Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соломон парадоксы: неліктен өзгелерге ақыл айту оңай

Соломон парадоксы: неліктен өзгелерге ақыл айту оңай

Көп жағдайда адамдар басқаларға жақсы, ұтымды кеңестер беріп, мәселені шешудің дұрыс жолын ұсынып жатады. Бірақ, ол өзі дәл осындай жағдайға тап бола қалса, білгенінен жаңылып, шалыс басады. Бұндайда «өз ақылын өзіне неге қолданбады»деген ой туады. Ғалыдардың айтуынша, «мен сенің орныңда болғанда былай жасар едім» деген сөздің артында үлкен даналық бар көрінеді.
Мұндай сәйкессіздік «Соломонның парадоксы» деп аталады. Егер сіз осы қарама-қайшылықты өз пайдаңызға шешуді білсеңіз, сіз басқаларға ғана емес, өзіңізге де керемет кеңестер бере бастайсыз.

Соломон парадоксы деген не?
Бұл мәселеге Игорь Гроссман мен Этан Кросс есімді ғалымдар қызығушылық танытқан. Аталған ғалымдар тәжірибе ұйымдастырып, қатысушыларға олармен немесе үшінші біреумен болған жағдай туралы шешім шығаруды ұсынған.Нәтижесінде, егер мәселе өздеріне қатысты болмаса, адамдар шынымен не болып жатқанын ұтымды және ақылды түрде ой елегінен өткізетіні белгілі болды. Сынаққа қатысушылар мәселе өзіне қатысты болмаса, оқиғалардың дамуына әсер етуі мүмкін барлық факторларды қарастырып, салдарын болжаған, әрі барлық қатысушылардың перспективаларын ескеріп және ымыраға келудің маңыздылығын мойындаған. Бірақ өзін сол адамның орнына қойып көрген сәтте дұрыс шешім шығара алмаған.
Ғалымдар бұл парадоксты ертедегі Израиль-Иудея патшасы Соломонның есімімен атаған. Аңыз бойынша, Шелемон патша барлығы ақыл-кеңес сұрап келетін ұлы данагөй ретінде танымал болған. Оның қатысуымен болған ең танымал әңгіме ретінде «екі ана туралы әңгімені» айтуымызға болады. Бұл әңгіме желісі бойынша екі әйел бір балаға таласып, Соломонға келеді. Олардың екеуі де сәбидің өз перзенті екендігін айтып, әділдік сұрайды. Сонда Соломон «баланы екіге бөліп, жарты-жартыдан бөлуге қалай қарайсыңдар?», – дейді. Сол сәтте әйелдердің бірі бұл шешімге келісіп, екіншісі баланың аман қалуы үшін оны жаңағы әйелге беруге дайын екендігін айтады. Міне осылайша сәбидің шын анасы анықталған екен.
Қорыта айтқанда, Соломон өзгелерге ақылды, сауатты кеңестер беріп отырған. Бірақ сол ақылын өз пайдасына жарата алмай абыройсыздықпен өмірден өткен көрінеді. Тіпті, ол тірі кезде елде көтеріліс басталып, өлгенен кейін ел екіге бөлініп кеткен. Демек өз өмірі арқылы Соломон қарама-қайшылығын көрсетті.

Қиындыққа тап болған кезде біздің даналығымыз қайда кетеді?
Өзгелердің мәселесіне тың оймен, парасат-пайыммен сараптап, саралап қарау әлде қайда оңайырақ. Себебі мұнда мидың алдыңғы қабаты белсенді рөл атқарады. Ол негізінен мәселені шешудің жолдарын қарастыруға жауапты ми бөлігі. Сонымен қатар, аталған ми бөлігітүрлі эмоциялардың жұмысына жауап беріп, керек болған жағдайда оларды әлсірете алады.
Бірақ мәселе өзімізге тікелей қатысты болса әңгіме басқа. Мұндайда біздің түрлі эмоцияларымыз ұрысқа түседі. Мидың басқа бөлігі оянып, сіздің эмоцияларыңызды басқара бастайды. Яғни қорқыныш, ашу секілді эмоцияларды жаулап алып, «ұр, қаш» деген секілді шешімдерге итермелейді. Мұндай эмоциялардың әсерінен адам ұтымды ойлау қабілетінен айрылып, қателікке бой алдырады. Адамдардың көп жағдайларда асығыс шешім қабылдап, артынан өкініп жататыны міне сондықтан.

Соломон қарама-қайшылығын өз пайдамызға қалай жаратамыз?
Жақсы жаңалық та бар. Игорь Гроссман мен Этан Кросс адамның ақылды өзіне үшінші тұлға ретінде айта бастағанда не болатынын тексерген. Нәтижесінде өз мәселеңді үшінші бір адам ретінде талдай бастасаң, ақыл-парасатың орнына келіп, дұрыс шешімдер қабылдауға болатыны анықталған.
Егер сіз эмоциялар ағынында дұрыс емес шешім қабылдай алмасаңыз аталған кеңеске құлақ асыңыз. Яғни «мәселе менің басымда емес өзге біреудің басында болды», – деп қабылдап, дұрыс шешім шығаруға тырысыңыз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
04 ақпан 2022 ж. 525 0