Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИПАЛЫ ШҰБАТ ШИЕЛІДЕ

ШИПАЛЫ ШҰБАТ ШИЕЛІДЕ

МЫҢҚ ЕТПЕЙТІН МАҢҒАЗ ЖАНУАРДЫ КӨШПЕЛІ ХАЛҚЫМЫЗ ҚАДІР ТҰТҚАН. ҚАЗАҚТА ТҮЙЕГЕ ҚАТЫСТЫ «ТҮЙЕ КЕДЕЙДІҢ МАЛЫ» ДЕГЕН ДЕ СӨЗ БАР. ӘСІЛІ, БАСҚА ТҮЛІККЕ ҚАРАҒАНДА ОНЫҢ КҮЙ ТАЛҒАМАЙТЫН АРТЫҚШЫЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ АЙТЫЛСА КЕРЕК. ОЛ ТІКЕНЕКТЕН БАСТАП, КЕЗ КЕЛГЕН НӘРСЕНІ ЖЕЙ БЕРЕДІ. ТҮЙЕЛЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ СОЛ, БІР ІШКЕНДЕ 200 ЛИТР СУДЫ БІР-АҚ ІШЕ АЛАДЫ. ДЕМАЛУҒА НЕ ҰЙЫҚТАУҒА ЖАТҚАНДА ӨЗДІГІНЕН ТҰРМАСА, ОРНЫНАН ҚОЗҒАУ ҚИЫН. АРАБ ТІЛІНЕН АУДАРҒАНДА «ТҮЙЕ» СӨЗІ «СҰЛУЛЫҚ» ДЕГЕН МАҒЫНАНЫ БІЛДІРЕДІ. ТҮЙЕЛЕР АДАМ НЕ ЖАНУАР БОЛСЫН ӨЗІНЕ ЖАУ САНАСА ОҒАН ҚАРАП ТҮКІРЕДІ ЕКЕН.
Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жейделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Түйенің шұбаты медицинада емдік сусын ретінде мойындалғаны да белгілі. Көзін тауып, өңдей білсе, жүні
де өнеркəсіпте таптырмайтын шикізат. Міне, осындай пайдасы мол мал тек əлемде санаулы мемлекеттерде ғана бар. Соның бірі – біздің елімізде. Ғалымдар шұбатпен өкпе құрты, аллергия, псориаз, бауыр ауруларын, холециститті, гастрит, қант диабеті, өт жолдарының бітеліп қалуын емдеуге болады дегенді айтады. Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Құрамында көптеген дəрумендері бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да бірден бір шипа деседі. Дəстүрлi сусын сонымен қатар, iшек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Айран мен сүтке қарағанда,
тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары болады екен. Күнделікті тағам рационына шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, энергияңыз арта түседі.
Жоғарыда айтылғандай түйе сүтінің құрамы ерекше, яғни маңызы мол. Содан болар, ілгеріде ауыз бекіткен қариялар кешке дейін тоқ жүру үшін шұбатты сəресіге ішіп отырған. Оның үстіне иммундық жүйені көтеріп, ағзаның физиологиялық күшін арттырады. Шұбаттың құрғақ ұнтағы үш жылға дейiн жарамды болып есептеледi. Оның таблетка түрiндегi тəжiрибелiк үлгiсі тұңғыш рет Шымкентте шығарылды. Оның 1 таблеткасында 1,24 грамм шұбат бар. Яғни, шұбаттың бiр таблеткасы табиғи «биологиялық белсендi қоспа» секiлдi. Əсiресе, оның емдiк қасиетi жоғары. Таблетканы ойлап шығарған ғалымдар тобы iшiмдiктен емдеу жəне бас жазудан айықтыру жөнiндегi тəжiрибенiң де нəтижелi болғанын айтады. Отандық ғалымдардың айтуынша, табиғи шұбаттың таблеткалы түрі, құрғақ түйе сүті, йогурт, балқаймақ жəне шалап секілді жаңа əдістерімен алынған өнімдер əлем нарығына шықса, теңдесі жоқ ұтымды тауар белгісіне айналары сөзсіз. Егер бұл іс жүзеге асса, əлемдік нарықта шұбаттан, мұнайдан түсетін кірістен кем емес пайда табуға болады, – деп есептейді мамандар.
Журналист Д.Бауыржанұлы «Егемен Қазақстан» газетінде «Жалпы, шұбат тек Қазақстан емес, басқа да шет мемлекеттерде де сұранысқа ие екен.
Мəселен, арабтар шұбатты иммунитетті көтеретін сусын ретінде ішеді. Араб
елдерінің дүкендерінен де кейде шұбатты кездестіруге болады. Медицинасы мен фармацевтикасы ежелден дамыған үнділіктер шұбаттан дəрі-дəрмек жасайды екен. Ісік, өттің қабынуы, сары ауру, өкпе ауруы, демікпе, анемия, тіпті геморройды емдейтін көптеген дəрілерді үндістер шұбаттың негізінде жасайды. Африка елдерінің біразында түйе сүті ЖҚТБ-ға (СПИД) шалдыққан науқастарды емдеуге жиі қолданады. Шұбат ЖҚТБ-ның иммунитетті нашарлату үдерісін тежейді деп сенеді африкалық мамандар. Кенияда бұл ғажап сусынды диабет жəне жүрек ауруларына шалдыққандарға дəрінің орнына береді. Ал, Монғолияда тек қана шұбатпен емдейтін арнайы санаторийлер бар екен. Монғолдар арасында бүйрек аурулары көп кездеседі деседі. Олардың айтуынша, шұбат бүйректің қызметін жақсартады, бүгіндері жиі кездесетін қуық безінің қабынуы секілді қатерлі аурулардың алдын алуға зор септігін тигізеді. Бірақ, қасиетті сусынымызды патенттеу əзірге тек қытайлардың ойларына келіпті», – деп жазады.
Біздің ауданда да 2016 жылдың наурыз айынан бастап шұбат өндіретін
арнайы өндіріс орны жұмыс жасап келеді. Кəсіпкер Сабырхан Ермахановтың бастамасымен ашылған «Аруана» шұбат цехында табиғи таза ұлттық сусынға
сұраныс күн санап артуда. Өндіріс орнында тəулігіне 400 литрден аса шұбат
дайындалады. Бұрыннан келе жатқан қарапайым тəсіл бойынша ашытқан шұбат əрі кетсе екі-үш күнге ғана шыдайтын болса, «Аруана» цехының қазіргі жобасы бойынша арнайы пластмасса бөтелкеге құйылған шұбат толық бір ай жарамды болады. Өйткені, түйе сүтін ашытатын ашытқының құрамы Алматы қаласындағы агроуниверситет ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеу арқылы жүзеге асырылып отыр. Шұбат құятын бөтелке де осы жерден шығарылады. Сонымен қатар, мұнда түйе сүтінен құрт та дайындалады. Бұйырса «Аруана»
цехы Шиелінің атын əлемге танытатын үлкен кəсіпорынға айналатыны сөзсіз.



03 желтоқсан 2022 ж. 1 764 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930