Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап жайлы қызықтар

Кітап жайлы қызықтар

Ежелден еліміз «Отырар кітапханасы» арқылы әлемге мәшһүр болған. Себебі, ол дүниежүзіндегі ең үлкен кітапхана болған. Бұл туралы қытай саяхатшысы Лу-Цзин: «Отырардың даңқы шарапханасымен, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты» деп пайымдайды. Өкінішке қарай, ХІІІ ғасырдың басында жойқын шапқыншылықта Оты­­рар қоршауға алынады. Салдарынан бағалы басылымдар, құнды кітаптар жер қойнына жасырылады.
Алғашқы кітапхананы шумерлерді 600 жыл билеген біздің даладан шыққан көшпенділер – қасситтер (қассақтар) ойлап тапқан деген дерек бар.
Ғылымда кітап ұрлаушыларды «библиоклептоман» деп атайды. Дүниедегі ең атақты кітап ұрысы – Стивен Блумерг. Ол 270 кітапханадан 23 мыңға жуық таңдаулы шедевр кітаптарды ұрлаған. Оның кітапхана қорының құны 20 млн доллардан асып жығылады. Әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі һәм бірегейі – Агата Кристи. Оның детективті хикаялары 50-ден астам тілдерге аударылып, әліге дейін оқылым тақтасынан түспей келеді. Кристидің кітаптарының басылым саны 2 млрд-тан асады.
Дүниедегі ең ауыр кітап Британия музейінде сақталған ХVII ғасырға тиесілі «Географиялық атлас» екенін білесіз бе? Ол кітаптың ұзындығы – 1,9 метр, ал салмағы – 320 келі тартады.
Гугл әлемдегі кітаптарды зерттеп, публицистикалық, ғылыми және көркем әдеби кітаптардың санын есептеп шыққан. Жер шарындағы кітаптар саны шамамен 130 млн-нан асқан. Көптеген қаламгердің туындылары электронды нұсқада басылып шықпағанын ескерсек, бұл санның әлдеқайда көп болары анық.
Дүниедегі ең атақты кітап кейіпкері – ­Наполеон. Ол жайында 100 мыңнан астам әртүрлі жанрдағы кітаптар жазылған.
Орта есеппен адамдардың 95 %-ы минутына 210 сөз оқиды. Ал 2 минутта 1,5 бет оқиды. Ал О.Бальзак жарты сағатта 200 бет оқыған.
Баланы оқуға қызықтыратын ең оңтайлы уақыт – 4-6 жасар кезі екені дәлелденген. Ал 7 жасынан бастап оқуға баулу көп қиындықтарды тудыратын көрінеді.
Оқырмандардың көпшілігі кітаптың 18-ші бетіне келгенде-ақ қызығушылықтарын жоғалтып алады.
Дүниедегі ең көп қаламақы Рим императоры Марк Аврелий тарапынан Оппиан атты ақынға берілген. Оның балық аулау мен аңшылық хақындағы дастанының әрбір жолына 1 алтын беріп отырған. Оның екі дастаны 20 мың бәйіттен тұрады.
Дүниедегі ең қымбат шығарма Леонардо да Винчидің өз қолымен көшіріп жазған «Лейчестер кодексі» кітабы екен. Оны «Майкрософтың» негізін салушы Билл Гейтс 1994 жылы Нью-Йорктағы «Сотбис» аукционында 30,8 млн долларға сатып алған.
Әлемдегі ең ежелгі кітап «Присс папирустары» болып табылады. Ол б.з.б. 3350 жылы жазылған. Бұл қолжазба, оны 1839 жылы Фивадан тапқан Эмиль Присстің құрметіне осылай аталған. Қолжазбаның авторы – перғауынның уәзірі Пта-Готеп. Ол қолжазбада – жастардың тәрбиесіздігіне, ақымақтығына, мінез-құлықтарының өзгергеніне налыған.
Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен кітап – «Бұл – Мұхаммед (с.ғ.с.)» деп аталады. Оның салмағы 1,5 тонна шығады. Кітап 429 беттен тұрады. Оны 9 ай бойы 50 адам жасап, 2,7 млн доллар жұмсаған.
Атақты голланд дәрігері Герман Бурхавеннің «Емшілік өнердің терең сырлары» атты кітабы автор қайтыс болғаннан кейін, 1738 жылы 10 мың доллар алтынға аукционда сатылған. Бір қызығы, көркем бедерленген бұл кітаптың барлық беттері бос, яғни ештеңе жазылмаған. Тек қана бірінші бетінде мынадай сөйлем бар: «Басың тоңса да, аяғыңды жылы ұста. Сонда ғана сен ең мықты дәрігерлерді де кембағалға айналдырасың».

15 қазан 2019 ж. 2 031 0