Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АМЕРИКАҒА КЕТЕМ БІР КҮНІ...

АМЕРИКАҒА КЕТЕМ БІР КҮНІ...

Көп жас осындай оймен жүр бүгінде. Иә, керемет мемлекет. Жәй ғана даяРшы болып-ақ сағатына 20 доллар, ­айына 3 мың 600 доллар (1,5 млн теңге) табуға болады. Бірақ... Бұл ел — осы күнгі керемет мемлекетке айналуы үшін, небір қиындықтан өтті емес пе? Осы күнге жету үшін азаматтық соғысты да көрді, ақ-қара болып қырқысты. Әйтеуір, осы күнге жетті. Енді «осы күніне» қандай да бір қауіп төнсе, ел өре түрегеледі. Жемқорлықтың кішкентай түрін көрсе де, баласына бей-жай қарайтын ата-ананы байқаса да полицияға қоңырау шалып жатады. Халық міне осындай мемлекетті жасады, тиісінше жақсы өмір сүріп ­жатыр. Ал, біз ше? Біз қиындықтан қашып, жемқорлық-әділетсіздікке қарсы еш күреспей Америкаға (дайын асқа) кеткіміз келеді.
Шетел асқандары қанша?
Зерттеулерге сәйкес, 2021 жылдың үш тоқсаны ішінде Қазақстаннан 25 мыңнан астам адам түрлі жағдайлармен шекара асып кеткен. Олардың басым көпшілігі Ресейге (21,2 мың адам), Германия мен Польша, Израиль, Өзбекстан, Беларусь, АҚШ, Қырғызстан, Украина, Канада елдеріне аттанған. Ал, өткен жылдармен салыстырсақ, 2020 жылы елімізден 21 мың, 2019 жылы 34 мыңнан астам адам көшкен екен. Білім деңгейіне келер болсақ, елден кеткен азаматтардың жартысына жуығы жоғары білімді азаматтар. Мәселен, елімізде аса қажетті мамандық иелері саналатын педагогтар, дәрігерлер мен сәулет-құрылыс саласының мамандары осы тізімде алдыңғы орындарға жайғасқан. Демек, елімізде тапшылығы сезілетін мамандық иелері өзге елдің түтінін түтетіп, төрт түлігін түлетіп жүр деген сөз.

Олар кімдер?
Мекен ауыстыру – адам баласына тән қасиет. Қоныс аударғандардың көпшілігі тарихи Отаны, жұмыс істеу, білім алу, отбасылық жағдайлармен өзге елге бет алады. Елден жырақ кеткендердің енді елге оралуы екіталай. Бұл сан жыл өткен сайын өсіп келеді. Атамекенді тастап кеткендердің басым бөлігі – қалалықтар және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының тұрғындары. Мұндай көштің себебі неде? Жалпы, бұл процеске алаңдау қажет пе әлде «жыл сайынғы қалыпты жағдай» деп жайбарақат қарап отыра береміз бе?

Эмиграция келтірер шығын қандай?
Жыл сайын Қазақстаннан орта есеппен 25-30 мыңға жуық адамның көшіп кетуі үлкен демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, зияткерлік шығын екені анық. Бір адамды балабақшада тегін тәрбиелеп, мектепте тегін оқытып, университетте грантпен тегін білім беріп, маман ретінде қалыптастырып, қызметте тәжірибе жинатып, өсіріп, соңында эмиграцияның кесірінен бір күнде ол азаматтан айырылып қалу – қаншама мемлекеттік инвестицияның қайтарымсыз кеткенін көрсетеді. Бәлкім, бұл эгоистік көзқарас шығар. Алайда, қарқынды эмиграция мыңдаған маманның шетке ағылуына жағдай жасайды. Есесіне, сол мигранттарды қабылдайтын елдер дайын маманға бір күнде қарық болады.
Жалпы, елдегі эмиграцияның өсіп жатқанына алаңдайтын фактор көп. Біріншіден, көшіп жатқан жандар қатарында жастар аз емес, 30 проценттей. Екіншіден, алыс елге көз тастағандардың 45 проценті жоғары білімді азаматтар. Бұл әрбір үшінші эмигранттың қолында дипломы бар деген сөз. Есесіне, Қазақстанға жаңа қоныстанып жатқан жандардың тек 10-15 проценті ғана жоғарғы оқу орындарын тамамдағандар. Басқаша айтсақ, білімді мамандар шетел асып, ал көшіп келіп жатқандар сапа тұрғысынан олардың орнын толтыра алмауда.

Себеп
Бұл сұраққа жауап беру үшін елімізде жүргізілген сауалнама нәтижелеріне жүгінеміз. Оның нәтижесіне сәйкес, азаматтарымыздың елді тастап кетуіне: мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы, тіл мәселесінен ­туатын психологиялық ыңғайсыздық, көрші елдердің мигранттарды шақыру саясаты, Қазақстан паспортының «әлсіздігі» (виза), ұлттық валютаның әлсіздігі секілді факторлар себеп болған.
Ал, оқу орнын аяқтаған дайын мамандардың 35 проценті «Қазақстаннан кетуге дайынсыз ба?» деген сауалға «иә» деп жауап берсе, 31 проценті жақсы қызметтік ұсыныс жасалса, қолына құжатын алып, әуежайға беттеуге даяр.
Сонымен, шетелге көшкен, көшкісі келіп жүргендерді бірнеше мәселе мазалайтыны белгілі болды. Мәселені кеңірек қарасақ, соңғы жылдары теңгенің долларға шаққанда 120 теңгеден 460 теңгеге оңбай құлдырауы, отандық шикізат өндірісінің әлсіреуі, жемқорлықтың азаймауы, жеке өндіріс орындарының қалыптаспауы, бюрократия – бәрі де қоғамға кері әсер еткені көрініп тұр. Егер азамат сапалы білім алып, дипломына сай жұмыс тауып, айлығы шайлығына жетіп, өзі және отбасының қауіпсіздігіне сенімді болып, баспананы бірнеше жылда алуға мүмкіндік туып, ертеңіне сенімді болса, онда жыл сайын 25 мыңдай азамат елді тастап кетпес еді.
Бұған дейін кейбір зерттеулер табысы орташа қазақстандық отбасы өз табысының 40-50 процентін азық-түлікке жұмсайтынын, ал британдық отбасы әдетте тамағына жалақысының бар болғаны 10-12 процентін бөлетін көрсетті. Өкінішке қарай, азаматтардың табысы тамағы мен киімінен артылмайтын деңгейге жетті. Артық ақшасын театр, концерт, кітап, музей, галереяға жұмсайтын жан кемде-кем.

Корея мен АҚШ-қа бет алғандар
Соңғы 2-3 жылда Оңтүстік Корея мен АҚШ-қа қызмет етуге аттанып жатқан қазақстандықтар саны күрт өсті. Әсіресе, Оңтүстік Кореяға аттанған азаматтар көп. Биылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, 9 мыңдай азаматымыз Корея мемлекетінде заңсыз мигрант ретінде еңбек етіп жүр. Осы уақыт аралығында азаматтарымыздың арасында жол көлік оқиғасына түскен де, қылмыс жасаған да, жеңіл жүріске түскен де – бәрі болды. Корея үкіметі ешбір жазасыз оларды Қазақстанға қайтару үшін «жасыл дәліз» режимін де енгізгенімен, жоғары жалақыға үйренген қандастарымыздың әзірше Отанына оралғысы жоқ.
Ал, Америка Құрама Штаттарына келер болсақ, ондағы жағдай да осыған ұқсас. Білім алуға аттанған азаматтарымыз даяшы, еден жуушы, тазалықшы болып-ақ, біздің елдегі орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары айлық табыс табуда. Осының нәтижесінде оқуын тәмәмдап елге келген азаматтар, қандай жолмен болсын Христофор Колумб ашқан құрлыққа аттануға дайын.
Жаны қалаған, өзіне қолайлы жерде өмір сүру әрбір азаматтың жеке таңдауы. Дегенмен туған жерін тастап, өзге елден жақсы әлеуметтік жағдай іздеп кету қаншалықты орынды болмақ. «Неге өз Қазақстанымызды Америка етпеске? Небір қиындық көрсем де бәрібір, жақсы күн тудырам деп, неге әр қазақ табандап тұрып күреспеске? «Мен кетпеймін. Мен күресем. Әуелі өзіңмен күрес. Өзіңнің керемет нұсқаңды сомдап шыққанша күрес. Жолай көзге одырайып көрініп тұрған қоғамдық проблема, кемшілікпен де күресе берем» демеске.

Рамазан ӘНӘПИЯ
16 қараша 2021 ж. 389 0