Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕЛІНІ ЖАЙЛАҒАН ХАТТАР ЖЕЛІКТІРМЕСІН

ЖЕЛІНІ ЖАЙЛАҒАН ХАТТАР ЖЕЛІКТІРМЕСІН

«Бұл хатты соңына дейін оқып шығып, өзің білетін он адамға тарат. Нәтижесін он күннен кейін көресің. Күтпеген жақсы жаңалық естіп, жолың ашылады. Сенен асқан бақытты адам болмайды. Ал егер таратпасаң, қайғы-қасірет шегіп, бақытсыздыққа ұшырайсың…» деген ауандағы адамның психологиясына кері әсер ететін смс-хабарламалар қазір «WhatsApp» арқылы еркін таратылып жүр. Тіпті ішіне арабша жазулар мен Алланың есімдерін қосып қоятындар да бар. Түп-тамыры беймәлім бұл хаттар бәзбіреулердің күлкісін келтірсе, енді біреулердің зәресін алады.
Шырт ұйқыда жатқан мені үстел үстінде безілдеп қоя берген смартфоным оятты. «Түн жарымда ұйқысы қашқан кім болды екен?» деген оймен қалта телефонға селқос қол создым. Ескі танысымнан смс-хабарлама келіпті. Әлқиссасы «Срочно!!!» деп басталған жазбаны көргенде ұйқылы-ояу қалпымнан тез ширап, көз жүгірте бастадым. Орысша жазылыпты. Бастапқыда «Бұған бірдеңе болып қалды ма?» деген үрей денемді шымырлатқаны рас. Бірақ оқи келе хабарлама бейтаныс біреудің басына түскен қасіретті жағдайға қатысты екенін және хат кейіпкері өзінің ауруханада хал үстінде жатқан баласына көмектесуді өтінгенін ұқтым. Қысқаша айтқанда, он жасар баланың миында ісік пайда болыпты. Дереу шетелге барып ота жасату керек. Ол үшін науқастың ата-анасында ақша жоқ. Отбасыға шетелдік медицина орталықтарының бірі қол ұшын беруге келісіпті. Тек бір шарты бар. Ол – аталған хатты мейлінше көп адамға тарату. Таратылған әрбір хат үшін сырқат баланың есепшотына қаражат аударылады. Жазбаның соңы: «Бұл хатты байланыстағы барлық адамдарға таратыңыз! Алла үшін мұны назардан тыс қалдырмаңыз!..» деген сияқты адамның ет бауырын елжіретіп, кәдімгідей ойға жетелейтін сөздермен түйінделіпті. Ұйқым шайдай ашылды… Түнделетіп келген хаттың жайы ертеңінде, одан кейін де ара-тұра ойға орала берді. Жазбаны бірнеше танысыма жіберуін жіберіп қойғам. Менікі «Баланың тағдыры не болды екен?» деген ой ғой. Сол оймен іздене бастадым.
– Бұл спам компаниялардың әрекеті болуы мүмкін. Олардың көпшілік спам-хабарламалар тарату арқылы пайда табады. Сол секілді мұның астарында алаяқтық мақсат та болуы ықтимал. Өйткені, осындай мағынада жолданған хаттардың басым көпшілігі алаяқтыққа құрылған. Хаттың қайдан шыққанын білу қарапайым адамдар үшін қиын, әрине. Дейтұрғанмен, құзырлы органдар оның түп-төркінін нақты анықтай алады. Сондықтан түсініксіз смс-хабарламалар келсе, басқаларға таратпай, дереу өшіріп тастаған дұрыс, – дейді IT мамандары.
Байқауымызша, спам-хаттардың түр-түрі болады екен. Сұрастыра келе, бірсыпыра адамнан қалта телефондарына «WhatsApp» арқылы біреуге көмек көрсетуді сұраған, Жаратқаннан дұға тілеуді өтінген, дінді насихаттауды бұйырған сан алуан мазмұнда смс-хабарламалар келетінін білдік. Бір қызығы, смс-хаттардың бәріне ортақ шарт – мейлінше адамдар арасында көптеп тарату. Жазбаларда Алланың аты аталып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптері мысал етіліп тұрған соң, бұл туралы бас имамның ойын білуді жөн көрдік.
– Қазіргі таңда Мүфтияттың атынан неше түрлі мәліметтер жарияланып жатыр. Осыған орай кез келген мәліметті таратпаңыздар. Алла Тағаланың есімін жазып, «осыны 9 адамға жібер. Жібергендер бақытқа кенеледі, жібермеген адам аяғынан айырылыпты» деген сияқты хаттар да көп кездеседі. Иманның 6 шарты болса, солардың бірі – жақсылық та, жамандық та Алладан екендігіне иман келтіру. Сондықтан да біз жақсылық та, жамандық та Алладан екеніне иман келтірген момын мұсылман болғандықтан, біздің басымызға не нәрсе келсе де бір Алладан екенін ұмытпауымыз қажет. «WhatsApp-та» таралып жүрген діни мазмұнға ие хаттарға Қазақстан діни басқарма­сының еш қатысы жоқ. Сондықтан ондай жалған наным-сенімдерге көңіл бөлудің де, оқудың да, таратудың да қажеті жоқ. Смс-хаттағы бос сөздерге сенбеңіздер, – дейді Бақыт Ұлжаев.
Имамның пікірін «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру және діни экстремизмнің алдын алу» ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Дінмұхамед Марданаев та құптайды.
– Мұндай хаттарды жазып, таратудағы мақсат әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, радикалды діни топтар өздерінің қатарына жамағат тарту үшін уағыз-насихаттарын ашық жүргізе алмауы себепті әлеуметтік желілерді белсенді қолдана бастады. Мен 10 адамға бұл хатты жіберсем бақытты боламын деген ұғым қарапайым халықтың психикасына теріс әсерін тигізеді. Ендеше исламды уағыздаған смс-хаттардың да бір ұшы осында болуы ғажап емес. Сол секілді ол хаттардың артында адамның аяушылық сезімін оятып, психологиялық әсер ету арқылы алаяқтық әрекет жасағысы келетіндердің болуы да ықтимал. Сосын хабарламаны тарату арқылы емге ақша жинау да күмәнді. Қалай дегенмен де жұртшылық қалта телефонына немесе электронды жеке поштасына келіп түскен беймәлім хаттарға сақтықпен қарағаны дұрыс.Егер қандай да бір ислам діні туралы ақпарат керек болса, сұрақтарға жауап іздесе, діни басқарманың «muftyat.kz». «azan.kz», «muslim.kz» сайттарын қарап, мешіт имамдарына жүгінген жөн, – дейді Д.Аронұлы.
Иә, мұндай смс-хаттардың қандай мақсатты көздейтінін дөп басып айту қиын, әрине. Бір анығы, алаяқтық болсын, радикалды діни топтардың теріс уағыз-насихаттары болсын, жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

26 мамыр 2020 ж. 872 0