Мұсылмандық күре жол
Қазіргі кезде адамды мақтаудан гөрі даттау басым. Әлеуметтік желі деген жақсы болды. Бала-шағаға дейін үлкендерге ақыл айту, білгірсу, көлгірсу етек алды. «Өй, соны қойшы, ол жасында өйткен, қара қойдың басын үйіткен, аузынан «жаман иіс» бұрқырап жүруші еді, енді молда болып шыға келіпті» – дейді. Арзан сөз бе, қымбат сөз бе? Біреудің арына, намысына тиетіні анық. Тәңірдің әр пенденің маңдайына жазып қойған тағдыры, басып қойған мөрі болады. Одан ешкім құтылған емес. Тағдыр – өміріңнің айнасы. Бір кісі жаңылысып, сүрініп жатса, екіншісі ес жиып, күнәсін, кінәсін, жуып жатады. Өмір – базар, қара базар. Саудаң жүріп тұрса, затың түгілі өзің де өтіп кетесің. «Сауда сақал сипағанша» демей ме, саудагерлер. Өзгенің ала жібін аттамасаң, кісіге қиянат жасамасаң, арың таза. Қалғанына құдай да кешірім еткен.
Менің ауылдағы сыныптас досым Андриан оқушы кезінде-ақ «Портвейн», «Вермут» деген виноларды ішті, есейе келе ақты да көрді. Көргені сол, сімірді. Әскерлік борышын өтеп келісімен дін жолына түсіп, марқасқа молда атанды. Барған жерінде дастарқанға ішімдік қойдырмады. Бүгінде «Ясинді» жатқа айтып, анау-мынау науқастардың шіләсін түсіріп, халықтың алғысын арқалап келе жатыр. Әрине, ондайлар көп. Осындай жағдайды басынан өткізіп, кейде замандастарынан теперішін көріп жүрген молдалардың бірі – Молдахмет Назаров деп естіген едім. Жаназаларда, астарда, өлім-жітімде кездесіп қаламыз. Қайғы жамылған отбасына жүгіріп қызмет жасап жүретінін аңғаратынбыз. Діни биазылығы, сабырлығы, адалдығы сезіліп тұрады. Ол жұртпен аңқылдап келіп амандасқанда ішінің бәрі көрінеді екен. Еріксіз, «молдеке, қалайсыз?» деп қаламыз. Өзінің есімі де Молдахмет. Былайша, Ахмет молда деген сөз ғой өзі. Нарық заманындағы бәсекелестік саудада ғана емес, діндарлар арасында да қызып тұрғаны байқалады. Адамның жастық шақтарындағы кемшіліктерін сыртынан әңгіме ету де – күнә. Күнәсіз пенде жоқ. Бәріміздің де біліп істеген, білмей қалып істеген күнәларымыз жетерлік. Содан да болар, Алла тағаладан «осыларымызды кешіре өр» деп жалбарынамыз. Молдахмет те солай емес пе? Ол да Құдайдың пендесі. Осы мақаланы жазар алдында ол туралы сұрастырдым. Молдекең жұмыс атқарған құрылыс мекемесінен, зейнеткерлікке шыққан отбасылық дәрігерлік емханасынан, қазіргі атқарып жүрген аймақтық молда қызметі бойынша орталық мешіттен оң ақпараттар алдым. Кент орталығында халыққа қызмет көрсететін Дүйсен молда, Нұржан молда, Молдахмет молдалар тату-тәтті, әрқайсысы өз аймағында міндеттерін атқарып, Алла жолында имандылықтарын жасап келеді екен. Олардың міндеті – мәйітке киім пішу, жуындыру және мүрдеге апарып жамбасын жерге тигізу. Дінге берілген адамдарды сырттай ғибадаттау – мүлдем айып. М.Назаровтың адамгершілігін, дінге бас игендігін, қызметін адал атқаратындығын, шәлкес мінезінің жоқтығын, қарапайым азамат екендігін ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев та құп көреді. Сондай-ақ оның орталық мешіт үшін былтыр 13 тонна, биыл 14 тонна көмір түсіріп беріп, аудан кәсіпкерлерімен тіл табысуы, іскерлік-достық қасиеттері арқылы қоғамға қызмет жасауы – кім болса соның қолынан келе беретін тірлік емес пе? Сыйлас достары арқылы мешітке жаңадан бір табыт жасатып беруі – бұл молданың жебір емес, қоғамшылдығын, азаматтығын білдірсе керек. Діндар болуға ықылас қойған М.Назаров өзінің діни сауатын жетілдіріп отырады. 2017 жылы оған ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша білім арттыру сертификаты берілген.
Молдахмет молда Жаңақорған ауданы, «Төменарық» ауылының тумасы. 1973 жылы өмір жолын совхозда жұмысшылықтан бастаған. Әскер қатарынан оралған соң Түркістан қаласындағы КСДК зауытында жұмысшы, Қызылорда-Шиелі темір жол дистанциясында вагон құрастырушы болып, 1982 жылы Шиелі кентіне қоныс аударады. Одан соң колхоз аралық ПМК-10 мекемесінде құрылысшы, «Болашақ» жанұялық дәрігерлік мекемесінде күзетші болады. 2019 жылы осы мекемеден құрметті еңбек демалысы – зейнеткерлікке шығады. Жұбайы, марқұм Қызайхан екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіреді. Тұңғыштары Анар №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының жоғары білімді, ұлағатты ұстазы. Айнұр қызы – журналист, «Өскен Өңір» газетінің белсенді тілшісі ретінде елге танымал болғанын бәріміз білеміз. Қазір Айнұр Назарова аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерінің бірі. Кенже ұлдары, қарашаңырақ иесі Қуаныш дене тәрбиесі мұғалімі. Осылардан алты немере сүйіп отырған Молдахмет өзін бақытты ата санайды. «Аудандық мешітте көптеген игі іс-шаралар атқарылып жатыр», – дейді М.Назаров. Мешітке кіреберіске кебіс тастайтын әйнек бөлме салынды, осындағы асхана құрылысы да бітуге жақын. Бұл халыққа, намаз оқуға келушілерге жасалынып жатқан мешіт ұжымының, оның бас имамы Б.Ұлжаевтың іскерлігінің бір парасы, ауызбіршіліктің арқасы, жақсылығы. Адам баласының Алла алдындағы алғашқы міндеті иман ету, сосын ғибадаттарын орындау. Дін – сенім. Дұрыс – сенім. Дін – ақыл-есі бүтін адамдарды өз қалауларымен дүниеде де, ақыретте де жақсылық пен бақытқа жеткізетін иләһи, яғни тәңірлік заң. Ислам діні хақ дін болып саналады, сонымен қатар соңғы дін. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) соңғы пайғамбар. Дінге қаныға түссек, Ислам діні барлық халыққа жіберілген және қиямет күніне дейін жалғасатын мұсылмандардың жазылған заңы. Сол заңдылықтарды бұлжытпай орындап жүрген, өз дінін, халқын сүйіп, оларға адал қызмет етуден жалықпайтын Молдахмет молдаға Алланың разылығынан басқаны, Шиелі тұрғындарының құрметінен өзгені көре алмадық. Осы жүрген барлығымыз да ақыретте кезекте тұрмыз. Ол жақта өмірде істеген тірлігіңе қарай не тозаққа, я болмаса пейішке барады екенбіз. Пейіштің есігінде құлып болмайды екен. Ал тозақта қара құлып тұратын көрінеді. Сол үшін Құдайдың пенделері жанталасып, өмірде жаңылыспауға тырысады. Жас кезіндегі кемшіліктерін жуып-шайғандар автоматты түрде пейішке бағыт алады. Оны осы бастан білетіндер де бар, білмейтіндер онан да көп. Молдахмет молданың бағыты айқын, даңғыл жол, дұрыс жол. Мұсылмандық күре жол.
Өркен ИСМАИЛ,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»