Шаттанған емес, шот қаққан шаңырақтар
«Отан отбасынан басталады» деген сөзді жиі айтамыз. Отанымыздың ішкі бүтіндігін, береке-бірлігін ойлағаннан шығар. Негізі татулық пен мейірімділіктен қаланған отбасы ұрпағының жаны да, тәні де сау болып өсетінін жақсы білеміз. Өкінішке қарай, есепсіз есінемейтін мына нарық заманында есеп-қисап үйлену мәселесіне де келіп жеткен сияқты. Иә, алғашқыда неке шарты дегенді естігенде шалқамыздан түсе жаздаған едік, қазір оған да құлағымыз үйрене бастағандай.
Дәстүрлі қазақ қоғамында барлығы ғашық болып үйленген десек, әрине, өтірік болар еді. «Қатын алма, қайын ал», «Шешесін көріп қызын ал», «Теңін тапса тегін бер» деген сияқты ескертпелер бізге жеткен бабаларымыздың есеп-қисабы емес деп қалай айта аламыз? Осылай ескерте келе «Азамат екеніңді біліп өлген ажал тәтті, ақ некеден туған бала тәтті» дейді. Енді қараңыз, «Мен саған осындай-осындай жағдай жасаймын, сен маған пәлен бала туып бересің» деп үйленетіндер бар. Сонда бұл ақ, адал некеге жата ма? Есеп-қисаптан туған бала тәтті бола ма? Мейірімі аз, жүрегі мұз, бүйрегі без болып өспесіне кім кепіл?
Некеге байланысты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан шарттың бірі – текті жермен құда болу. Балпық би бабамыз: «Көріп, бетті қыз алғанша, көрмей текті қыз алған артық» деген екен. Өйткені ұрпағының дұрыс болуы алған жарына тікелей байланыс¬ты екенін білген. Өкінішке қарай, бүгінде текті деген ұғымды бай деген бақай есепке ауыстырып алдық. Бар жермен, бай елмен құда болсақ деп армандап жүргендер көп. Ата-анасы осылай тәрбиелеген балаға саған неке шарты не үшін керек деп түсіндіре алмайсың. Себебі рухани байлықтан қадір кеткелі қашан.
Осы жерде дінге де бір дендеп көрейікші. Қасиетті Құранда («Нұр» сүресі 32-33-ші аят): «Араларыңдағы бойдақ құлдарыңмен күңдеріңді үйлендіріңдер. Олар кедей болса, Алла тағала өз жомарттығымен байытады», – деп Жаратушы уәде беріпті. Қарап тұрсаңыз, байлар ғана үйленсін демеген. Кім маған арқа сүйеп үйленсе, байытып аламын дейді. Олай болса, отбасын құрғандағы келісімшартыңыз сіздің жағдайыңызды жақсарта ала ма? Екінші қыры, сіздің келісімшартыңыз дүние байлығына ғана бағытталған. Ал Алланың айтып отырғаны рухани байлық. Адам баласы дүние жоқшылығына рухани кедейліктен кейін барып ұрынады. Шаттанып емес, шот қағып жүріп шаңырақ көтеру, кеңесіп емес, келісімшартпен кереге керу – рухани кедейліктің жемісі.
Жалпы, қазақ халқының ешкімге еліктемей-ақ қыз ұзатып, ұлын үйлендіруде ежелден қалыптасқан жақсы дәстүрі бар. Шартпен үйлену деген мына өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан қазақ халқының басына түскен тағы бір сынағы болар. Римнің атақты ойшылы Сенека Луций: «Біздің жанымызды қинаған қиянаттан емделуге болады, жалғыз-ақ біз емделуді қаласақ, түзелуге бет алсақ» дейді. Жақсы дәстүрлерімізді тәрк етіп, ұлттық ділімізге жат өзгенің салтын тықпалағандарға тәйт деп түзелуге бет алсақ, есеппен шаңырақ көтеретіндерді де тыярмыз. Ал өтірік ажырасатындарды қайтпекпіз?
Ебін тауып екі асап жүргендер аз емес
Шыны керек, осы мәселе өтірік ажырасқан отбасылармен бірнеше рет бетпе-бет кездес¬кеннен кейін жиі мазалай бастады.
Әнеукүні Астанаға жолым түсіп, көптен бері көрмеген құрбыларыммен басқостым. Сол отырыста екі бөлмелі үйі бар құрбым: «Сендерге бір таптырмас ақыл айтайын ба?» деді. «Ол не, айтшы?!» деп жан-жақтан білуге асықтық. «Біз тұратын үйде біраз отбасының әйелі күйеуімен қағаз жүзінде ажырасып, аз уақыттың ішінде үй алды. Үш-төрт балаң болса жалғыз басты ана ретінде кезек тезірек жылжиды екен. Кейін «жаздым, жаңылдым, біз балалар үшін қайта қосылдық» деп қосылуға болатын көрінеді..» деді. Әңгімесін аяқтаған ол іле-шала «Сендер де сөйтіп үй алып алмайсыңдар ма?» деп қарады сұраулы жүзбен. Сол «таптырмас ақылды» тыңдап отырған құрбым екеуміз бір-бірімізге «Не істейміз?» дегендей бір сәтке арам ой қылаң беріп, аңтарылып қалдық.
Екінші отбасының өтіріктері банкте келісімшарт жасасу кезінде белгілі болды. Жылжымайтын мүлікті «әйелімнің атына» жаздырамын деген жігіт «біз, негізі, заңды түрде ажырасып кеткенбіз», деп отбасылық өмірлерінің бар құпиясын жайып салды. Бірақ бұл тұста да өтірік ажырасқандардың ұпайы түгел болып шықты. Әсіресе, олардың кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар ажырасқан әйелге мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылғанын жан-жақты «зерттеп» алғаны көрініп тұр. Әңгіме арасында тіпті бізге «босқа ақша төлеп шығындалғанша, керісінше үкіметтен алатынымызды жұмсап, осылай өмір сүрген әлдеқайда тиімді емес пе?!» деп, біраз «ақыл-кеңесін» де айтып тастады.
Осыдан кейін отау тікпей жатып, оңай ажырасатын ұрпақ көбейіп кетті деп босқа даурығып жүрген жоқпыз ба деген ой келді. Себебі бір-бірінің қадірін білмегеннен емес, тойымсыздық пен қолда бардың бағасын түсінбегеннен жалған өмір сүруді жөн көргендердің мына тірліктерін көріп қайран қалдық.
Әдетте шенеуніктер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң нормаларын айналып өту үшін осындай «құрбандыққа» жиі баратын көрінеді. Бірақ соңғы уақытта мемлекеттен материалдық көмек алу үшін қарапайым отбасылар да мұндай қитұрқыға жиі «ұрына» бастаған. Ал еліміздің заңнамасында өтірік ажырасуға қатысты жауапкершілікті реттейтін жеке бап та, норма да жоқ екен.
Алайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін елімізде көпбалалы отбасыларда ерлі-зайыптылардың ажырасулары күрт көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетуіне байланысты бұл алаяқтықты тоқтатуға тапсырма берді. Бұл туралы «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – дегені де есте. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы.
Қағаз жүзінде ажырасушылар көбейіп кеткенін әу баста құзырлы мекемелер де байқамаған тәрізді. Уақыт өте келе статистикалық деректе ажырасушылардың саны артқан соң арнайы зерттеу жүргізсе керек. Нәтижесі алақандағыдай. Әлбетте, осындай жолмен баспаналы болу бақытын бастан кешіп жатқандардың іс-әрекетін құптауға да, құптамауға да негіз бар. Себебі осы жүріспен жүре берсе, таяу арада үйлі болуы да неғайбыл. Атаулы әлеуметтік көмек алудың да жыры бітпейді. Жәрдемақыға жедел жетудің ең оңай жолы – жалғызбасты ана болу.
PS. Бұл түйткілге селқос қарау мүмкін емес. Бәлкім, аузымыздың суы құрып айтатын Ресейдің «Ана капиталы» жобасын елімізге енгізу керек шығар. Тіпті, әнеугүні мәжіліс депутаттары айтқандай, көпбалалы отбасының «дүниесін» есептеп, шырылдатпай-ақ, елдегі әр балаға ай сайын жәрдемақы берген абзал болар. Қысқасы, қандай жолмен болса да, ана мен баланың жағдайы жасалуы тиіс. Адам капиталы артпай, демография өспей, еліміздің әлем алдындағы абырой-беделі де биіктемек емес.