Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тезекке піскен нан

Тезекке піскен нан

Жаз мезгілі. Қателеспесем, ол кезде бесінші сынып оқушысымын. Сол жылы әке-шешем былтыр ғана сатып алған ескі үйді бұзып, оның орнына жаңадан үй соғудың қамын жасай бастады. Біз де жазғы демалысқа шықтық. Ертесіне таң атпастан әкемнің: «Әй, қыздар тұрыңдар, бүгін үйді бұзуға асаршылар келеді. Сендер шешелеріңе көмектесіп, мына жердегі заттардың барлығын сыртқа шығарыңдар» деген қатқыл дауысынан оянып кеттік. Апыр-топыр шәйымызді ішпестен үйдегі заттардың бәрін далаға таси бастадық. Бала болған соң, әйтеуір жаңадан үй соғылатынын ғана білеміз. Қалғанын ұғынып жатқан біз жоқ. Сөйтіп жүргенде, көзіме нағашы әжемнің үйінен келе жатқан көк камаз көріне бастады. Тоз-тозы шыққан ескі көлік үйдің іргесіне келіп тоқтады. Сәл ескілеу киінген сары кісі әуелі камаздың артқы жағын ашып, асықпай көліктен түсті. Оның ішінде не барын білмеген мен аң-таңмын. Қандай зат, не үшін керек, құдай білсін. Жаңағы сары кісі әуелі әкеммен сәлемдесіп, жүк көлігіндегі заттарды жерге түсіре бастады. Оған асаршылар да жәрдемдесіп, қолдарындағы киіз үйдің бөлінген бөліктерін жерге қойысты. Көзіме оттай басылған мыналардың бәрін бұрындары нағашыларымның үйінен көргенім бар. Бірақ, бұларды біздің үйге не үшін беріп жібергендерін білмеймін. Сөйтсем, ол киіз үйді біздікілер уақытша сұрап алыпты. Жаңа үйге кіргенше, сол жерді лаждап тұру үшін құрған екен. Оны кейін шешем айтты...
Арада бір апта уақыт өтті. Құлауға шақ қалып тұрған киіз үйге де етіміз үйрене бас­тады. Біз оны «қара үй» деп айтатынбыз. Ауданның ортасында тұрсақ та, ауылдың иісі аңқиды. Анам ошаққа от жағып, тамақ пісірумен әуре болатын. Үйде оншақты асаршылар бар (әкемнің достары). Солардың бабын табу үшін әкем мен анам барын салатын. Ал біз кеш бата қалса, үйдің бес қызы болып, «тығылмақ» ойнап, күс-күс болғанша тамаққа отырмайтынбыз. Осылай жүріп, түн болады. Беті қолымызды жуып келіп, киіз үйге кіре сала анамның тізіле салған төсектеріне жата қалатынбыз. Киіз үйдің іші бізге аядай ғана бөлме секілді елестейтін. Ішіне бес қыз және әке-шешем әзер сыйыссақ та, өте бақытты күй кешетінбіз. Ескіліктің бәрі есімізден шығып, барлығы тәтті көрінетін. Бірақ, сол бір тәтті кезіміз ұзаққа созылмады. Себебі, біз тұрып жатқан киіз үй өте шағын болғандықтан, емін-еркін өмір сүру қиындай бастады. Оның үстіне тұрмыстық заттар да соның ішінде. Әке-шешем екеуара келісіп, жаңа үйге кіргенше, үш қызды үлкен үйге(ата әжеміздің үйі), қалған екеуін өздеріне алып қалатын болып шешіпті. Үлкендердің бұл шешіміне біз де қуандық.
Үлкен үй біз тұратын жерден алыс емес. Таяқ тастам ғана жер. Біздің үй мектептің бергі беті болса, атамның үйі арғы жағы. Күннің ыстығынан іргелес жатқан жерге ілініп-салынып зорға жеттік. Өзіміз де сәске түстің уақытында барыппыз. Есік алдынан бізді ағамыз (әкемнің інісі) күтіп алды. Сөйтті де өзі жұмысқа қарай беттеді. Ал, біз ішке қарай ақырын кірдік. Қара шаңырақтың ішінен у-шу анық естіледі. Бала-шаға көп. Барлығы демалуға келген бір атаның балалары. Оған біз де қосылдық. Кемпір шалды көріп үшеуіміз де мойындарына асыла жөнелдік.
Таңғы сағат 8-дер шамасы. Тапшанға салынған үлкен масаханада 8 бала жатырмыз. Ақ дәкенің арғы жағында тұрған қауын мен қарбыздың иісіне үймелеген шыбындардың ызыңы бізді оятып жіберді. Сәл есінеген қалыпта ұйқымызды ашып, кезекпен жуынуға кірістік. Бір кезде әжемнің орысша қазақша сөзді араласып айтқан, «әй, балдар қол жуғыштың астындағы суды атаңа төккізбесеңдер, ауызы мұрнына шығардай болып тұр» деген жұмсақ үні естілді. Әжемнің қолында темір шелегі бар. Сиыр сауып келе жатыр. Ал, қора жаққа көз тастасақ, атам малдың астындағы көңдерді күрекпен тазалап жүр. Барлығын қаз-қатар етіп жинап қойған. Күнге әбден кепкен тезектерді не істейді екен деп қоямын ішімнен. Күннің көзі көрінбесе де, жаз мезгілі жанға жайлылық сыйлап тұр. Біз де жуынып алған соң, таңғы ас ішуге ескі сарайға (времянкаға) беттедік. Төрт көзіміз түгел дастарқанға жайғасып болғаннан кейін, әжеміз барлығымызға бір-бір кесе сүт құйып берді. У-шумен шай ішіп алып ойнауға кірістік. Ағаларымыз жұмысқа кетсе, қалғандары үйдің шаруасына кірісті. Сарайдың алдында атамыз газет оқып отыр. Көзінің бір қиығымен бізге қарап қояды. Тамаша көрініс. Қыбыр-жыбырдан қалай түс ауғанын байқамай қалыппыз. Даладағы өзгеше иіс, өңменнен өтіп кетердей. Әйтеуір таныс иіс. Иіс шыққан жаққа қарай жорта жөнелдік. Іздегеніміз ошақ маңынан табылды. Жалғыз өзім жанына жақындай барған едім, әжем ағаш үстелдің үстінде нан пісіріп отыр екен. Маңайына тезекті жинап алыпты. Оның айналасында бір құты сұйық май, бірнеше темір таба, және бір керсен ашыған қамыр бар. Піскен нандар жабулы тұрған тақтайшаның үстінде бір-бірден төңкерулі тұр. Иісі мұрынды жарып бара жатқаны сонша, сол жерде тұрып-ақ әжемнен бір тілім нан сұрап алдым.
– Әжетай, маған ыстық наннан кішкене сындырып бересіз бе?
– Ала ғой құлыным, тек ешкімге көрсетпей осында жеп ал. Әйтпесе, сенен көріп барлығы жетіп келеді. Қазір барлығына бестің шайымен беремін.
– Жарайды, әже,
– Қалай тәтті ма екен?
– Өте дәмді әже, ыммммм...
– Анау тұрған табақтың астынан сары майды алып берші маған. Саған нанға май жағып берейін. Сонда көрерсің қандай дәмді екенін.
– Бұл қолдың майы ма ?
– Таңертең күбі піскенмін. Содан шыққан май. Бұны нанға жағып жесең өте дәмді болады, ботам! Әсіресе тезекке піскен нан тәтті болады.
– Ее, мал қорадағы тезектің бәрін осыған пайдаланады екенсіздер ғой, түсіндім дедім басымды шұлғып.
– Шешем байғұс бұрында бізге үнемі тезекке піскен нан жауып беретін. Ол кездері ұн деген таптыра бермейді. Бидай мен тарыны диірменнен өткізіп алып, ұн қылатынбыз. О, күндерді де көрдік қой. Қазір сол бала күнімді ойласам, бір жылап аламын... Тезекке піскен нан жесем, ауылымды сағынып, алаңсыз балалық шағым есіме түседі. Бұл нанда бір құдірет бар. Иісінің өзі...
Әжем үнсіз күрсінді. Сөйтті де, қос жанарын менен тайдырып, күлдің үстіндегі қосарланған табасын әрі-бері аунатып ­отыра берді. Сол табаға қып-қызыл болып піскен ыстық нанды кешкісін барлығымыз таласып-тармасып жеп алдық. Жұп-жұмсақ болып піскен бұл нанның дәмі де, түрі де бір басқа. Міне, содан бері тезекке піскен таба нан біздің үйдің балалары үшін сұранысқа ие болды. Тіпті, соны жеу үшін өзіміз тезек теріп, оны жинап кептіруді де үйреніп алдық. Ауылдың тұрмыс тіршілігіне үйренгеніміз сонша, біз кемпір шалдың баласы болып, сол отанда қалып қойдық. Осылайша, біздің бақытты балалық шағымыздың ең тәтті кезеңдері осы шаңырақта өз жалғасын тапты...

Сымбат СҰЛТАН
25 қаңтар 2022 ж. 600 0