Желідегі статусыңыз өмірдегі статусыңызға сәйкес келе ме?

Ватсап желісін бәріміздің пайдаланатынымыз рас. Жұмыста да, тіршілікте де соған байлана қалдық. Тамақты үйге алдыра саламыз, ақшаны шотқа салдыра саламыз, жалпы мүмкіндіктері ұшан теңіз. Хош, біткен іске сыншы көп демекші, сөге жамандап отыр деп ойламаңыз. Ол да ақылы асқан, еңбекқор адамның жеткен жетістігі. Мәселе тіпті, онда да емес. Мәселе пайдамызға жарата алу мен асыра пайдалануда болып тұр. Мен ғалым емеспін, ғалымдар бұл қосымшаны, жалпы ұялыны ұзақ пайдаланғанда не болып, не қоятынын әлдеқашан анықтап, ескертер тұста ескертіп те қойған. Асыра пайдалану деп қалдым, аталмыш қосымшада статус деген бөлік бар. Анығы өз көрерменіңізге мәтін, сурет не бейнематериал ұсына аласыз. Ендігі кезек дұрыс материал қоятын және орынсыз екенін өзі де түсініп болмайтын, Абайша айтқанда көрсеқызар, кеудемсоқ паңдаңдардың ара жігін ажыратуда. Өз оқырманы, тыңдаушысы, бастысы айтары бар, білімді адамның көкейкесті ойын, жақсымен жолыққандағы суретін көріп, сүйсінуге, алдыға мақсат қоюға болады. Ал ішкен-жегені, кімнен не сыйлық алғанын жазған адамға қарап бірте-бірте соған ұқсап кетпеуіңізге кім кепіл. Сынықтан басқасының бәрі жұғады деген мақал бар. Сөз басында желтоқсан айы дегенім бекер емес еді. Айтар ойдың бар тұздығы осында жатыр. Соңғы кездері сыйлық алу, оны жариялау тіптен көп. Хош, пейіліңіз ақ болып, ниетіңіз жақын жанды жадырату болса құба-құп. Ал басқаша болса қайтпекпіз? Сыбайлас жемқорлықпен күресіп бола алмай жатқанда жағымпаздығыңа жол болсын. Шүкір дей тұра, дәл осы уақытта халықтың асып-тасып, сыйлықты өз еркімен беріп жатқанына күмән келтіретін жалғыз мен емес-ау, сірә. Орыстың «принудительно» деген сөзі еске түспей ме? Мәселенки, жауыр болған «көңіліңе рақмет жаным, риза болып қалдым» деген мәтінмен сыйлықтың суреті салынса жақсы адам сыйлық алады дерсіз. Ал бұл құбылыс дәл сол үздіксіз сыйлық алса ұсталдыңыз ба деген ой келмейді ме? Жария қылмай, орынсыз көрсете бермейтін дүниелер болады. Қазіргі қоғамда шеті мен шегін ажырата алмай қалып отырмыз. Бүгінгінің басты кеселіне айналып кетпей, ертерек ес кіріп, ессіз әдеттен арылсақ деген сөз айту ғой бар ойым.
Махаббат Мырзагелдиева,
Алғабас ауылы
Алғабас ауылы