Әрбір оқушының ата-анасы білуі тиіс 4 қағида
Баласының сау болғанын қалайтын әрбір ата-ананың білуі қажет қағидалармен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы басшысының орынбасары Камила Тұяқбаева бөлісті.
Оқу жылының алғашқы күндерінде балалардың ерекше назар аударуды қажет ететіні белгілі. Осы орайда ата-аналар мен оқушыларға қандай кеңес бересіз? Жалпы, мектеп оқушысы күніне неше сағат ұйықтағаны жөн? – Бірінші сынып оқушылары күніне кем дегенде 10 сағат ұйықтауы қажет. Басқа оқушыларға қатысты айтар болсақ, ұзақ мерзімді жазғы демалыстан кейін бала режимді, әсіресе ұйқыны қалпына келтіруі керек. Демалыстан кейін бұл режимді бір сәтте ауыстыру моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да қиынға соғады. Жоғарыда атап өткендей, оқушыларға жасына қарамастан 9-10 сағат ұйықтау қажет. Ұйықтар алдында 4 сағат бұрын шулы ойындар ойнаудан, теледидар мен компьютерден, ауыр ас ішуден, шулы музыка тыңдаудан шеттетуге тырысыңыз. – Ата-аналар тарапынан мектеп сөмкесінің салмағына қатысты сын көп айтылады. Мектеп сөмкесінің салмағы қандай мөлшерден аспауы керек және сөмкені қалай таңдаған жөн? – Егер барлық кітаптарды, қаламсауытты, дәптерлерді, ауыстыратын аяқ киімді қосқан кезде барлық салмақ 3-5 кг құрайды. Бұндай ауырлық балаға зиян келтірмес үшін, иықбауы кеңірек және қатты ортопедиялық арқашасы бар ыңғайлы сөмкені таңдаған жөн. Сонымен қатар бала күнделікті өмірінің айтарлықтай көп бөлігін мектеп партасының алдында өткізеді, сондықтан оқу орнының дұрыс жарақтануы өте маңызды. Отырған баланың қолы, аяқтары және арқасы сүйенуі қажет. Орындықтың аяқтары баланың жіліншегінен ұзын болмауы тиіс. Аяқтары еденге тиюі қажет. Орындықтың арқашасында белі бүгілетіндей тірегі болуы керек. – Қазіргі уақытта мектеп жасындағы балалардың көбісінің көру қабілеті нашарлағаны байқалады. Мұның салдарымен қалай күресуге болады? – Бала оқушы болған сәттен бастап, оның көру қабілеті артық жүктемеден нашарлай бастайды. Оған қоса мультфильмдер мен компьютер ойындарынан да қосымша нашарлай береді. Толығымен қалыптаспаған көру органдарының дамуы артық жүктемеден және еңбек пен демалыс режимінің болмауынан тез тежеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, мектеп жасындағы әрбір төртінші бала көз ауруынан зардап шегеді, соның салдарынан алыстан нашар көру кең таралған. Балалар жарық жерде оқып, жазуы тиіс және көзге күш салатын тапсырмаларды орындаған кезде көзге арналған жаттығуларды жасау керек. Ата-ана баласының компьютер мен теледидар алдында көп отырмауын қадағалап отырғаны дұрыс. – Енді баланың тамақтануына тоқталсақ. Иммунитетін нығайту үшін қалай тамақтандырған жөн? – Баланың дұрыс тамақтануына, жасына сай дәрумендер мен микроэлементтерге бай азық-түлік жеуіне айрықша көңіл аудару қажет. Күніне кем дегене 2-3 алма немесе өзге де жемістерді, 16 грамм жаңғақ жеуі керек және көкөністерді барынша көп тұтынған жөн. Баланың ас үлесінен газдалған, құрамында қанты бар тәтті сусындарды және майлы тамақтар мен фаст-фудты алып тастау керек. Сонда ғана мықты және төзімді ағза ауруларға төтеп бере алады. Балаңыз осы қағидаларды сақтасын десеңіз, өзіңіз де үлгі көрсетіп көмектесіңіз.