Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорылдан қалай құтылдым?

Қорылдан қалай құтылдым?




Ұйқы – адам ағзасының демалыс жасауы. Адамдар түрлі жағдайда шаршайды. Бір мезгіл мызғып алып, онан әрі жұмысын жалғастырып жатады. Жас болсын, кәрі кісі болсын пышылдап басталған ұйқы сәлден соң қорылға ұласып, тыныштық бұзылады. Кейде қатты қорылға шыдамай, «Досым, қырыңнан жатшы» деп әбігерге түсеміз. Ол байғұстың мазасын аламыз. Немесе «Пах, шіркін, рахаттанып тұрып ұйықтап жатыр ғой өзі» деп, қорылын қостағандай боламыз. Ненің рахаты? Қорылдап жатқан адамның тамағы кеуіп, көзі ісініп, айналасындағы адамдардың жүйкесіне тиіп жатады.
Өмірде «Білмеймін, осы бір қорыл деген пайда болды» деп жүргендер өте көп-ақ. Иә, бәріміздің басымызда бар нәрсе. Өзім аңғармай жүреді екенмін, сол қорылдаушылардың бірі болып шықтым. Адам шырт ұйқыға кеткен соң арғы жағын кім білген? Таңертең жұбайым «Түнімен ұйқы бермедің, қорылыңның түрі жаман ғой, түнде адам шошиды. Кеше көршінің әйелі «Күйеуің өте қатты қорылдайды екен, даладағы сәкіге жата қойып едік, бізге де ұйқы бермеді. Қасында қалай жатсың?» деп айтты дегенде біртүрлі болдым. Өзімді қорланғандай, ыңғайсыз сезіндім.
Ол кезде қызмет бабында астанамыз Алматыға іс-сапармен жиі баратынбыз. Бірде пойызда ұйықтап жатқан жерімнен жолсерік, одан соң жас жігіт екі-үш рет оятып, қорылдағанымды бетіме басты. «Жарайды» деп қырымнан жатқан боламын. Жалғасса керек. Түртіп, түрткілеп, әр оятқан сайын намысыма тиіп, «Аға, қорылдамаңызшы» дегенде, не істерімді білмей қалушы едім. Тіпті кемшілігімді көріп тұрғандай әсер беретін. Осылай әркімнен бір сөз естіп жүргенімде, ертеректе «Білім және ғылым» журналынан оқыған мақала есіме түсіп, соны сүзгіден өткізіп, қағазға түсірдім. Онда қорылдың қайдан пайда болатыны ғылыми жолмен дәлелденгені айтылған. Ағылшын ғалымдары қаншама ерлі-зайыптылардың қорылға шыдамай ажырасқаны, сондай-ақ бірін-бірі тұншықтыруға дейін барған қылмыстық әрекеттер жайлы мағлұматтар берген. Адам жүйкесіне психологиялық күш салатын қорыл тыңдап отыра берсеңіз, сізді жындандырып жібереді екен. Біз қорылды көбіне мұрыннан көреміз. Қорыл дыбысы ауыздан да шығатын сияқты. Сөйтсек, мұның бәріне кішкентай тіл себеп болып шыққан. Жаратушы Тәңір ауыз қуысындағы кішкентай тілді екі жақтың қақ ортасына орналастырыпты. Жақ бұлшық еттерінің түрлі себептермен босауы арқасында төменгі жақ сәл төмен түссе, тепе-теңдік жойылып, кішкене тіл деммен тербеліп, жаңағыдай жаман дыбыс шығарып, яғни қорыл пайда болатын көрінеді. Міне, қызық! Сонда жазылған үш жаттығуды есіме түсіріп, қолдануға мәжбүр болдым. «Тәуекел» деп жаттығуға кірістім, шамасы бір айдай жасадым-ау. Соның арқасында қорылдан айығып, үйдегілердің де, көршілерімнің де әңгімесінен құтылғанымды айтқым келеді. Жұрттың мазасын алатын жағымсыз қорыл келмес­ке кетті.
Адам болған соң айналамызға жақсылық жасағымыз келіп тұрады. Осы қорыл деген пәледен замандастарым зардап шегіп жүргенін де білемін. Мен сияқты олар да қорылдан құтылып, рахаттанып қалсын деген оймен төмендегі үш жаттығуды өзгелерге де «ем болсын» деп, сүйікті газетім «Өскен өңірге» жолдап отырмын.
Бірінші жаттығу. Ауызға ағаш қасықтың сабын ұзыннан тістеп, теледидар алдында 15 минут отырамыз.
Екінші жаттығу. Тілдің ұшымен жоғарғы таңдайды итеріп, 15-20 минут шыдас береміз.
Үшінші жаттығу. Жоғарыға және астыңғы тістерді қабыстырып, сол қолдың немесе оң қолдың үш саусағымен көтеріп, 15 минуттай отыруға тырысамыз. Жаттығу күніне бір рет жүйелі түрде жасалғаны дұрыс. Сонда сіз мазаңызды қашырып, жұрттан жасырып жүрген қорылыңыздан құтыласыз. Алла баршаңызға сәтін салсын деймін.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
13 тамыз 2019 ж. 1 126 0