Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлер ескеретін ерекше жай

Ерлер ескеретін ерекше жай

Қазіргі таңда медицинаның урология саласындағы өзекті тақы-рыптың бірі – ерлердің қуық асты безінің сырқаттары. Көбіне бұл ауру егде жастан асқан ерлер арасында жиі кездеседі. Қуық асты безінің (простатаның) барынша кең тараған сырқат түрлері ретінде жедел және созылмалы простатит, қуық асты безінің залалсыз гиперплазиясы (простата аденомасы), қуық асты безінің қатерлі ісігін атауға болады.
Заманға сай әр жастағы адамдар бауырдың, бүйректің, жүректің қайда орналасқанын және олардың атқаратын қызметтерін білгенімен, қуық асты безі туралы түсініктері жоққа тән. Сондықтан жасы ұлғайған ер адамдар арасында қуық асты безі ауруларын профилактикалық түрде емдететіндер көп емес.
Дегенмен, қуық асты безінің қызметіне және емделуіне байланысты мәселелер толастар емес. Заманауи талаптарға байланысты бұл дертті әртүрлі емдеу тәсілдері бар. Қуық асты безі тек еркектерде ғана кездеседі. Қуық асты безі (простата) – бұл жамбас жағындағы қуықтың басында орналасқан кішігірім дене мүшесі.
Жас кезінде аталық без алынып тасталған (мысалы, қатерлі ісіктен) ерлер қуық асты безінің аденомасына шалдықпайтындығы белгілі. Сонымен қатар, қуық асты безінің аденомасына шалдыққаннан кейін аталық без алынып тасталса, бездің өлшемі азая бастайды. Негізінен бұл дерт 40 жастан асқан ер адамдардың көпшілігінде және 80 жас­тан асқан ер адамдардың 90 процентінен байқалады.
Әрине, бұл осы адамдардың барлығын простата ауруларының белгілері мазалайды деген сөз емес. Алайда ұлғайған бездің жағымсыз әсері байқалса, тез арада уролог дәрігерге қаралу керек.
Ұлғайған қуық асты бездері көптеген қиыншылықтар әкелуі мүмкін. Дәретханаға жиі бару немесе түнгі ұйқысын бұзу кімге ұнасын? Ал одан да қауіптісі – бұл бүйрек ауруларына, несеп жолдарының жұқпалы ауруларына, сондай-ақ қуық патологиясына жол ашады.
Қуық асты безінің бар-жоғын дәрігер тексеру арқылы анықтайды. Сондай-ақ науқас анкета толтырады. Ол симптомдардың ауырлығын және өмірге әсерін бағалау үшін қажет.
Ал емдеу тәсілі симптомдардың ауырлығына және олардың адам өміріне әсеріне, қандай да бір басқа аурудың болуына байланысты. Емдеу «күту тактикасы», өмір салтын өзгерту, медициналық препараттарды тағайындау немесе хирургиялық жолмен жасалады.
Егер науқаста қуық асты безінің аденомасы болса, оған жыл сайын диагнос­тикадан өтіп, симптомдардың әрі қарай ушығуын бақылау керек. Жағдайға қарай емдеуге өзгерістер де енгізіліп тұрады.
Жеңіл симптомдар кезінде өздігінше күтім жасауға да болады. Ол үшін алғашқы сезіммен қуықты босату, күшті сезім болмаса да дәретханаға жиі бару, алкоголь немесе кофеинді тұтынудан алшақ болу (әсіресе, кешкі астан кейін) қажет. Сондай-ақ сұйықтықты бірден көп ішпей, күн барысында бөліп ішу, ұйқыға дейін 2 сағат бұрын сұйықтық ішуді тоқтату, суық тию және синусит кезінде ісінуге қарсы құралдарды немесе антигистаминдік препараттарды қабылдамауға тырысу да дерттің дендеуіне септігін тигізеді. Ең бастысы ер адам жылы жерде болуға, белсенді өмір салтын ұстануға тырысу қажет. Суық ауа райы мен дене жүктемелерінің
болмауы симптомдарды ушықтыруы мүмкін.
Қорыта айтқанда, қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы астарлап келіп, асқына дамып, өмірдің екінші жартысында, зейнеткерлік кезеңде ер адамның өмір сапасын төмендететін әлеуметтік ауруға айналуда. Сондықтан да ел азаматтарына ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіздер және сырқаттың алғашқы белгілері пайда болысымен дер кезінде дәрігер урологқа көрініңіз демекпіз.

Берік Абдіқадіров,
Шилелі аудан аралық ауруханасының
ерлерді қарау бөлімінің фельдчері
22 ақпан 2023 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930