне толық тыйым салып тастаған жөн еді. Қоғам белсенділері мен ұлт жанашырлары соны талап еткен-тін.
Заң не дейді?
Ұлт болашағына, ұрпақтың денсаулығына жағымсыз салдарды азайту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қарашада жасөспірімдерге энергетикалық сусын сатуға тыйым салуға тапсырма берді. Бірақ тек 2024 жылғы 24 қаңтарда ғана Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында тыйым қаралып, мақұлданды. Осыдан кейін Мәжілістегі әлгінде айтылған заң жобаларында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусын сатуға заңнамалық деңгейде тыйым салу енгізілді. Оның жарнама­сына да рұқсат етпеу ұс­ын­ылды. Алайда бұл тыйым тек келесі жылы күшіне енуі мүмкін.
Сонымен «энергетиктерге» қатысты шектеулер мен тыйымдар «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрініс тауып отыр. Осыған байланысты, Президенттің жас ұрпақты болашағына залал келтіретін өнімдерден қорғау тапсырмасын орындау мақсатында, аталған заң жобаларында Мәжіліс пен Үкімет энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған балаларға сатуға тыйым салмақ. 
Тыйымды бұзса, жаза қандай?
Заңнамалық түзетулер қазіргі күйде қабылданса, онда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне жаңа 423-3-бап енгізілмек. Оның аясында «энергетиктерді» сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, вендингтік аппараттар, өзге де электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салынады. Себебі автоматтар клиенттерден құжат сұрамайды, ішіне тиын-тебен тыққанның бәріне, соның ішінде балаларға өнім ұсынады. Демек бизнес жаңа заң жобасындағы 21 жасқа толмағандарға сату тыйымын автоматтар арқылы айналып өтуі мүмкін.  
Нәтижесінде, 423-3-бапқа сәйкес, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған тұлғаларға, соның ішінде сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, вендингтік апараттар, өзге электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы сатса, жеке тұлғалар үшін – ескерту жасалады немесе 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 25 АЕК (92 300 теңге), орта кәсіпкерлік үшін – 40 АЕК (147 680 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК (369 200 теңге) айыппұл салынады.
Осы әрекетін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасаса, яғни бір жылда тағы қолға түссе, жеке тұлғалардың айыппұл сомасы – 30, шағын кәсіпкерлердікі – 50, орта кәсіпкерлерде – 80, ірі кәсіпкерлік нысандары үшін – 200 айлық есептік көрсеткішке дейін артып, екі еселенеді. 
Жаңа заңның нұс­­қасына сәйкес мұн­дай сусындарды авто­­маттарға қоймай­­ды, жарнамасына да бұдан былай жол жоқ. Ал үлкендер үшін сатылса, саудасы мектептен және басқа оқу орындарынан 200 метр алшақта жүруге тиіс. Денсаулық сақтау, спорт ғимараттарына да бұл энергетиктерді жақындатпайды.
Шетелдегі шешім қалай?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқаттары мен жүйке жүйесінің бұзылуын, асқазан-ішек ауруларын болдырмаудың бір жолы – энергетикалық сусындарды шектеу екенін айтқан. Сондықтан, дамыған елдердің көбінде бұл сусындарды сатуға тұтастай немесе жартылай тыйым салынған.
Интернет желісіндегі мәліметке сүйенсек, энергетикалық сусындардың адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазанында тіркеліпті. Пенза қаласының студенті мұны шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмған. Міне, содан да болар, Франция Дания, Норвегия мен Германияда бұл сусындарды өндіруге мүлдем тыйым салынған. Бүгінде әлемнің бірқатар елінде энергетикалық сусындарды сатуға қатысты шек­теулер енгізілген. Мәселен, мұн­дай сусындар Түркия, Польша, Әзер­бай­жанда кәмелет жасына тол­ма­ған­дарға сатылмайды. Испанияда бұл та­қырып жан-жақты қаралып жатыр. Олар энергетикті алкоголь және теме­кі­мен қатар қойып отыр. Тіпті, Ұлыбритания мен Норвегияда кофеині литріне 150 миллиграмнан асатын сусындарға мүлдем тыйым салу қарастырылып жатыр. Яғни, Қазақстан бұл істе өзге елден көп қалып, кешігіп келеді.
Әлем дабыл қағып, түбегейлі бас тартып жатқан энергетиктер бізде кез келген жерде емін-еркін сатылуда. Тіпті теледидар мен ғаламторда жарнамаланады. Адам денсаулығын емес, өнімін көбірек өткізіп, табысын ғана ойлағандар оған қаржы аяп жатқан жоқ. Бұдан кейін теледидарға телміріп, интернетке үңілген жастар небір көзтартарлық роликтердің әсерімен дәмі тіл үйірер алдамшы сусындарға тәуелді болып қалмай қайтсін?
Энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияндылығын қанша айтсақ та артық емес. Нәтижесінде бүгінде оны сатуға шектеу қою туралы заң жобасы жасалып, сең қозғалды. Ендігі уақытта мәселе аяқсыз қалмай, шешімін тапса игі.
Гүлхан ЯХИЯ
03 қыркүйек 2024 ж. 147 0