CHAT GPT: ПАЙДАСЫ ӘЛДЕ ЗИЯНЫ БАСЫМ БА?
Колумбиялық жазушы, әлем әдебиетінің үлкен тұлғасы Габриэль Гарсия Маркес өзінің танымал «Жүз жылдық жалғыздық» романында маңызды оқиғаны баян етеді. Күндердің күнінде Макондо елді мекенінде Буэндиа әулетінің соңғы өкілдері заттардың атауын ұмытып, тіпті тілдесу дегеннен қалады...
Өткен жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов «Чат GPT жас буынның жадына, ойлау қабілетіне, интеллектісіне кері әсерін тигізіп жатыр» деп дабыл қаққан-ды. Әңгіменің ауанын енді түсінген боларсыз. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың көзқарасына сәйкес, жас буынның ойлау қабілеті кеміп, қиял көкжиегі тарылып келеді. Депутат білім саласына осы мәселеге қатысты бір шешім қабылдауға ұсыныс жасады. Себебі алдағы он жылда шұғыл шешім қабылдай алмайтын, ойлау қабілеті төмен ұрпақ өсіп шығуы мүмкін деп отыр. – Қазір балалар чат GPT арқылы романдар мен түрлі әдеби шығармалардың қысқаша мазмұнын оқымай-ақ біле алады. Шығармалар мен эсселерді де оп-оңай көшіреді. Бұл – қауіпті құбылыс. Тапсырманы жасанды интеллект арқылы орындап келсе, мұғалім аңғармай да қалады. Әдебиет пәні – адамның гуманизмін қалыптастыратыны белгілі. Осы пән арқылы бастауыш сынып оқушыларының санасына парасат пен пайымның іргетасын қалауға болады. Анаға, Отанға деген махаббатты үйретеміз. Бұдан бөлек, математикадағы түрлі деңгейдегі теңдеулер мен есептерді де бір батырманы басу арқылы шешеді. Өкінішке қарай, қазіргі балалар чат GPT-дің құдіретіне сеніп алған. Яғни ойлау қабілеттері төмендеп бара жатыр деуге негіз бар. Бұлай жалғаса берсе, Қазақстанның интеллектуалдық потенциалын жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл процесс – ұзақ уақытқа қосылған қуатты бомба секілді, – деді Магеррам Магеррамов. Соңғы жылдың бедерінде Chat GPT деген термин қолданыста. Ол түрлі сұраққа жауап беріп, тіпті күрделі тапсырмаларды орындай алатын мүмкіндікке ие. Кеңес бергенде кәдуілгі адамның кеңесіндей жауап қатады. Сенесіз бе, тіпті кейбірі осы мобильді қосымша арқылы диплом жұмысын жаздырған көрінеді. Қызық, ә?! Chat GPT – американдық коммерциялық емес OpenAl компаниясының 2022 жылдың қараша айында таныстырған нейрондық желісі. Ол арқылы жасанды интеллектпен хат жазысып, кез келген сұрақ қоюға немесе тапсырма беруге болады. «Бірінші GPT» 2019 жылы әзірленген еді. Ол жалған жаңалықтар жасауды білген. Бірақ көпшілік қолданысына шықпады, себебі, компанияның айтуынша, ол «тым кемшіліксіз болған». Дегенмен, сол жылы GPT-2 шықты. Үшінші GPT чат-боты 2020 жылы іске қосылды. 2022 жылы жарияланған Chat GPT чат-боты GPT3.5 жүйесінде жұмыс істейді. Ал толыққанды GPT-4 2023 жылы шығарылады деп жоспарланған. Бұл чат-бот көлемді деректермен (570 гигабайт мәтін) жұмыс істеп үйретілген және автотолтыру сияқты келесі сөздің қандай болатынын болжай алады. Бірақ масштабы одан да үлкен. Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауаптарды генерациялау үшін оған «Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту» (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында Chat GPT жауаптарының стилі тірі адамның жа уаптарына қатты ұқсайды екен. Мына қызықты қараңызшы, бұл қолданба эссе, өлең, ән, сценарий, хатқа жауап, тамақ рецептін жаза алады. Оқу бағдарламасын құрастыра алады, бизнес жоспар жазып, күнді жоспарлауға көмектеседі, жылдың негізгі оқиғалары туралы айта алады, іздеген суретті тауып береді, бағдарлама кодын жаза алады немесе кодтағы қателерді табуға көмектеседі.
Қызығы сол, ол түрлі математикалық мысалдар мен теңдеулерді, физика және химия бойынша тапсырмаларды шығару жолын түсіндіре отырып, шешіп береді. Алайда құрастырушылардың өзі Chat GPTдің барлық жауабы бірдей дұрыс болмауы мүмкін екенін ескертеді. Қоғамды алаңдататын тағы бір мәселе – жасанды интеллекттің адам еңбегін алмастыруы. «Chat GPT секілді нейрожелі мамандардың орнын басып, жұмыссыздардың санын арттырмай ма?» деген ойлардың келуі де заңды. Бұл туралы Chat GPT-дің өзінен де сұрап көрдік. «Сен қандай мамандықтарды алмастыра аласың?» деп сауал қойған едік. Сәйкесінше жауап та бірнеше секундта дайын болды. Ол мәліметтерді сараптау бойынша көмектесе алмайтынын, бірақ кеңесші, жазушылық пен редакциялау, білім беру және оқыту, маркетинг және жарнамада көмек көрсете алатынын бөлісті. Сондай-ақ адам бойындағы шығармашылық қасиеттерді толықтай игеру мүмкін еместігін, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайтынын жеткізді. Мамандар да чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайтынын растап, қосымша көмекші құрал ретінде пайдалы екенін жазды. Қазір бұрынғыша шатырға шығып «әнтенді» жөндеу дәуірі артта қалды. Тіпті сол кезеңнің ойындары мен қызықтары ескіріп, ұмыт болуға айналды. Сайып келгенде, қорқынышымыз шындыққа ұласса, ұтылуымыз мүмкін. Сол үшін «Абай болсаң, аман боласың» дегенді есте ұстаған дұрыс. Осы арқылы өзімізді қауіптен қорғай аламыз. Ал жасанды интеллект адамды толық алмастыра алмайды. Ақырында оның «жасанды» екені рас қой?!
Сұлушаш МАДИЯРОВА