«Самокат» мінгендер тізгінді тежейді
Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында электр самокатқа және сұйытылған газға қатысты заң жобалары талқыланды.
Атап айтқанда, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Осы заң арқылы «шағын электр көлігі құралы», «электр самокат» ұғымдары енгізіледі. Онда аталған көлік түрлерінің техникалық сипаттамалары көрсетіледі, пайдалану тәртібі құқықтық тұрғыдан регламенттеледі. Құжат жөнінде депутат Евгений Больгерт баяндама жасады.
«Заң жобасының негізгі мақсаты – қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу. Бұдан бөлек, заң жобасында көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізіледі», деді Е.Больгерт.
Заң жобасына сәйкес, «электрондық самокат» ұғымына ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы енеді. Сондай-ақ оған арнайы қозғалыс орны белгіленбек. Мәселен, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне жол беріледі. Бірақ жүргізуші 18 жасқа толуға міндетті.
«Кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі талап етіледі. Түймеленген шлем кию қажет. Ал қараңғы түскен уақытта басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын зат болуға тиіс. Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұхсат беріледі. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
Бұдан бөлек, басқа құзыретті органда тіркелген көлік құралдарының «Жол қозғалысы туралы» Заңда көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтатуының негіздерін белгілейтін түзетулер енгізілді», деді Е.Больгерт.
Бұл қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығы Ішкі істер министрлігі жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынына беріледі.
«Бұл заң – жолда жүру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленді. Атап айтқанда осы заң аясында көліктің жаңа түрлерін пайдаланудың құқықтық негіздері мен жалпы шарттары айқындалады. Сондай-ақ электр самокат және шағын электр көліктерін жүргізушілердің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң үлесін қосады деп сенеміз», деді заң жобасы туралы пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Сүйіндік Алдашев бірқатар жаңашылдыққа тоқталды.
«Бірінші, жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын мемлекеттік реттеу белгіленеді. Бұл ретте, жеткізу жоспары шеңберінде тауарлық газды немесе сұйытылған мұнай газын өткізетін тұлғалар үшін белгіленген шекті бағадан асып кетуге жол бермеу туралы міндеттеме қарастырылған.
Екінші, жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлу тетігі өзгереді. Мәселен, Энергетика министрлігі тиісті ақпараттық жүйе арқылы өзі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспарын қалыптастырады. Жергілікті атқарушы органдар Энергетика министрлігі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған газ көлемдерін бөлуді бекітеді. Сұйытылған мұнай газын өндірушілер мен меншік иелері сұйытылған газдың жеткізу жоспарын орындауға және бөлінген көлемін таратуға міндетті. Жеткізу жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына газ толтыру стансалары мен пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, автогаз құю стансаларының иелері, сондай-ақ өнеркәсіптік тұтынушылар ие болады», деді С.Алдашев.
Үшіншіден, сұйытылған газды өндірушілер үшін сұйытылған газды тек өзінің құю эстакадалары арқылы көтерме сатуды жүзеге асыру міндеті белгіленбек. Депутаттың айтуынша, тиісті инфрақұрылымды дайындауды талап ететін бұл норма 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Сұйытылған газды сатып алу құқығы бар тұлғалар үшін де тиісті шектеулер белгіленеді. Осылайша, бір газ толтыру стансасын бір уақытта екі және одан да көп тұлғаның пайдалануына тыйым салынады. Бұдан басқа, газ толтыру стансалары мен пункттерінің иелері үшін сұйытылған газды сақтау, төгу және құю жөніндегі өндірістік нысандарын үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігі алынып тасталады.
«Төртінші, тұрмыстық баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оларға газ құю тек газ толтыру стансалары мен пункттерінде рұқсат етіледі. Бесінші, заң жобасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірқатар өзгерістер ұсынылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден кейін көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару нысандарының бірі ретінде пәтер иелері кооперативтерін қалдыру бөлігінде түзетулер көзделген. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектісінің желілеріне қосылуға техникалық шарттардың қолданылу мерзіміне шектеу қойылады және беру мерзімдері ұлғайтылады», деді С.Алдашев.
Мұндағы нормалар негізінен сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Бұдан басқа, аталған құжат үй-жайлардың иелері кооперативтерінің қызметін сақтап қалуға байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіру жөніндегі мәселелерді де қарастырады.
«Заң газ және газбен жабдықтау саласында туындаған қоғамдық қатынастарды қосымша реттеу үшін әзірленді. Құжаттағы ережелер сұйытылған газбен жабдықтау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Заң аясында кондоминиум объектісін басқарудың жекелеген мәселелерін реттеуге арналған нормалар да бар. Алдағы уақытта заң осы саладағы мәселелерді оң шешуге ықпал етеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Одан бөлек, Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Серік Өтешов еліміздегі ішкі көші-қон мәселелеріне және бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың олқы тұстарына назар аударды. Бекболат Орынбеков нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес мәселесіне тоқталды.
Ләззат Рысбекова елімізде өндірілетін газды қайта өңдеу, сол арқылы ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешудің маңызды екенін мәлімдеді. Геннадий Шиповских қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының басым бөлігі қазіргі таңда жекеменшікке өтіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Амангелді Нұғманов Ауған соғысына қатысқан отандастарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты сауал жолдады.
Сенатор Нурия Ниязова Қазақстан халқы Ассамблеясының этно-мәдени бірлестіктер гранттар алу конкурсына қатыса алмайтынын айтып, осы бағытта бірқатар ұсыныс жасады. Депутат Жанна Асанова Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған жеке қорғану құралдарына атыс сынақтарын жүргізу үшін аккредиттелген зертхананың жоқ екенін атап өтті. Ал Сергей Ершов елдегі өрт сөндіру бөлімшелерінің жартысына жуығы мемлекеттік емес екеніне наразылығын білдірді.