Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұйытылған газ неге тапшы?

Сұйытылған газ неге тапшы?

Қазір ауданда сұйытылған газдың тапшылығы айтарлықтай байқалуда. Оны май құю бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұрған көліктерге қарап-ақ бағамдай беруге болады. Ал орын алған мәселенің түп-төркінін әкімдік тарап қалай шешпек? Бас қатырар мәселеге айналған сұйытылған газ тапшылығы қашан шешімін таппақ.
Иә, соңғы жылдары сұйытылған газ мәселесі көптің басын қатырған үлкен мәселеге айналды. Қазргі уақытта «АИ-92», «АИ-95» бензин бағасына қарағанда, сұйытылған газдың бағасы әлдеқайда төмен. Жеңіл көліктердің көбі қалтаға аз салмақ түсетін газ қондырғысына көшкен. Ал қалтаға пұл, көңілге зіл болмайды деп қуанған жұртшылықтың қазір көңілі күпті болып жүр.
Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов: мұның бәрі отынның осы түрін өндіретін «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы ақауға байланысты екенін айтты. Оның айтуынша, Қызылорда облысының әкімдігі арнайы жұмыс тобын құрды. Қазір жағдай бақылауда. Өңірде сұйытылған газды 25 оператор, 212 құю станциаларына сатады. Қожаниязовтың айтуынша, Энергетика министрлігі орта есеппен облысқа айына 7,5-8 мың тонна газ бөледі. Оның 6 мың тоннасы «Қазгермұнай» компаниясынан түседі. Істен шыққан газ өңдеу қондырғысы айына алты мың тоннаға дейін газ береді. «Қазгермұнайдың» екінші қондырғысы айына 4800 тоннадан аспайтын газ өндіреді. Яғни, газ жеткізудің қажетті көлемі жоқ. «Мәселені реттеу мақсатында Энергетика министрлігімен бірлесіп қабылданған шаралар аясында бізге «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан қосымша 504 тонна газ бөлінеді. Газ тапшылығы байқалғалы бері «Саутс Ойл» жергілікті компаниясынан 104 тонна сұйытылған газ бөлінген. Осы айдың соңына дейін бұл компаниямен қосымша 140 тонна газ бөлу жөнінде келісім жасалып отыр. «ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниясы 1364 тонна газ жеткізді, яғни жағдай бірте-бірте тұрақталуда, – деп мәлімдеді.
Иә, өткен жылдары сұйытылған газдың бағасы шарықтап кеткен еді. Одан кейін де ауданда газдың тапшылығы байқалған болатын. Енді арада сәл уақыт өткенде тағы да олқылық орын алып отыр. Бұған жергілікті әкімдікті кінәлауға болмайды. Өйткені республика мен облыстан шешілетін бұл түйіткілге министрлік пен облыс әкімдігі тарапынан шұғыл жұмыс тобы құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әкімдік өкілдері қараша айында бәрі ретке келетіні жайлы баяндады. Ал, ауданда сұйытылған газ бағасының тұрақтылығы қандай? Көтерілген сауалға байланысты аудандық кәсіпкерлік және туризм бөліміне хабарласқан едік.
– Қазір ауданда сұйытылған газ бағасы тұрақты.
Аудан бойынша 13 автожанармай және 17 автогаз құю бекеттері жұмыс істейді. Оның ішінде ірі «Авто газ трейд», «Арал газ», «TS Қызылорда мұнай өнімдері» және «Қызылорда мұнай өнімдері», «Аргос», «РК Мұнай», «Азимут газ» ЖШС. АИ-92 маркалы бензинінің 1 литр орташа бағасы – 198,9 теңге, АИ-95 маркалы бензин – 245,3 теңге, ал дизель отыны – 294,4 теңгенің аралығында жергілікті халыққа сатылуда. Қазіргі таңда ауданда АИ-92 маркалы бензин қоры – 255,9 тонна болса, АИ-95 маркалы бензиннің қоры – 34,4 тонна, дизель отыны – 141,4 тонна.
– Бүгінде нарық бағасы аспандап тұрған уақытта, газдың тапшы болуы қалтаға ауыр соғып тұр. Аудан орталығында күні бойы такси қызметін атқаратын біздерге бензин бағасы оңайға түспесі де белгілі. Сондықтан тапшылыққа төзіммен қарап, күткен жөн. Алдағы күндері бұл мәселе оң шешімін табатынына сенім мол, – дейді кент тұрғыны Д.Үсенбеков.
P.S. Нарықта бақылау болғаны жақсы. Қараша халық қымбатшылыққа көндігер. Бірақ тапшылық орын алмауын тілейді.

Дархан БАЙТІЛЕС
31 қазан 2023 ж. 212 0