Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сонда біз өзімізге өзіміз жаумыз ба?

Сонда біз өзімізге өзіміз жаумыз ба?

«Тазалық денсаулық кепілі ме?» деп сұрасаң, кім болса да «иә» деп жауап береді. Медицинада тазалық сақтау деген сөз гигиенаны сақтау екені белгілі. Ал «гигиена» сөзінің төркіні тереңде жатыр. Ол көне грек мифологиясындағы емші-құдай Асклепияның қызы Гигеи, яғни Тазалық және денсаулық құдайы деген мағынаны білдіреді.
Гигиена негізгі жеке бастың және қоршаған ортаның гигиенасы болып 2 топқа бөлінеді. Жеке бастың гигиенасын сақтау үшін адам аптасына кемінде 1 рет моншаға түседі, таза киім киіп, өз денесін таза ұстауға тырысады. Кешке ұйқыға жатарда, таңертең ұйқыдан тұрғанда жақсылап жуынады, тісін күніне 2 рет пастамен тазалайды. Бұны көпшілік күнделікті орындап жүргенмен, мұрын қуысының кілегей қабатын да жақсылап тазалау керек екенін бірі білсе, бірі білмейді. Мұрын қуысынан ауа ішке жылынып кіреді. Сонымен қатар мұрын қуысының кілегей қабаттары фильтр қызметін де атқарады. Тыныс алғанда ауамен бірге мұрын қуысына түрлі майда микробөлшектер, шаң-тозаң, бактерия, вирустар, аллергендер де жинала береді. Бұлар жинала келе мұрын қуысының кілегей қабатын бұзып, тыныс жолына салқын тиюіне әсер етіп, тіпті аллергияға да әкеліп соғады. Сондықтан да мұрын қуысының тазалығына да ерекше мән берген дұрыс.
Адам ағзасына адамның жеке басының тазалығымен қатар, қоршаған ортаның тазалығы да әсер етеді. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау барша адамзаттың ең негізгі борышы деп білемін. Себебі аяулы табиғатымыз адамзаттың өсіп-өркендеуіне, оның денсаулығының жақсы болуына барынша жағдай жасайды. Біз табиғаттың кереметтей әсемдігіне сүйсініп, адамзатқа деген қамқорлығын сезінеміз. Бірақ мені табиғатқа, қоршаған ортаға дәл сондай сезіммен жауап бере алдық па деген сұрақ мазалайды. Менің ойымша, біз дәл қазір «қоқыс жәшігінде» өмір сүріп жатқандаймыз. Айналаңа қарасаң, шіруге айналған, иістенген тұрмыстық қалдықтардан, пластикалық бөтелкелер мен полиэтилен қалталарынан аяқ алып жүре алмайсың. Сенбілікке шығып, бүгін тазалап кеткен жер ертеңіне бәз-баяғы қалпына түсіп тұрады. Бұл не деген масқара?! Сонда біз өзімізге өзіміз жаумыз ба? Сол тазалаған жерге қоқысты қайта әкеліп тастайтын сіз бен біз ғой. Бұлай жалғаса берсе тазалық қай уақытта болады?
Тазалық сақтаудың ең негізгі қағидасы – жинау емес, оны шашпау, бүлдірмеу. Бұл қағиданы көпшілік жақсы біледі. Бірақ біле тұра, шашамыз, бүлдіреміз. Неге? Неге тазалық сақтауға келгенде соншалықты енжармыз? Біз алтын астау мен күміс ожаудан тамақ ішіп, үлде мен бүлдеге оранып, Алтай мен Қара теңіз аралығындағы Ұлы далада атой салған қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Әлде 300 жыл орыстың отары, 70 жыл коммунистердің боданында болып, өз генотипімізді жоғалтып алдық па? «Құлға бәрібір» демекші, құлдық сезім санамызға әбден дендеп алған ба? Онда дүр сілкініп, құлдық санадан арылатын кез келді. Еңсемізді көтерейік, ағайын!
Күл-қоқыс жиналған жер – халық арасына жұқпалы ауру тарататын нағыз ошақ. Сол ошақтың көзін құрту үшін бүкіл ­аудан тұрғындары болып қазір күреспесек, ертең кеш қаларымыз анық.

Болат КҮЛІМБЕТ,
Қазақстанның «Алтын дәрігері»,
денсаулық сақтау саласының ардагері
06 ақпан 2023 ж. 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930