Аттестаттау: сынақ па, сүріндіру ме?
Соңғы күндері аттестаттаудан өте алмай, сағы сынған мұғалімдердің жанайқайы көбейді. Орал қаласының өзінде бір күнде сыннан өткен 50 педагогтің 49-ы сүрінген екен. Бұлардың көпшілігі жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беріп жүрген тәжірибелі мамандар бола тұра, тиісті межеден көріне алмағаны қалай деген сұрақ туады.
Себепсіз салдар болмайды деген бар. Өзіміздің неден сорлап жатқанымызды біліп отырмыз. Бұған себеп – ағылшын тілінен сөзбе-сөз, сапасыз аударылған оқыту әдістемесі екені анық. Біреулер санаттаудың жаңа ережесі енгізілгелі аттай 5 жыл өткен жоқ па деуі де мүмкін. Солай екені де рас. Бірақ бастапқы кезде оқыту әдістемесінің шекті балы көңілге қонымды болды. 2021 жылы педагог-шебер санатын алу үшін әдістемеден 30 тест тапсырмасының 14-ін шешсе жеткілікті еді.
Кейін жағдай біртіндеп өзгере бастады. Сол кездегі Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдың көктемінде талапты жоғарылатып, педагог-модератор – 18, педагог-сарапшы – 21, педагог-зерттеуші – 24, педагог-шебер 27 балл жинауы керек екенін құлаққағыс қыла бастады. Сол кезде мен әлеуметтік желіде мұндай өзгерістің салдары жақсы болмайтынын талдап жаздым. Алайда жанайқайыма құзырлы министрлік тарапынан жауап болған жоқ.
Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылдың күзінде мұғалімдердің өз пәнінің тест тапсырмасының дистракторын азайтып, бір жауапты етті. Ал әдістеменің 30 балдық тапсырмасын 20-ға түсіргенмен, шекті балы күрт көтерілді. Ендігі жерде педагогтер оқыту әдістемесінен мынадай межені бағындыру қажет болды: педагог-модератор – 20/12, педагог-сарапшы – 20/14, педагог-зерттеуші – 20/16, педагог-шебер – 20/18.
Бұл әрекетті педагогтерге жасалған қиянат деген дұрыс болар. Өйткені мұғалімдер бірінші кәсіби жетістіктері жинақталған портфолио тапсырады. Соның өзіне де қойылып отырған шарттар жеңіл емес. Оқу-ағарту министрлігі аттестаттауды мейлінше сараптап, жүйелі, ақылға қонымды етіп жүргізсе дейміз. Қысқасы, ағылшын тілінен шалағай аударылған эклектикалық әдістемені алып тастап, педагогтерге кәсіби жетістіктері мен өз пәні бойынша теориялық білімінің нәтижесі негізінде санат беру керек деп есептеймін.
Серік ЗИЯТОВ