Неге такси болуға құмартамыз?
«Өскен өңір» редакциясының орталыққа қоныс ауыстырғанына біраз жыл болды. Дәл орталыққа көшкеніміз іштегі қызметкерлер үшін де, оқырмандар үшін де тиімді болғанын жасыруға келмес. Күнделікті үйге қайтар жолда Ә.Шорабаев орталық базарының маңынан өтеміз. Айналмалы жолдың (кольцовой) самсап тұрған таксилер бірден көзге ұрады. Сол кезде қазақтың атпалдай азаматтары «Неге такси болуға құмар?» деп іштей налисың...
Адам тасып, жолшыбай жолаушыны жеткізіп салу атадан аманаттап алған ісіміз бе? Жоқ әлде, бүгінгі қазақ жастарының ақыл-ойы, өресі мен білімінің «такси» болудан басқаға жетпегені ме? Неге жас буын жаңа заманның жаңашыл бағыттағы жұмыс жасау тәсілдерін үйреніп, онымен нәпақасын табуға қызықпайды?
Адам тасып, жолшыбай жолаушыны жеткізіп салу атадан аманаттап алған ісіміз бе? Жоқ әлде, бүгінгі қазақ жастарының ақыл-ойы, өресі мен білімінің «такси» болудан басқаға жетпегені ме? Неге жас буын жаңа заманның жаңашыл бағыттағы жұмыс жасау тәсілдерін үйреніп, онымен нәпақасын табуға қызықпайды?
Бүгінде оған соншалықты білімнің де қажеті жоқ, тек ықылас пен ниет болса болғаны. Қазір үйренгің келген дүниені баяғыдай шаһар асып, мазар баспастан үйдегі ғаламтордан-ақ біліп алуға мүмкіндік көп. Бір ғана «Ютуб» желісінің өзінде сантүрлі жұмыстардың қалай жасалуы керектігін көрсетіп, тәжірибесімен бөліскен көптеген видеолар бар. Мәселен, құрылыс, көлік жөндеу, ауыл шаруашылығы салаларындағы біз білмейтін жұмыстардың тез әрі жылдам жасалатынын көрсететін роликтер жетіп артылады. Күн ұзаққа ғаламтордың шырмауына ілінген жастарымыз ғаламтордың осындай жақсы жақтарын пайдаланып, оң жамбастарына келетін істі үйреніп, онысын әрі қарай дамытып жатса келешегі үшін керемет емес пе?!
Бірақ біз айтып отырған ұсынысты көпшілік жастар құлағына іле бермейді. Неліктен? Өйткені, түйсігіне такси болу сіңіп алған. Ол аздай, қазір такси қызметін ұсынатын «Яндекс», «Индрайвер» сынды бағдарламалар да қаптап кеткен. Бұрын таксишілікпен жасы егде тартып, зейнет жасына шыққан көкелеріміз айналысатын. Сосын ол кісілер көлік жүргізу тәртібін қатаң сақтап, жолаушының өмірі мен денсаулығына аса қатты жауапкершілікпен қарайтын. Ал қазір ше? Қазір барлығы теріс жүреді. Кеше ғана жүргізуші куәлігін алған жеткіншектің (онда да сатып алған) автокөлігіне адамды артығымен отырғызып, түзу жолды былай қойғанда ауыл, кент ішінде жүйткітіп жылдамдығын асырып кетіп бара жатқанын көреміз. Оған ішіндегі адамдардың өмірінен гөрі, ертерек орталыққа барып тізімнің алғашқысы болып тіркелген маңызды. Одан бөлек, жолаушыға деген құрмет, тұтынушыға жасалатын жағдай мен ішкі мәдениеттілік деген сынды қарапайым дүниелер тасымалдаушылардың бойынан табыла бермейді. Құмар ойыны да осы такси тұрақтарында қызу ойналып, бәс тігудің ошағы да осында. Айта берсек, айыптары көп. Соның барлығы бірінші кезекте білімсіздіктен шығып отыр.
Мектеп бітіріп, әскерді аяқтап келген кей жігіттер Астана асып, қақаған қыстың суығына тоңып, құрылысқа жұмысқа орналасады. Ондағы басты мақсаттары да белгілі, алған айлығының жартысын жинап тозығы жетіп, діңкесі құрып тұрған болса да көлік алып, такси болу. Болды. Басқа ой санаға кіріп шықпайды. Әй, көкем-ау, ақыры сол қара жұмыстың басында жүрсің, сәл жеңіл әрі ақшасы да қомақты сантехник, электр жарығын жүргізу, дәнекерлеуші секілді жұмыс түрлерін үйреніп алсаң қайтеді. Ол сенің көше кезіп, адам іздегеніңнен әлдеқайда жақсы емес пе?! Солайша қоғамда өз орныңды тауып, бір саланың маманы атанар едің. Ал құрылыс, көлік жөндеу, электр желісін тарту мамандықтарының елімізде тапшы екенін ескеретін болсақ мұндай мамандарға кез келген жерде сұраныс бар. Біз бұл жерде азаматтарымыз такси болып табыс таппасын деуден аулақпыз әрине. Тек айналасында қызметтің басқа да түрлері бар екенін айтқымыз келеді. Қазір басымен ойланып, әрекет етіп талпынған адамға жұмыс көп. Жай ғана техниканың тілін біліп тұрсаңыз сенен абыройлы адам болмайды. Тіпті, тұтынушылар үйіңде тығылып жатсаң да итпен іздеп тауып алады. Өйткені, көлік жүргізгеннің барлығы оның тілін біле бермейді. Бұл аз десеңіз, қазір мемлекет тарапынан да көрсетілетін қолдаулар жоғары. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту елімізде жүйелі түрде жүріп жатыр. Тегін кәсіптік білім беру де қолайластырылған. Тек соның ебін тауып, тәуекел етіп жолына түсе білсе болғаны.
P.S. Қазақта «Талпынған жетер мұратқа», «Тәуекел түбі жел қайық» деген тәмсілдер бар. Біздің де айтпағымыз жастардың талпынып, алдына мақсат қойып, тәуекелшіл болса екен деген ой еді.
С.МАДИЯРОВА