Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Садақ қаруының сыры тереңде

Садақ қаруының сыры тереңде

СадақСадақ - жебе атуға арналған қол қаруы. Садақты мезолит дәуірінен дүниеүзі халықтары ХХ ғасырға дейін пайдаланып келді.

ХIX ғасырға дейін дүниежүзінің барлық халқы бұл қаруды еркін түрде пайдаланды. Ертеде аңшылық мақсатта қолданған қару уақыт өте келе соғыста қолданылды. Бұл – қашықтықтан дәл көздейтін сол заманындағы қарудың түрі.
Садақшылар жорықта алғы шепте тұрып, қарсыластың төбесінен оқ жаудыратын болған. Осыған байланысты садақтың жебесі нағыз ажал жебесіне теңелгені түрлі аңызда айтылды. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі сияқты ағаштан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Осы екі аралықты қосып тұрған қайыс сияқты басқа да мықты таспаны қазақ “адырна” деп атаған. Мұндай жолмен жасалған садақтарды “жай садақ” деп атаған. Ал күрделі садақты жасағанда оның сыртына малдың, көбіне жылқының артқы аяғындағы сіңірін тартып, ішкі жағы мүйізбен қапталады. Кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады. Мұны “құрама садақ” деп атады. Садақтың күрделі түрін сақтар, кейін ғұндар мен Орталық Азия халықтары көп қолданды.
Садақ, қару-жарақ
Фото ашық дереккөзден
Садақтың тек сәндік үшін жасалған түрлері де болды. Бірақ оны жаугершілік заманында көп қолданған жоқ. Қазақтар садақты одна әрі жетілдіріп, ерекше деңгейге жеткізді. Осылайша көздеген жерге дөп тигізу үшін жебенің соңына қауырсын қадап, ұшын түрлі қатты металдан, сүйектен жасады. Ауыз әдебиетінде бұл қарудың “қайың садақ”, “қарағай садақ”, “үйеңкі садақ” деген атаулары кездеседі. Қайыңның қабығымен қапталған, оның сарғайған түсіне байланысты “сарыжа”, “сарсадақ” деген атаулары да бар.
Садақтың тұрқына қарай көлемі де әртүрлі болады. Оның “бала садақ” деген түрі бар. Садақтың бұл  түрі ер баланы жаугершілікке, аңшылыққа баулу үшін жасалды. Жауынгерлер үшін де “бала садақты” алып жүру ыңғайлы болды. Сондықтан кішкентай садақтар ұрыс кезінде де көп пайдаланылды.

baribar.kz



22 наурыз 2019 ж. 6 590 0