Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОРЫСТАР НЕГЕ ОРАМАЛ ТАҚҚАН?

ОРЫСТАР НЕГЕ ОРАМАЛ ТАҚҚАН?


Әйел адамдар басына неге орамал тағады? Бұрындары орамал таққан аруларды көргенде, ол – бір еркектің сүйген жары, бір баланың анасы, бір отбасының берекесі деп ойлайтынсың. Қазір жас келіншек түгілі кемпірлер жалаңбас жүрсе де таңғалмамыз. Ақыры кімнің қыз, кімнің келіншек екенін айыра алмай қалдық. Бұл ненің белгісі?
Меніңше, бұл белгі емес, бұл – өркениеттің өзекті өртеп, адамдарды азғындай бастағанының көрінісі.
Мүсілім кз порталында жарияланған мына бір пікірге наза аударыңызшы: «Орамал тағып, ұзын киім кию үрдісі – тосырқап, таңдана кейде түсінбей, тіпті жатырқай да жақтырмай қарайтын тосын құбылыс емес. Ең алдымен киім киюдің бұл үлгісі – ислам діні әкелген жаңалық емес. Бұл үрдіс еврей мен христиан дінінде де, корей, жапон секілді көне мәдениетте де бар. Мысалы, еврей хахамы Менахем M. Брейер («Йешива» университетінде киелі кітап әдебиетінің профессоры) еврейлік дін құқығы бойынша әйелдерінің орамал тағуға тиісті екенін айта келе, кейбір танымал раввиндерінің мынандай сөздерін келтірген: «Еврей қыздарына орамалсыз сыртқа шығу жараспайды», «Әйелдерінің орамалсыз жүруіне рұқсат еткен еркектерді қарғыс атсын!», «Еркектерге ұнау үшін басын ашып жүрген әйелдер жоқшылық әкеледі». Әйелдің орамалсыз жалаңбас жүруі жалаңаш жүрумен тең саналғандықтан, иудаизм орамалсыз жүрген әйелдің жанында дұға сияқты ғибадаттарды жасауға тыйым салады. Еврей діні бойынша орамал тағу әйелдің абыройы мен беделін, әлеуметтік жағдайын білдіреді. Сондықтан төменгі таптағы әйелдер жоғары таптағы әйелдердің қатарында көріну үшін орамал тағуға тырысатын. Орамал тағу тектіліктің нышаны саналғандықтан, байырғы Израилде зинақор әйелдердің орамал тағуына рұқсат берілмейтін. Сондықтан зинақор әйелдер өздерін абыройлының санатында көрсету үшін арнайы орамал түрін тағатын.
Европадағы еврей әйелдері сол жердің тұрақты мәдениетімен араласа бастаған ХІХ ғасырға дейін орамал тағып келген. ХІХ ғасырда Еуропа қоғамы басты ашып жүруге мәжбүр еткендіктен кейбір еврей әйелдері орамалдың орнына парик киіп жүруді шығарды. Ал бүгінде еврей әйелдері синагогада ғана орамал тағады. Еврей дінінің Hassidism бағытын ұстанушылар орамалға балама ретінде әлі күнге дейін парик тағуда.
Ал христиан дінінде орамал тағу мәселесі қалай? Католик шіркеуіндегі монах әйелдердің 1000 жылдан бері орамал тағатындығы белгілі. Тертуллиян атты христиан ғалымы бойжеткендердің шашын жабуға байланысты баяндамасында былай дейді: «Бойжеткендер, көшеде жүргенде бастарыңа орамал тағыңдар, шіркеуде, бөгде адамдардың жанында және өз ер бауырларыңыздың жанында бастарыңды ашық ұстамаңдар…».
Бүгінгі Католик шіркеуінің ата заңдарында шіркеуде әйелдерді бастарына орамал тағуға міндеттейтін арнайы баптар бар. Амиш және Меннонилер сияқты кейбір христиан ағымдары әлі күнге дейін әйелдердің орамал тағуын талап етуде.
Жаһанданудың арқасында біз бүгінгі таңда батыс мәдениетінен барынша әсерлендік. Әсерленгеніміз соншалық, оған ес-түссіз беріліп, жақсы-жаманын ажыратып жатпастан, залалы мен пайдасын сараламастан оларға қатты еліктедік. Сондықтан біздің қоғамда әйел адамның етек-жеңін қымтап жүруі, жартылай жалаңаштанудан да тұрпайы көрінуде. Қоғамда заман талабына ілесудің өлшемі «жалаңаштану» сияқты көзқарас қалыптасты. Ал орамал тағып, ұзын киім киіп жүрген жандар замана көшіне ілесе алмай, қатардан қалып кеткен ескішіл адамдардай бағалануда.
Бүгінде әйел баласы бейне бір зат секілді әркімнің ойына келген арам пиғылына ойыншық болуы өкінішті-ақ. Мысалы, әйелдің жалаңаш тәні өзгелердің назарын тарту үшін кәсіпкерлердің тауарларын жарнамалайтын жарнама құралына айналды. Әйтпесе, газет жарнамасында, көліктің дөңгелегінің жанында жалаңаш тәнімен тұрған әйелдің оған қандай қатысы бар?».
Орыс әйелдері де әу баста мәдениеті болған. Мұсылмандар секілді ұзын көйлек киіп, бастарына орамал таққан. Алайда еуропалық мәдениет оларға тезірек жетіп, жартылай жалаңаш жүру үрдісін жеделдетіп жіберді. Олар көрген зардаптың шетін біздер де көре бастадық. Әйтпесе…
Ежелгі Русь елінде орамалдың түрі көп болған. Оның әрқайсысын басқа тартудың жөн-жосығы да қалыптасқан. Қарапайым әйелдердің орамалы мен көпестер немесе дворяндардың орамалдарында ерекшеліктер болған.
Үлкен гүлді орамалдар тарту – әрбір орыс әйелінің басты символы еді. Түрлі-түсті павлодарлық ашық түсті орамалдар 1795 жылы шағын фабрикада шыға бастаған. Шаруа-кәсіпкер Иван Лабзиннің бұл жаңалығы сол кезде жұртты қатты қызықтырған. Ал Оренбург орамалдары XVII ғасырдың соңында орыс елінде сауданы қыздырды. Тіпті 1862 жылы Лондонда өткен көрмеде  Оренбург орамалдары талайды тамсандырды.
Тұрмыстағы орыс әйелдері міндетті түрде орамал тартқан. Оны тамақ астынан байлап тарту әдісі Германиядан жеткен көрінеді. Осылайша, бұл образ «Аленушки» арқылы кеңінен тарады. Орамалдар барынша ұлттық нақышпен әрленді. Ою-өрнектері арқылы да орыс елінің бейнесін жарқырата көрсетті. Тіпті икон бейнелеу де сәнге айналған. Әйел басынан орамалды жұлып алу  – ұят оқиға, қорлау саналатын.
Рус елінде кішкене қыздарға әкесі юбка мен орамал сыйлау дәстүрі болған. Осыдан-ақ қыздарды кішкене кезінен орамал тағуға үйрету әдеті болғанын байқайсыз. Жігіттер де қыздарына орамал сыйлаған. Ал тойда тартқан орамал қыздар үшін сиқырлы саналатын.
Өткен ғасырда 90-жылдары діндар қыздар мен әйелдер ғана орамал тартатын болды да, заман көшінен қалғысы келмегендері орамалды аяқасты етті.  Тіпті орамал таққандарды келемежге айналдыратындар пайда болды. Көрші елдің қыз-келіншектері өткен ғасырдан қалған ұлттық құндылықтарын қайта қалпына келтіре алмай зар қағып жүр. Олардың орамалға қызығушылығын арттыру мақсатында ресейілік кәсіпкерлер жанталаса жұмыс істеуде. Орыс әйелдерінің орамалдары қазір Ресейге қарағанда Қазақстанда өтімді секілді. Сауда орындары мен базарларды жаулап алған ресейлік орамалдар қазақтың той-томалағы мен үйіне келген қонағының иығына жабатын бірден бір кәделі зат болып тұр.
Уақыт зымырап өтіп барады. Орыс арулары қасиетті жаулықтарын қайта жамылмасы белгілі. Ал өркениеттен өз жолын іздеп жүрген қазақ арулары қайтеді? Бізде жаппай орамал тарта қоймаспыз. Қазақ әйелдері үшін арнайы орамалдар коллекциясын жасаған тіккен Роза Әлқожаның да саудасын қыздыра алмаған келіншектердің орыс қыздарына көбірек еліктейтіні қорқынышты.
Орамал тартуды орнына келтіру арқылы біз жүректегі иманды оята аламыз.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
23 сәуір 2018 ж. 1 749 0