Табыстағы теңсіздік – әлеуметтің әлсіреуіне алып келеді
Өткен жұмада президент ірі бизнес өкілдерінің басын қосып, жиын өткізді. Ең алдымен ірі бизнес иелері мен үкімет мүшелерінің бас қосуы тегін емес. Өйткені, жалпы ахуалға билік пен бірге ірі бизнесте жауапты. Демек, мәселелеріді бірге шешкені керек.
Осыған дейін «Коронавирус пандемиясы көп мәселенің бетін ашты» деп қайыратынбыз. Ал, қаңтардағы қақтығыс қордаланған мәселелердің біз ойлағаннан да ауқымды екенін көрсетті. Дәлірегі, жоғарғы атқарушы билік мәселенің барын толық мойындаса, Президент шын реформалаудың басталатынына сендірді.
Осыған дейін «Коронавирус пандемиясы көп мәселенің бетін ашты» деп қайыратынбыз. Ал, қаңтардағы қақтығыс қордаланған мәселелердің біз ойлағаннан да ауқымды екенін көрсетті. Дәлірегі, жоғарғы атқарушы билік мәселенің барын толық мойындаса, Президент шын реформалаудың басталатынына сендірді.
– «Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» формуласы мен үшін маңызды. Оған барлығының көзі жетті ғой деп ойлаймын. Барлық мәселеде осы ұстанымдамын. Мен үшін мемлекеттің қызығушылығы біреумен жақсы, жеке қарым-қатынастардан әлдеқайда жоғары. Егер мемлекет үшін қажет болса, өте қиын шешімдер қабылдауға дайынмын. Мұндай шешімдерді болашақта еш күмәнсіз қабылдайтын боламын», – бұл ел Президентінің кездесуде айтқан сөздерінен үзінді.
Ең бастысы, мемлекет басшысы бизнес өкілдерін Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Оның пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр.
– Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдегі бай мен кедейдің әл-аухаты жер мен көктей. Миллиондаған тұрғынның айлығы шайлығына жетпей жүр. Жалпы экономикалық өсім болғанымен игілігін санаулы адам көріп келеді. Әлеуметтің әлсіреуіне табыстағы теңсіздік себеп. Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне алып келуі мүмкін.
– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды:
– әділ бәсекелестік;
– қабылданатын шешімдердің ашықтығы;
– мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;
– бизнестің салықтық тазалығы;
– кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тілге тиек етті. Тек, ірі кәсіпкерлер өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге белсене атсалысса болғаны. Жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын екендігі айтылды.
Еліміздің Жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын басты қағидаттар
Президенттің сөздерінен ұққанымыз, еліміздің жаңа экономикасы жеке меншікке қол сұқпау; инвестициялық климат; шынайы бәсеке; ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру; сатып алуларды реформалау; мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету; әкімшілік кедергілерді азайту секілді бірнеше қағидатқа негізделмек.
Президенттің сөздерінен ұққанымыз, еліміздің жаңа экономикасы жеке меншікке қол сұқпау; инвестициялық климат; шынайы бәсеке; ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру; сатып алуларды реформалау; мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету; әкімшілік кедергілерді азайту секілді бірнеше қағидатқа негізделмек.
Бірінші – жекеменшікке қол сұқпау. Бұл мәселеде соттың алар орны ерекше. Сондықтан сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылып, әсіресе, өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделері сапалы қорғамақ.
Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Бұл бағытқа сәйкес, Мемлекет Басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды. Дәлірек айтқанда, тек болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кәсіпкерлерге жағдай жасалып, «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа сүйенетін кәсіп иелерінің жолы кесілмек. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қойылды.
Президент атаған үшінші қағидат – шынайы бәсеке. Мұнда, ең алдымен, қолдан жасалған монополияларға талдау жасап, жеке операторлардың қызметін мүлдем тоқтату көзделіп отыр. Сол арқылы нарықтағы қолдан жасалған көптеген делдалдық тізбектер жойылмақ.
Одан бөлек төртінші қағидат – ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру мәселесі. Арнаулы органдар ұсынған мәліметтерге сүйенсек, түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар бар көрінеді. Тіпті, соңғы 10 жылда елдің ішкі жалпы өніміндегі салықтың үлесі 9,9 проценттен, 7,3 процентке дейін төмендеп кеткен. Елімізде әлемдік деңгейде ауқатты саналатын байлардың қатары артқанымен, салықтан түсетін табыстың төмендеп кетуі салық саясатының әлсіздігін білдіреді. Осы себепті, астыртын құйтұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, Үкіметке де ашық, түсінікті саясат әзірленбек.
Қасым-Жомарт Тоқаев атаған тағы бір маңызды мәселе – сатып алуларды реформалау. «Сатып алулар өте үлкен экономикалық ресурс болғандықтан оны дұрыс пайдалану маңызды. Оларды бәсекесіз алып жүргендер де бар. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қорының компанияларындағы сатып алуларды бақылау маңызды. Сатып алулар саласындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Бір ай уақыт беремін. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің «Платон менің досым, бірақ, ақиқат қымбат» деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жүктеген алтыншы міндет – мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету. Яғни, елде тіркелген 6,5 мыңнан астам мемлекеттiк кәсiпорындар, ЖШС, АҚ, оның iшiнде мемлекет қатысушысы немесе акционерi болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялардың кәсіпкерлік қызметіне мемлекеттің араласуына негіз болатын жағдайларды азайту.
Жаңа экономикалық саясаттың жетінші элементі – әкімшілік кедергілерді азайту. «Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қарады. Бәрі де қылмыстық қудалау органдарындағы лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерімен және шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар. Оның 1 мыңнан астамы қанағаттандырылды. Кәсіпкерлер (негізінен) полиция қызметкерлеріне, Экономикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне шағымданған. Бас прокуратураға осындай заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне принципті түрде баға беруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы диалог билік пен бизнес арасындағы консенсусты қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды.
– Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатырмыз. Біздің кездесуіміз бизнестің үнін билік естиді, салалық және құрылымдық саясатта барлық конструктивті ұсыныстар ескеріледі дегенді білдіреді, – деді Президент.
Рамазан ӘНӘПИЯ