Өзгелерге дәру болған өсімдік
Әлемді әуре-сарсаңға салған індеттік кезең дәрі маңызының зор екенін ұғындырды. Қазақ сахарасы – шипалы, дертке дауа бола білген қазыналы өлке. Тиісінше осы аталған игілік алдымен өз халқымыздың кәдесіне жарауы керек емес пе? Ал даланы жұпар аңқытқан дәрілік өсімдіктерді аман сақтап, ертеңге жеткізу – елдік мұрат болуы тиіс.
Қазақстанның флорасына тоқталсақ, 5700-ге жуық, кейбір деректер бойынша 6500 өсімдіктің түрі бар екен. Оның 1500-ге жуығы сирек кездесетін, қорғауға алынатын өсімдіктердің санатында. Мысал үшін даладағы қарапайым сарымсақты алайық. Ол – талай ауруға ем. Бірақ көктемде көршілерден түсетін сұранысқа орай, пайда тапқысы келген отандастарымыз ештеңеге қарамастан тұқым шашып үлгермеген сарымсақты шекара асырып жіберетіні бар. Жуашығымен қазылып алынған, тұқымын шашпаған сарымсақтың енді қайтып шықпайтынын ойлап, қап деп сан соғып қаламыз.
Қазақстанның флорасына тоқталсақ, 5700-ге жуық, кейбір деректер бойынша 6500 өсімдіктің түрі бар екен. Оның 1500-ге жуығы сирек кездесетін, қорғауға алынатын өсімдіктердің санатында. Мысал үшін даладағы қарапайым сарымсақты алайық. Ол – талай ауруға ем. Бірақ көктемде көршілерден түсетін сұранысқа орай, пайда тапқысы келген отандастарымыз ештеңеге қарамастан тұқым шашып үлгермеген сарымсақты шекара асырып жіберетіні бар. Жуашығымен қазылып алынған, тұқымын шашпаған сарымсақтың енді қайтып шықпайтынын ойлап, қап деп сан соғып қаламыз.
Сан алуан өсімдіктің ішінде еліміздің тарихы мен эволюциялық дамуының куәсі болып, ықылым заманнан бері қазақ жерінде өсетін эндемик, яғни жергілікті өсімдіктер де бар. Оның барлығы да қорғауды қажет қылады. Тоқтала кетсек, Бетпақдала мен Сырдария, Қаратаудың сілемдерінде, Іле Алатауының жапырақты орманында Мүшкетов түйесіңірі тәрізді атаумен танымал өсімдіктер жойылудың сәл-ақ алдында тұр. Осы сирек кездесетін өсімдіктерді қорғауға аса мән берілмей жатқаны көңілге келеді. Бүгінде қазақстандық «Қызыл кітапқа» 306 өсімдік енсе, соңғы жылдары азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін тағы 100-ден асатын түрі дәлелденген.
Жоғарыда бір ғана сарымсақты мысалға келтірдік. Ал одан өзге қаншама емге шипа болған дәрілік өсімдіктер шетел асып, сатылып жатыр. Бұл әрекеттерді көргеннен соң «Сонда біздің фармацевтикалық өндірістің дамуын ысырып, індет буған заманда ен байлықты қолымыздан беріп қоюымыз керек пе?» деген сауал туындайды. Қазір фармацевтикалық өндірістегі отандық шырғанақ, дермене, қырықбуын, қылша, қараандыз сияқты дәрілік өсімдіктерге сұраныс жылдан-жылға көбеюде.
«Almaty Med-Pharm Group LTD» фармацевтикалық компаниясының директоры Қыдырәлі Оразұлы «Қытай компаниясының біздің елден дәрілік өсімдіктерді жинаймыз дегені экономикамыз үшін де, экологиямыз үшін де қауіпті. Біріншіден, олар экологиялық талаптарды орындамайды, орындалады деп ешкім кепіл бола алмайды. Ресей мемлекеті Сібір алқаптарында дәрілік өсімдіктердің қытайлықтардың жинап алуынан жойылып кеткенін айтып дабыл қағуда. Екіншіден, біздің елдегі дәрілік өсімдіктердің тамырлы түрлерін олар әлден-ақ отап тастады. Мысалы, қызылмияның тамыры ем. Қазірдің өзінде оңтүстік өңір осы қызылмиядан жалаңаштанып қалды. Тамырын қазып алған соң ол жерлерге қызылмия енді қайтып шықпайды. Ал қызылмия қажеттігін басқаша да өтеуге болады. Бұл үшін қолдан егіп, жинап алып, белгілі бір шекпен жинауды заңдастыру қажет. Әйтпесе, дәрілік шөптердің ұлттық қорынан айырылып қалуымыз оп-оңай» деген болатын.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы 2017 жылы бір Қызылорда облысы бойынша екі жылдың ішінде 1800 тонна қызыл-мия тамырының Қытайға жөнелтілгенін, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна қызылмия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетілгенін жазған болатын. «Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан аса түрі бар. Барлығы да Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сасық кеурек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір килосы 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда сасық кеурек кезінде аяусыз жиналып, қазіргі уақытта мүлдем жойылып кеткен көрінеді» дейді депутат.
Отандық фармацевтика саласы мамандарының пікірінше, дәрілік өсімдіктерді даладан жинап алып, сол күйінде сатып жіберудің тиімсіз тұсы тағы бар. Бұл – шеттен дәрі импорттаудың экономикаға тигізетін ауыр салмағы. Еліміз өзінде өсетін шөптерді сатып жіберумен қатар, шетелден тереңдеп синтезделіп өңделген неше түрлі дәріні қымбат бағамен қайта сатып алып, ел қоржынын жеңілдетіп жүр. Жоғарыда айтылған қызылмияның тамырынан қажетті кверцетинді синтездеп алып грамдап сату, қызылмияны тонналап шетелге өткізгеннен әлдеқайда тиімді болар еді. Қымбат бағаға сатумен қатар, отандық фарминдустрия дамитын еді. Сасық қурай немесе сасық кеуректің дәрілік мақсатта тамырының жоғарғы жағын аздап тілу арқылы алынған сүтті шырынын қолданады. Гүлдеп, тұқым беріп тұрған өсімдікке тиіспеу керек, себебі бұл монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Көршілес елдердегідей құрып кетпеуі үшін оған енді бір рет дайындаған жерден қайтадан даярлауға 15 жылдан кейін ғана рұқсат берілу керек.
Қазіргідей індет өршіген уақытта табиғаттың баға жетпес байлығы болған өсімдіктерді мейлінше қорғауымыз қажет. Күтім керек. Кез келген аурудың алдын алатын шипалы өсімдіктер өзгелерге дәру, ал өзіміз оларға зәру болып қалмасақ игі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА