Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Арғымағыңыз» қысқа дайын ба?

«Арғымағыңыз» қысқа дайын ба?

Қыс жақындап келеді. Алғашқы қар жауа сала дөңгелек жөндеу шеберханаларының алдындағы көліктердің «кептелісіне» куә боламыз. Оған көзіміз үйреніп қалған. Автокөлік иелерінің де кезектің көптігіне қарамай, күтуге еттері үйренген. Жүргізушілердің біразы қар түспей тұрып дөңгелек ауыстыруға асықпайды. Олай болса қысқы дөңгелек таңдағанда ең алдымен нені ескерген жөн?
Дөңгелектерді маусымына сай ауыстыру – қауіпсіздік шарттарын орындаудың бір түрі. Көлік иесі жеке басы мен айналасындағы адамдардың өміріне қауіп төндірмей, темір тұлпарларының төрт тағандап сенімді жүруі үшін қысқы дөңгелекке ауысқаны абзал. Осы орайда автокөлік иелерінде «Дөңгелектің қайсысы жақсы?» деген заңды сауал туындайды. Тікенекті түрі ме, әлде жабысқақ шиналар ма? Жоқ, бүкілмаусымдық түрі қолайлы ма? Осы сұрақтар төңірегінде «Шина монтаж» орталығының маманы Асхат Ишанқұлов ой бөлісті.
– Әр дөңгелекті қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Қысқы дөңгелектер орташа есеппен алғанда 3-4 маусымға төзімді. Дегенмен өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін 60 мың шақырымнан асырмаған дұрыс. Тікенекті шиналар қар мен мұз үстінде өздерін жақсы ұстайды. Яғни жылдам тоқтауға мүмкіндігі жоғары. Ал жабысқақ шиналар асфальтты ұнатады. Таза асфальтта тікенекті шиналарда тежелу қасиеті төмендеп, доңғалақтардың сіресу қаупі артады. Қысқасы, қысқы дөңгелекті таңдап алу көліктің қандай жол жағдайында жүретініне байланыс­ты болуы керек. Көліктердің «тілін» тапқан маман қысқы дөңгелектердің түрлеріне тоқталып, шинаның маркаларын да «жіліктеп» берді.
– Көлік дөңгелектерін ауыстыру қызметінің құны дөңгелек резеңкесінің көлеміне байланысты. Автокөліктердің түріне қарай бағасы да жоғарылай береді. Қысты күні қолданатын дөңгелек түрлерінде: M+S (Mud+Snow – Лай+Қар) немесе W белгілері болады. Бұл жазулар бұлт не болмаса қар ұшқынының пиктограммасымен бірге көрсетілуі мүмкін. AS (All Seasons) маркасы – барлық маусымға арналған. Сондай-ақ AW (Any Weather) маркалы бүкілмаусымдық шиналар бар. Негізінен олардың қыс кезінде артықшылықтары төмен. Кейбір жағдайда жүргізушілер машинаның жетекші дөңгелектеріне тікенекті шина кигізіп, жетектегісін жазғы шиналармен қалдырады. Бұл өте қауіпті. Әртүрлі шина болғандықтан олардың тежелу коэффициенттері де әр түрлі болады. Бұл автокөліктің жолдан шығып кетуіне апарып соғуы мүмкін. Бүкілмаусымдық шиналардың қыста қауіпсіз жүруі үшін протекторының тереңдігі қалың болуы қажет. Протектор – ішкі қалыпты сақтап, жолдағы кедергілерге қарсы тұруды қамтамасыз етеді. Сол үшін материалы жұмсақ, нормасы 1,6 келетін дөңгелекті таңдаған абзал. Қыс мезгілі біраз адамды әуреге салатыны рас. Әсіресе автокөлік иелерінің машақаты еселене түседі. Сондықтан аязды күні темір тұлпарыңыз аяғына жем түскен аттай кібіртіктемесін десеңіз, күні бүгіннен ­бастап қамданғаныңыз жөн. Дөңгелек ­ауыстырудан басқа көлік қозғалтқышына қысқы май, әйнегін жуар жүйесіне қатпайтын сұйықтық құю, беріліс қорабы мен гидрокүшейткіштердің майын қадағалау, аккумулятордың қуаттылығын тексеру, жанармай сүзгілерін айырбастауды да ұмытпаңыз. Қысқасы, уақытылы қимылдап, авто арғымағын сайлап алған жүргізуші қыстан қысылмай шығатыны анық.
Кент тұрғыны Ғ.Ахметов 15 жылдан бері көлік тізгіндеп келеді. Ол үшін адам денсаулығы, өмірі маңызды. Сондықтан өзге де өзіне де қауіп төндірмеу үшін жыл сайын темір тұлпарының дөңгелін қысқа сақадай-сай әзірлеп қояды.
– Өзіміз жылы киім киіп, қысқа дайындалған секілді күнделікті қозғалыс құралына айналған темір тұлпарыңызды да қысқа дайындау керек. Өз басым бұл дайындықты ерте бастаймын. Қар ­жауып, жолдың көктайғақ болғанын күту дұрыс емес. «Сақтансаң, сақтайды» деген бар. Сол себепті қысқы дөңгелек таңдауда алдымен сапаға қараймын. Әрине барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Алайда, өмір қымбаттырақ, – дейді ол. Естеріңізге сала кетсек, көлік дөңгелектерін уақытылы ауыстыру Кедендік одақтың регламентінде де қарастырылған. 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 Кедендік одақ комиссиясы шешімінің 5.5-тармағының талаптарына сай қысқы мерзімде қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Жазғы дөңгелектерді қысқы мерзімдікке айырбастамаған автокөлік иелері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының 5-бөлігі бойынша айыппұл арқалайды.

А.Асанов
24 қараша 2022 ж. 213 0