Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАРҒА ДҰРЫС БАҒЫТ БЕРМЕЙ ЖАТҚАН ӨЗІМІЗ

ЖАСТАРҒА ДҰРЫС БАҒЫТ БЕРМЕЙ ЖАТҚАН ӨЗІМІЗ

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сыр елінің, оның ішінде өзі туған Ақмая ауылының мақтанышы – Жалғас Сандыбаев. Ол – оқытушы, журналист, редактор, аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, ағылшын, араб, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бір сөзбен айтқанда – рухани бай адам. Біз оқырмандарымызға, әсіресе, жастарға рухани баюдың, ғылымда жетістікке жетудің жолдарын кейіпкеріміз арқылы жеткізгіміз келді. Сонымен қатар, әңгіме барысында Жалғас ағаның өмір жолы, адамгершілік, рухани ізгі қасиеттер, бүгінгі қоғамның бет-бейнесі, жастар тәрбиесі жөнінде кеңінен сөз болды.
– Жалғас аға, ғылымға қалай келдіңіз?
– Сіздің сұрағыңызға жауап беруім үшін біраз артқа шегінгенім жөн болар. Ауыл баласының ата-әженің тәлім-тәрбиесін көріп өсері мәлім. Мен де сол сияқты ата мен әженің ыстық алақандарын көрдім. Ата-анам ағартушылар. Әкем – Жұманазар ұлы Сәдуахас. Ауылдастар және ағайын-туыс ол кісіні Сәкен деп таниды. Дана Абай айтпақшы: «Ұстаздық еткен жалықпас...» – деп, әкем ғұмыр бойына ауылдағы №49 орта мектепте мұғалім болып, құрметті зейнетке шықты. Анам – Тасанова Қазынашай, ауыл тұрғындарына, жақын туыстарға анам Қазына есімімен танымал. Ол кісі де ауылда №49 орта мектепте ұстаз болды, кейін біраз уақыт ауылдық әкімдікте қызмет қылып, сосын қайта мектепке оралып, оқу және білім жөніндегі меңгеруші қызметінен зейнетке шықты. Әкем Бәйгеқұмның тумасы, анам Қызылорда қаласының қызы. Ол кісілер жоғарғы оқуды тәмамдаған соң арнайы жолдамамен Ақмая ауылына келіп, сол жерде тұрақтап қалды.
Міне, ата-анамыз жаздық демалыста жылда қалыптасқан дәстүр бойынша бізді Бәйгеқұм ауылындағы ата-әжемізге табыс¬тап кететін. Содан жаз бойы сол кісілердің қолында қалатынбыз. Біз ол кісілердің ыстық күндері ораза ұстағанын, қараңғы уақытта сәрілік ішкендерін көрдік, ал, кештерде ғибратты діни қиссаларын естіп өстік. Қарияның айтқан діни дастандары мен қиссаларын бір деммен тыңдайтын едім. Сол қатты әсер етсе керек, мен ескі түркі, шағатай, араб тілдеріне қызықтым. Ал, бұл тілдер, дініміз исламмен тікелей байланысты. Уақыт өте ислам мәдениеті мен өркениетіне, оның әлем мәдениетіне қосқан үлесі, тарихта алатын орны, араб-мұсылман ғалымдары мен ойшылдары қызығушылығымды арттыра түсті. Сосын араб әріптері мен махраджарын (фонетикасын) игеру үшін медресеге түстім, институтты тәмамдадым, университет оқыдым, магистр атандым, кейін аспирантураға бас ұрдым, сөйтіп, диссертациямды орта ғасыр араб-мұсылман ойшылдарынан қорғадым. Білім шексіз. Ежелгі грек ойшылдарының бірі: «Мен еш нәрсе білмейтінімді білемін», – деген екен. Адам оқыған сайын, өзінің терең білім алдында әлсіз екенін түсінеді.
Егер сіз ислам мәдениетінің өркендеу ғасырына назар салар болсаңыз, онда сол замандағы ғылым мен білім атауының даму кезеңін байқайсыз. Басқаша айтқанда, сол замандағы адамның шамасы келетін ғылымдардың барлық саласы дамыды. Тек діни емес, керісінше зайырлы білімдердің дамуы мен оқытылуын айтуға болады (астрономия, метафизика, алхимия, геометрия, алгебра, философия, лингвистика, медицина және т.б.), өнердің дамуы (архитектура, қол өнері, шешендік өнері, каллиграфия, сызу т.б.). Еуропа мен Қиыр шығыс қараңғылықтағы кезде ислам әлемінде жоғарыда аталған ғылым салаларының қаншалықты дамығаны барлығымызға әлем тарихынан белгілі.
Араб тілі, ғылым тілі болды. Бұл тіл әлемге поэзия мен прозаның ғажап туындыларын тарту етті. Мұсылман ғалымдары күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған іргелі шығармалар мен трактаттарды дүниеге келтірді. Мұсылман ғалымдарының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі орасан зор. Айтпақшы, бұл дәуірге қатысты тарихшы мен ойшыл ғалымдары сол кездерде араб-мұсылман әлемінің артынан ерген Еуропаны «бойсұнушы шәкірт» деп атаған. Не үшін? Өйткені, ортағасырдағы Еуропа грек ойшылдарын және олардың шығармаларын араб тілінен латын тіліне аударып қана танысу мүмкіндігіне ие еді. Бұған қоса XII-XIII араб-мұсылман математиктерінің, дәрігерлерінің шығармалары ортағасыр Еуропа ғылымының негізі болды. Тіпті, Ибн Синаның «Әш-Шифа» (Исцеление) кітабы күні бүгінге дейін Еуропаның бірқатар медицина факультеттерінде қосымша пән ретінде оқытылатыны білеміз.
– ...рухани тәрбие, ішкі тәрбие жөнінде не айтасыз?
– Шығыс қоғамында дінді моральдық құндылықтармен астастырудың нәтижесін¬де адам тек материалдық емес, сонымен қатар, рухани болмысқа ие болады. Рухани құндылықсыз ішкі үйлесімділікке қол жеткізу және оны сақтап қалу қиын. Тән мен жан теңеспейінше адамның рухани жетілуі мүмкін емес. Адамның және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында жүйелі өмір сүру түсінігі басымдық танытады.
Адам баласы тән саулығы үшін спортпен шынығып, күніне 3-4 мәрте тамақтанып дене формасын сақтайды. Сол сияқты жанның да азығын беріп, рухани тәлім-тәрбиемен сусындап отыру керек. Әйтпесе, адам тек бір жақты, материалды дамып, рухани дертке шалдығады. Рухани дертке шалдығудың салдары адамды әдепсіздікке, дөрекілікке, немқұрайлылыққа, тек қана қара басының қамын ойлайтын менменшіл, тәкаппарлыққа жетелейді. Рухани дертті шығыс ғалымдары «жүрек дерті» деп те атайды.
Себебі, адам денесінің әрбір мүшесі арнайы бір іс үшін жаратылғаны мәлім. Біздің әрбір мүшеміздің орындайтын өз міндеті бар. Ол міндетті сол белгілі мүшеден артық әрі жақсы ешкім орындай алмайды. Дене мүшесі сырқаттанып қалған жағдайда, оның орындауы тиіс әрекеті іске аспай қалады немесе қажетті деңгейде орындалмайды. Мысалы, адамның қолы ауырып қалса, онда ол қашан дерттен сауыққанша қолмен жұмыс жасау қабілетінен айырылады. Сол сияқты егер адамның көзі ауырса, көру қабілеті нашарлайды немесе мүлдем көруден қалады.
Осыған сәйкес жүректің де мысалын келтіруге болады. Егер жүрек ауырса, онда адамның жаны ауыр дертке шалдығады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамның бойында бір уыс ет бар, егер ол ауырса бүтін дене
ауырады...», – деп айтқан хадисінде бұл бір уыс еттің жүрек екенін айтады. Егер ол ет сау болса, онда адам да сау-саламатта жасайды. Мұнда пайғамбардың (с.ғ.с.) жүрегі рухани дертке шалдыққан адамды ауру деп айтуы – адамның барлық амалы, іс-әрекеті оның жүрегіне байланыс¬ты. Негізінде жүректің міндеті: білім алу, адамдарға жақсылық жасау, өзгелерді ізгілікке шақыру, құлшылық қылу.
Абай атамыз бұл пікірін: «...Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. ...мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады...», – деп растап, жүректі адам денесінің патшасы ретінде қарай отырып, оны адамгершілік сипаттарының қайнар көзі, ұлы мекені деген танымды ұқтыруға тырысқан .
Мұсылман ғалымдары бұл тақырыпқа қатысты көп пікірлер айтқан. Сайып келгенде барлығының түпкі ойы – адам жүрегін жөндемей, жүрісі реттелмейді дегенді айтады.
– Жалпы, қазіргі қоғамда рухани құндылықтан гөрі материалдық құндылықтың бірінші орынға шығып кеткеніне не себеп деп ойлайсыз?
– Тәрбие жетіспейді. Өйткені, жаһандану заманында отандастарымыздың, әсіресе, жастардың рухани дамуына кері әсері бар әртүрлі жағдайларды байқаймыз. Мәселен, бұл ретте жарнама мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы адамгершілік құндылықтың, ар мен ұяттың аяққа тапталуын айтуға болады. Сонымен қатар, жас ұрпақтың тәрбиесіне теріс әсерін тигізіп жатқан кейбір теледидар хабарларының, әдепсіз фильмдердің, бейнеклиптердің қатерге айналғанын баршамыз біліп отыр¬¬мыз.
Шығыс құндылығымен ұштаспайтын Батыс түсінігі көп жағдайда құмар ойындарды, адамның есін шығарар есірткі мен ішкілікті күнделікті өмір әдетіне айналдыруды насихаттап, жастардың өз Отаны мен отбасына, дініне, салт-дәстүріне деген көзқарастарын өзгертіп жатқандығы мәлім. Солардың өмір сүру әдетіне еліктегіш жастардың ата салтынан, қазақ дәстүрінен алшақтап кету қаупі бар.
Әйтпесе, ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрып, дәстүр, рухани ұстанымдар мен бағдарлар ділдің қалыптасуы мен өрбуіне ықпалы мол. Жастарға адам, отбасы, Отан, салауатты өмір, еңбек, білім, тіл, достық, туыстық сияқты т.б. көптеген тәрбие құндылықтарының мағынасы мен мазмұны ашықталып, насихатталса келешек ұрпақтың көкірегі ояу, көздері ашық боларына күмән жоқ. Абай атамыздың «Адам бол!» – дегені сияқты, жастардың адамды кемелдікке жетелейтін адамгершілік құндылық категорияларын жақсы білгені дұрыс.
– Өзіңізден кейінгі толқынға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Жастар – біздің жарқын болашағымыз болғандықтан, оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу – ата-ана және ұстаз қауымы мен ел ағалары алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Жастардың келешегі алдыңғы буынға тікелей байланысты. Сондықтан да, ұлттық рухты көтеретін тәрбие ұғымының ел болашағы үшін маңыздылығы өте жоғары.
Жастарға айтарым, рухани бай адам ешқашан туған елін, халқын, Отанын сатпайды. Отанды сүю және оған қызмет ету, елінің тарихи, рухани, мәдени мұраттарына адал болуымен көрінеді. Сол сияқты әрбір Қазақстандық жас азамат үшін ұлттық ділі, Отаны, туған жері, діні мен тілі қастерлі ұғым болуы тиіс. Олар Отанды сүю мен елге қызмет ету, ұлттық құндылықтарды ардақтауды қадір тұтулары қажет.
Жастар тәрбиесінде құран даналығы мен хадистердегі тәрбиелік мәні зор өсиеттерді тиімді және ұлттық ділге сай қолдана білсек, тәрбие беруде ұтарымыз анық. Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) өзінен насихат сұрап келген кісіге: «Ашуланба», – деп кеңес береді. Әлгі сахаба бұл сөзді азсынып, тағы кеңес сұрайды. Осылай бірнеше рет қайталайды. Бірақ, пайғамбар әр жолы: «Ашуланба», – деп қайталайды.
Ғалымдар хадистегі «ашуланба» деген сөздің мағынасы: өзіңді ашуландыратын нәрседен аулақ жүргенің дұрыс және ашу-ызаға берілме. Ашуыңды келтіретін нәрсені жасамағаның жөн деп түсіндіреді. Хадисте айтылған «Ашуланба» сөзі бір ғана сөз болғанымен жастарға берер тәлімі мол. Мұның мағынасы үлкен, мазмұны терең.
Мысалы, бұл сөздің бірінші – көркем-мінез. Мінезі көркем адам – кішіпейіл, адамдарға мейірімді, әлсізге күш көрсет¬пейді және ұстамдылық жасайтын нағыз ер-азаматтың қасиетімен ерекшеленеді. Ол кек алуға мүмкіндігі бола тұра кешіре білетін, қиындықтарға сабыр мен төзімділік көрсететін, біреулер зұлымдық жасағанда не ашу-ызасын тудырғанда ұстамдылық жасайтын, қандай жағдайға кездессе де байсалды, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайтын тұлға.
Екінші – жасты игілік пен жеңіске жетелейтін байыптылық пен байсалдылық мінезі.
Үшінші – ашу барлық жамандықтың тоғысқан жері, ашудан құтылу – жақсылыққа ұмтылу. Өкінішке орай, жастарымызға көп жағдайда ашуын тежеу жетіспей жатады. Бір-біріне пышақ ұрып, қару тақап арты қайғыға ұласып жатқан оқиғаларды жиі естіп, көріп жатамыз. Егер жастарымыз рухани бай, адамгершілігі мол, басқаларға мейірімді болса мұндай оқиғалар мұнша белең алмас па еді. Қазіргі қоғамда жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыс мәселесі де – мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Төртінші – ашу дегеніміз әлсіздік, ал ұстамдылық – күштілік. Ислам этикасында адамның күштілігі оның дене бітімінің ірілігі мен күшіне байланысты емес. Адамның күштілігі оның сабырлығымен өлшенеді. Ал, батыс мәдениетінде керісінше – адамның денесі қаншалықты үлкен әрі күшті болса – сол адам нағыз күшті. Сөйтіп, осы философиямен сусындағын жастарымыз батыс фильмдеріндегідей көшелерде адамдарды қырып жатқан кейіпкерлерге еліктеп, әлсіздерге әлімжеттік жасап жатыр.
Хадистің бесінші құндылық мағынасы – ашудың жиеркенішті жемістері бар екенін көрсетеді. Ашушаңдық – айыпқа лайық қасиет. Жаман мінез-құлықтың көрінісі және адамды қасіретке жолықтыратын жол. Егер адам ашуға берілсе, алдымен өзіне, кейін өзін қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін күштің құрбаны болмақ. Ашу – адамның денсаулығына, мінез-құлқына, рухани дүниесіне зиян келтіреді. Ашуына мінген адам әдепсіз сөздер айтып, орны қайта толмайтын қайғылы істерге баруы ықтимал деген сияқты т.б. ұғымдар шығады.
Алтыншы – ашулы адам жасаған әрекеті үшін жауапты. Адам өзінің қолымен жасаған әрекетін мойнымен көтереді. Басқаша айтар болсақ, «Ашудың күшімен жасап қойдым, білмедім», – деген сылтауға орын жоқ. Ашудың салдарынан келтірілген шығын өтелуі тиіс. Хадистегі «ашуланба» сөзінен шығатын «ашуды тежеу», «көркем-мінез», «байыпты және салқынқанды болу», «жақсылыққа ұмтылу», «байсалды болу», «жауапкершілік», «кеңес алу» моральды-этикалық ұғымдарды имандылық аясында көрсетуге тырыстық. Егер осы әдептілік құндылықтарды жастарымызға ұлттық рең беріп, заман талаптарына сай дұрыс ұсына білсек, онда жастарымыз дұрыс бағытта болғаны.
– Осы кезге дейін қанша еңбек шығарып, қандай туындыны аудардыңыз?
– Олардың барлығын санап отырмай-ақ, бірқатар іргелі аударма және ғылыми еңбектерімді айта кеткенім жөн шығар.
Іргелі араб тіліндегі аударма кітаптарының қатарына мына шығармаларды жатқызуға болады. Бұлардың басым бөлігі ғылыми-философиялық шығармалар. Мысалы;
Әбу Хамид әл-Ғазалидің шығармалары – Тарбияту ән-нафс (Жан тәрбиесі), Діни ілімдердің қайта тірілуі, Білімнің артықшылығы туралы кітап және т.б.
Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми трактаттары – Музыка туралы үлкен кітап, Бақытқа жету жайында, Кіші силлогизм, Азаматтық саясат, Әл-Фараби трактаттарының қысқаша арабша-қазақша түсіндірме сөздігі, Екі данышпан – Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі туралы, Мәселелер мәні, Кіші силлогизм немесе силлогизм мәселелері туралы қысқаша түсініктеме кітабы, Теология кітабы, Логикада қолданатын сөз тіркестері, Мәселелер мәні, Даналық негіздері және т.б.
Ибн Рушдтың трактаттары – Дін және философия арақатынасы турасында шешім шығаратын сөз т.б.
Діни тақырыпқа қатысты негізінен мынадай еңбектерімді жатқызуға болады: Таңдамалы сахих хадистер. I-IIтомдар. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жылаған сәттері, Пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезі, Құран – жәннат есігі, Ұят иманнан, Алла үшін жақсы көру, Алла үшін достасу, Әлидің даналық сөздері және т.б.
Зайырлылық тақырыбына қатысты: «Мемлекеттік қызметшінің этикасы және имиджі» оқу құралымды және «Орта ғасыр Шығыс философиясындағы басқару мәдениетінің адамгершілік негіздері» атты монографияны қосуға болады.
– Жалғас Сәдуахасұлы, өзіңіз редакторлық етіп отырған «Е-Islam.kz» порталы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Астана шаһарында өткен Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38 сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі ислам діні мен дәстүрлі құндылықтарды бұқараға насихаттау және дін ілімін терең талдай отырып көпшілікке кеңінен түсіндіру мақсатында «Е-Islam.kz» ақпараттық-ағартушылық интернет-порталы құрылған болатын.
Зайырлы қоғам қалыбына, бүгінгі заман талабына сай келетін ислам дінінің өміршең бағытын, яғни, сан ғасырлардан бері тамыры рухани тұғырымызды құрап келген Ханафи мәзһабын ел мұсылмандарына жете түсіндіру осы редакция ұжымының көздеген мұраты. Өйткені, кейінгі жылдары қоғам мүшелерінің, әсіресе, өскелең жас буынның дін исламға, рухани құндылықтарға қызығушылықтарының арта түсуі бізге осыны аңғартады. Полиэтносты және поликонфессиялы елімізде барлық халықтар тең және туған тілі мен мәдениеттерін дамытуда толық құқылы. Қазақстан халқының руханияттағы ұстанымы – бірлік, достық, төзімділік, өзара сенім, сыйластық. Осы ретте жер бетінде татулық пен ынтымақтастықты қалайтын бейбіт дін исламның орны ерекше. Олай болса, дін исламды дұрыс жеткізу, ондағы рухани құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдар мен қағидаларды дұрыс түсіндіру – заман талабы. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінен білікті дін мамандарымен бірге (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Қожа Ахмед Ясауи атындағы ХҚТУ, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және т.б.) беделді жоғары оқу орындарынан отандық теологтар мен ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс жасап, олардың мақалалары мен зерттеулерін үздіксіз жариялап отырмыз.
– Сайттың жанынан шығатын «E-ISLAM» газеті жайлы айта отырсаңыз.
– Сараптама нәтижелері көрсеткендей, зайырлылық ұстанымдарын өкінішке қарай барлық мешіт имамдары бірдей түсіндіріп беруге қауқарсыз. Сондықтан, мешіттерді «Е-Islam» ақпараттық-танымдық және бағдарлық материалдары арқылы толықтыру ел заңнамаларына сай және қоғам тұрақтылығы үшін де қажет. Осы мақсатта «Е-Islam» газеті мешіттерде тегін таратылуда. Газет әзірше 8 000 данамен басып шығарылады. Оның 2000 данасы Астана қаласы «Хазірет Сұлтан», «Нұр Астана», «Садуақас қажы Ғылмани», «Ал-Ғани» сияқты мешіттерде таратылып, қалған 7000 данасы республикамыздың он екі (Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Маңғыстау және Шымкент) қалаларына жіберіледі.
– Сізді дәл қазір қандай мәселелер толғандырады?
– Өзім республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі ретінде еліміздің көптеген облыстарында іс-сапармен болдым. Мысалы, Астана мен Алматыны айтпағанда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Тараз және т.б. облыс орталықтарымен бірге қала, аудан, ауылдарда да болдық. Мұнда жергілікті халықпен, ел активтерімен, құқық орган өкілдерімен, әскери қызметшілермен, мұғалімдер, дәрігерлер, мұнайшылар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, оқушылар сияқты түрлі аудиториялармен кездестік, лекция оқыдық, пікір алмастық. Түйген ойым, жастарды жақсылыққа асық, жамандықтан қашық болуға үндеудің жақсы үлгісімен тәрбиелейтін құндылықтар өмірімізден алшақтап кеткен сияқты. Діни сауаты жоқ жастарымыз түрлі деструктивті, теріс діни ағымдарға кіріп кетіп жатыр. Бұл – білімсіздік пен тәрбиенің әлсіздігінен.
Мағжан Жұмабаев: «...Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі – шын, дұрыс», – деп айтқандай жастарға дұрыс тәлім-тәрбие бермей жатқан өзіміз. Себебі, бүгінгі жастар имандылыққа жол сілтейтін және олардың жоғалған жан сұлуы мен әдемі әдептерін қайта қалыптастыратын бағыт-бағдарға мұқтаж.
Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат әт-түрк» еңбегіне енген түркі тілдес тайпалардың әдебі мен салт-дәстүріне қатысты мақал-мәтелдерінде де осы айтылған ислам этикасы мен мұсылманның жеке басына қатысты жанұядағы борышы, қоғамдағы міндеттері, адам бойындағы жақсы және жаман мінез-құлықтар пайымдалған. Егер осы іспеттес ойшылдардың имани тәлім-тәрбие туралы пікірлерін бүгінгі қазақилық мұра мен мәдениеттің қайта жаңғыруы кезеңінде тиімді пайдалана білсек, мәні зор.
– Тәлімі мен тәрбиесі мол әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯ

08 желтоқсан 2022 ж. 163 0